Үміткерге хат

Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған

0 145

Қадірменді Сауытбек інім!

Әдебиет әлемінде бағзыдан бар хаттасу үлгісімен өзіңізге бағыштаған осы ойларымды, міне, қағазға түсіре бастадым. Талай хаттасуларым болған. Әсіресе, өзіңізді жүрекпен сүйіп, ыстық қадірлеп өткен Әзағаңмен (классик жазушы Әзілхан Нұршайықов) 34 жыл хат алысып мархабаттанған маған сізбен сезім құбылысы Әбіш Кекілбаевқа арнаған кесек бітімді, ойтұмарлы, ойтолғақты, сана серпілісінің ғажайып санатына жататындай, қолға ұстасаң жұпары аңқитын, көзіңе тоссаң тебірентпей қоймайтын, келешектің ұлы мұрасына тамызық болатындай рух күші мелдектеген шығармаңыз – «Абыз Әбіш» кітабыңызға қатысты ойыммен бөлісу қандай ғанибет десеңізші, көңіл әуенінің пейі­шіне кіргендей рақаттана күй кешіп отырғанымды несіне жасырайын! Оның үстіне жақында ғана сіз бен біз талай жыл бірге жұмыс істеген «Егемен Қазақстанның» бетінен Сауытбек Абдрахмановтың «Абыз Әбіш» кітабы іріктеу сарабынан өтіп, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылды деген хабарламаны оқып тағы мейірлендім. Кәдуілгіден үлкен форматтағы 557 беттік кітапқа бас қоймас бұрын, жүрек дауаламай, нендей іске ден қойғалы отырғанымды іштей сезінгеніммен, түпкі мақсатқа жетудің қияметінен жүз шайлығып дегендей, жүрексінгенім рас еді.
Көз қорқақтығына, лә-йім, қол батырлығына қалам ұстамай тұрып, бәлендей сенбейтіндей үргедек сезімнің иесіміз ғой, осы жолы да әбден тартыншақтап, талмаураған сенімсіздігімді, Әбекең мен сіздің былайғысынан бұрын, таза адами аға-інілік, достық сыйластықтарыңыз­ды (ол кісінің сізге жазып берген жүрек елжіретерлік қолтаңбасын кітапқа орынды келтіріпсіз) ой безбеніне салғаннан-ақ күшейіп, жалым күдірейіп шыға келмесім бар ма!
Тақырыптарының өзінен көңіл тоғаятын тоғыз бөлім кітаптың бедерлі бітімін айғақтайтындай: «Ұлылық ұлағаты», «Мәдениет мәйегі», «Өнер өрісі», «Тіл тартысы», «Тәуелсіздік толғауы», «Тарих тағылымы», «Әдебиет әлемі», «Өлке өрнегі» және «Төрт толғау». Әрқайсысын індете әңгімелесек, әріге ілігеміз. Қысқа қайырсақ, тоят таппаймыз. Мән-мәнісін, маржанын, маздақ ойын, тосын табысын, жақұттай жаңалығын, ойлантар түйіндерін шолулағанның өзінде бұл ерен еңбектің шама-шарқы аңғарылар дейміз. Батпан жүгіне бел қайысар, амалсыздан еленбеген дәнімен болашақтың оқырманы табысар. Сол медет. Өйткені бұл алғашқы әбіштану әліппесі – ұлтымыздың ұранындай ұйысып, мәңгілік тірегіміз – сөз бен тіліміздің әрін келтіретін, халық өркениетінің өрісін өрелететін, ертеңнің нұрлы жолына малындыратын рухани шамшырақ іспетті десек, қателеспеспіз.
