©2020 Астана Ақшамы
ҮМІТ ЖІБІ ҮЗІЛМЕЙДІ
«Видергебурт» астаналық немістер қоғамы этникалық тұтастықты, мәдениет пен салт-дәстүрлерді сақтау бағытындағы нәтижелі жұмыстарымен мәлім.
Орталықта «Брайтенарбайт» бағдарламасы бойынша неміс тілінің тегін курстары жұмыс істейді. «Шпетте блюмен» ән-би ансамблі, өнерпаз балалардың «Августин» тобымен бірге «Диамант» жастар клубының театры жұмыс істейді. Сонымен қатар, лингвистикалық балалар және жастар лагері бар.
Жақында «Диамант» жастар театры «Үміт оты жанғанда» атты спектакль қойды. Неміс халқының Волга өңірінен жер аударылған кезеңнің баянын көрермендер жылы қабылдады.
Халықтың алаңсыз өмірі бір-ақ сәтте астан-кестеңі шығып, ел басына ауыр бұлт торлаған шақ. Аяқ астынан кешегі достың жауға айналып, дүние шыр айналғандағы адамдар қатынасының түпсіз иірімдері. Сынақты сәттерде тірек бола білген ұлы сезімдер мен үзілген үміттері…
Жастық көңілдері тасыған жас жігіттер мен бойжеткендер кешегі өткен аталары мен әжелерінің тағдырын сахналап, солардың өміріне үңілгендей әсер қалдырды.
Олардың тағдырын өзгерткен КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының жарлығы болатын. 1941 жылы мың жарым миллиондай неміс Волга аумағынан Сібір, Орта Азия аймағына күштеп көшірілген еді. Спектакльді қоюшы-режиссер И.Лисковтың мақсаты – сол жылдардың бір мезетін көрсету екен. «Жастардың құлшынысы, өткенді білуге деген ынтызарлығы тарихтың үзіктерін қалыпына келтіруге көмектесті» деді режиссер.
Оның ойын «Видергебурт» немістер қоғамының жетекшісі Игорь Берг жалғастырды. «Жастардың шығармашылық бастауларын ашып, оларға тура жол көрсетіп, бойларына ізгілік дәнін егіп, еліміздің нағыз патриоттарын тәрбиелеуде кешегі күндерді зерделеудің еш артықтығы жоқ. Өткенді біліп, оны сахналаудың орны ерекше. Себебі, сол кездегі уақыттың салмағын сезіну арқылы бүгінгі бейбіт өмір, қоғамдық келісім мен бірліктің маңыздылығын жақсы сезеді. Және қоғам тұрақтылығын қадірлей алатын ұрпақты тәрбиелейміз» деді Игорь Вернерович.