Сіз дәлдеп таңбалағандай, Әбекеңнің төрт өрім қасиеті – дарын қуаты, ұшан-теңіз білімі, тынымсыз ізденісі, алапат жұмыс қабілеті Кекілбаев феноменіне жалпақ жұртты бас идіріп, таңырқатты. Осы жаратылыс сыйлаған төрттаған талант тартуы бірегей бітім берекесін белгілеп, бедерледі. Негізгі ойларыңыз бен ғылыми талдауларыңыз да оның осы туа­бітті ерекше мүмкіндіктерінің алмастай қырларын қашау сияқты зергерлік зейініңізбен зият­керлік ілім-білім бағын жарқырата ашқандай. Ғалымға жадағай тамсану, бұрынғыны бастыр­малату, соқпақты көзсіз соқталау, белгіліні жетеге сіңіруге талайсыз талпыну, үстірт пайым­ды бұлдау, әрине, жат. Осы тұрғыдан келгенде, сіз әрбір ойыңызды Әбекең айсбергінің көзбайлам көмбесіндегі беймәлім, тылсым, жұмбақ, күңгірт тұстарын тұсап ұстап, танымдық дәйекпен дабырасыз-ақ жария етесіз. Осындай ой қорғасыны ғылымға оңай олжа болмасы анық. Әсіресе, классик жазушының шығармаларындағы кеңестік тыныс буылған тұстағы тұншыққан тағдырлы кейіпкерлердің аңсар-аңсауынан сезілетін ой иірімдерінің бүгінгі тәуел­сіздік тамырына жерасты түтікше-капиллярларымен сыздықтай таралуынан мәуелі бәйтерек жапырағы құйылғанын бейнелеп болса да, астарлы қуаттың, талант сиректігінің деңгейі­не баладыңыз. Оның шығармаларындағы мистикалық сарынның бүгінгінің, ертеңгінің пайдасына шығар, діттеп көрсек – зауал біткенді зобалаңдырмай ұясында өшірер күш-сенім, нанымға негізделгенін дөп басып тануыңыз, әрине, әдебиеттанушының ысылған қарым-қабілетінің қайнарлы екенін мақұлдатса керек. Сізге деген разылық та осы төңіректен төбе көрсеткені қандай иланымды.
Былайша қарапайым ғана мысал секілді. Соған жүгініп көрелікші. Көптеген жазушыларға сауал салып, әркімнің өзінше 100 томдық әлем әдебиетінің тізімін жасап шығуын сұрапсыздар. Кейіннен сараптағанда, әлгі 100 томға Әбекең атаған туындылардың тоқсаннан астамы кірген екен. Яғни, бұл ғұлама әлем әдебие­тін жаңғақтай шағады деген лепес қой. Бәрінің жіпке тізіп, тамырын басқан, оқыған-тоқыған. Балауса шақтың мықты жадына байлап-матап тастаған. Енді оны ешкім өшіре алмастай. Зерттеулеріңіз зәредей зіл-батпансыз, ойға жеңіл үйіріліп түсуі, сіздің де зияткерлік зейініңіздің зілмауырлығын әрі зифалығын, шын мәнісіндегі то­лайым салмақтылығын аңғартады.
Әбіш сөзден кенде суреткер емес, дегенмен оның абыздық бейнесін сомдауда сіздің сөз сәулелісін шым-шымдап шашыратуыңыз тәнтілігімізді күшейтеді. «Руханият әлеміміздегі сондай сардар да, сондай ділмар да, сондай елдар да – Әбіш Кекілбаевтың өзі» депсіз. Сылдырмақтай сылдырлаған сазды әрі бел қайысардай салмақты сөз. Әсіресе, «елдар» дегеніңіз тіліңізге тегін оратылды дейсіз бе? Дарын туралы толғанғанда дара сөздер құйы­лып, көмекейде түмен сөздің бүлкілі оянатыны әлімсақтан белгілі, қайталана бермейтін қайырлы мезет. Сол құбылыс сізге де тән екен.
Зерттеу нысаны Әбіш болғанымен оның әдебиет әлеміндегі кең өрісінен өрмек тоқыған замандастарының өзіндік үлестерінен үзік ала отырып, негізі Темірқазықтың айналасына шоғырланған шоқ жұлдыздардың шамын самаладай етіп, сөйтіп мың сүйріктен бір сүйрігін суырып шығару, сізге оңайға соқпағанын сеземіз. Сезгендіктен де сенім мен сезім, түйсік пен түңіліс, арбасу мен арпалыс, бар мен жоқтың тайталасы тектес білім жұлқынысының ұмар-жұмарлығынан өзіңіз кеуде бастырмай, жеңіспен тұрып кетеріңізге әбден көндігіп қалыппыз. Себебі біреу, ғылымға деген ықтияттылық, таза берілу, ғұмырды сарп етуге бекіну, ғалымның ғалам төріндегі өз орнына жайғасқандық асыл белгілері сіздің ой шалымыңыздан, бой бекінісіңізден үнемі бекемделіп үйіріліп тұратыны мархабатқа бөлейді. Хакім Абайдың: «Алтыншы – ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыты болады. Сол мінез бұзылмасын! Көрсеқызарлықпен, жеңілдікпен, я біреудің орынсыз сөзіне, я бір кез келген қызыққа шайқалып қала берсең, мінездің беріктігі бұзылады. Онан соң оқып үйреніп те пайда жоқ» деп айтқанындай, Сауытбек, осы ғақлия құдды өзіңізге кесіп-пішіліп қойғандай, жүректі дір еткізгенін қарашы. Мінез-сауытыңыздың болаттай беріктігіне һәм сұлу-сыпайы­лығына сүйсінеміз. Әрбір ұлы сөз әркімнің жан-дүниесін дәлдікпен ақтара білуімен қастерлі секілді. Осы ойдың аңғарындағы сөзімізді суытпай тұрып, сіздің әлемдік фольклордың ғажайып құбылысы, бүкіл адамзаттық асылдардың бірі – қырғыздың ұлы эпосы «Манас» дастанының мың жылдан астам ғұмырындағы Ә.Кекілбаевтың манастануға қосқан өлшеусіз үлесін ой-жүйе­ңіздің елегімен елеп, өміршең түйіндер жасауыңыз­ды ғылым айналымындағы ірі жеңіс деп бағалаймыз. Мысалы, «Эпостан таралатын, таралуға тиісті тағылымды жеріне жеткізе айта алуы, бағзы жырдан бүгінгі күн үшін де көкейкесті сарындарды сөйлетуі – Кекілбаев кемеңгерлігінің басты құндылығы», деп бағалапсыз. Және де орайлы тұсында өз ойыңыздың өткірлігін одан әрмен қайрай түсейінші деген ниетпен Ш.Айтматов­тың: «…мына Әбіш неткен ғажап еді. Манас, Манас дегенмен, біз тек бергі бетін ғана қалқып жүр екенбіз. Манасты құтқарып қалған Әуезов еді, оны қайтадан танытқан Кекілбаев болды» деген сүйсінісімен пікіріңізді сүйемелдей қоюыңыз сәтімен сәулеленіпті-ау!
Мәдениеттің негізгі тірегі тіл екендігін әбіштанудың бай мұрасымен өңгере меңгерген сіздің әлеуметтік құбылыс­тар ретінде тіл мен мәдениет адамдар арасындағы қарым-қатынастың арқасында ғана пайда болатынын шегендей отырып, сол қарым-қатынастың барысында мәдени мән-мағына шығады, ол ұрпақтан ұрпаққа беріледі, қайта пайымдалады, түзетіледі, өзгертіледі, әйтеуір, өмірдің басты құндылығы күйінде қала берітініне көңіл тоғайтуыңызды, орынды түйінге балаймыз. Тағы да Кекілбаевша кескіндегенде, халықтардың мәдени ерекшелігін белгілейтін ең қуатты тарихи, психология­лық, тілдік – үш фактордың ішіндегі ең айқын көзге түсетіні де – тіл екендігін ен-таңбалап, тіпті отаршылық қай заманда да ең алдымен, сол үшеуін, әсіресе, тілді ерекше тұқыртып нысанаға алғанына қатысты сараптамалар жасайсыз. Әбішше тіл күресі Тәуелсіздіктің басты қаруына баланса, сіз бұл шайқасты Тәуелсіздіктің мәңгілік баяндылығының тағдыршешті қанжарындай сұстыландыра әрі сұрапылдандыра түсесіз. Ақыл-естің нәзік тербелісіне салып алмастай етіп қайрайсыз. Сардардың садағындағы жебедей қапысыз тартылатын етіп ұшын намыспен үшкірлеп тастайсыз. Ал қане, қажетінше керіле тартып, құлашты қарпып, бармақ басын босатып жіберсек ше… О, пәлі, кетті зымырап ноқаттың көзін жоймаққа…
Осы тұста, саябырсымайтын тіл тартысының тағдырына қатысты сіздің ой-толғамдарыңызды тамыр­ландыра түсерлік бір мысал тіл ұшына орала кеткені. Егер ешбір тауар шетелден әкелінбесе, Үндістанның әлдеқашан гүлденген мемлекет боларына нық сенімді М.Ганди: «Өзгелер бізді бастамасы жоқ деп жазғырады. Біздің асыл өміріміз шет тілін үйренумен өтіп жатқан болса, бастама туралы сөзді қозғаудың өзі қажетсіз деп ойлаймын» деп омырыла күрсінеді де былайша оптимистік түйін жасайды: «Мен ешбір жүрексінбестен, білім ұлттық тілде берілсе – білімнің барлық саласында да, халқымыз көп пайда табатын еді дегім келеді». Сауытбек, сіздің де тіл туралы ой құйы­лысыңыз әбіштік әдіппен әрлене түсіп, Үндістанның ұлы көсемі Гандидің арманымен құйысқан қағыстырып тұрғанына мейірімім ұйыды. Бұл мысалдарды сол себепті де мақсатты түрде келтіріп отырмын. Ашығын айтсақ, Ә.Кекілбаев тілдің халық тарихындағы, ел санасындағы айырықша орнын, мемлекеттілікті орнықтырудағы рөлін айшықты ашып беруімен де мәдениеттануға өлшеусіз үлес қосып кеткен ғұлама. Сіз осы тылсым тұстан жүрегіңіздің шырақ жарығымен шындық іздейтіндейсіз. Және бір құптарлығы, мерей өсірерлігі – тауып та жүрсіз.
Ә.Кекілбаевтың «Тәуелсіздік толғауы» кең тынысты толғаунама шыңында тұр. Сіз ондағы тәуелді болудың, тәуелсіз болудың түпкі себебі экономикалық дербестікке тікелей қатысты екенінен жүлгеленетін ойларды өз пайы­мыңызбен одан әрі орнықты талдап, тереңдете түсіпсіз. Жалпы алғанда, сіздің әдебиеттану, мәдениет­тану тұрғысындағы ізденістеріңізді зерделегенімізде, ертелеу кездегі Мәдениет министрі болған қайталанбас тұлға Ілияс Омаровтың ой алғырлығы, ел мүддесі жолындағы жанкештілігі, әдеби сынның асқан білгірі ретіндегі өнегесімен ауызданып, қанаттанғаныңыз, тіпті осы сарындас ұқсастықтың өзіңіз Ақпарат министрі лауазымындағы ұлтжандылықпен шешкен іс-шара байыбыңыздан, шешендік қабілетіңізден айқын аңғарылып тұрғанын тағы бір жаңғыртып айтсақ, сөкеттігі болмас.
Сөз ұзаса, созалаңдана түседі. Сапасы сызаттанады. Сөздің қысқа қайырылғаны жақсы. Бұл талапты сіздің кәсіби, ғалымдық қалыбыңыздан да үнемі аңғарамыз. Абыз Әбішті ардақ күйінде алғы ғасырларға барлық асай-мүсейін әспеттеп асырдыңыз. Бұл – ерлікпен мүсінделген еңбек! Қалам бойтұмарындай болған бұл ұстыныңыз әдебиет әлеміндегі әбіштану тағылымының шоқтықты бір шыңындай шырқауға шабыттандырып, сізді де ғылым мен әдебиеттегі қолтаңбаңызбен марқайтып, мархабаттандыра берері сөзсіз.
Өнер жарысында өрен жүйрік шығуыңызды тілеймін!

Құрметпен,
Қайсар ӘЛІМ,
Халықаралық
«Алаш» әдеби
сыйлығының лауреаты

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × 5 =