Үміт үйі

0 12

Елімізде коронавирус пандемиясына байланысты карантин шаралары енгеннен кейін, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың саны артқан. Мамандардың мәліметінше, мекемелер мен кәсіп­орындар жұмысының тоқтауы, мектептер мен балабақшалардың жабылып, карантин енгізілуі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың көбеюі мен отбасылық жанжалдың туындауына себеп болып отыр. Бұл ретте қаладағы осы проблеманы зерттеп, зардап шегушілерге әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетіп жүрген «Үміт» дағдарыс орталығымен байланыстық.

Жолдама бойынша қабылданады

«Үміт» дағдарыс орталығы 2013 жылдан бері тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдер мен балаларды жатын орынмен қамтамасыз етіп, психологиялық қолдау көрсетіп келеді. Орталыққа 18-ден 58 жасқа дейінгі аналар кәмелетке толмаған балаларымен, өз еркімен немесе білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және ішкі істер органдарының жолдамасымен қабылданады.
Аталмыш орталық жетекшісі Галихан Куканбековтің сөзінше, елдегі карантин режимі вирустың таралуын тежегенмен, әйелдер мен балаларға жасалған зорлық-зомбылықты ушықтырып отыр. Негізі, отбасылық дау-дамайдың туындауына тұрмыстық қиыншылық, қызғаныш, түсініспеушілік және қаржы тапшылығы да себеп болатын көрінеді. Орталық басшысы бүгінде тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша сенім телефонына түскен қоңыраулар саны былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 32 пайызға өскенін айтты.
«Біз карантин кезінде індеттің таралуына жол бермеу үшін жартылай қашықтан қызмет етіп жатырмыз. Дегенмен орталық зорлық көрген әйелдерді қабылдауын тоқтатқан жоқ. Барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, көмекке мұқтаж жандарды қабылдап жатырмыз. Дәрігерлермен тығыз байланыстамыз. Тұрмыс­тық зорлық-зомбылық құрбандары, психология­лық қысым көрген және қаржылай қиындыққа тап болған қыз-келіншектерге қолдау көрсетеміз. Арнайы мамандармен екі жақты жұмыс істейміз. Жәбірленушінің күйеуімен де байланыс орнатамыз. Татуласып жатқанның өзінде бір жыл біздің бақылауымызда болады. Біз жәбірленуші тарапындамыз, дегенмен ажырастырудан аулақпыз. Керісінше, шаңырағы шайқалған отбасы мүшелерін басын біріктірсек, біздің мақсатымыздың орындалғаны» дейді мекеме басшысы.
Айта кету керек, жыл басынан бері орталық 115 адамға қызмет көрсетіп, 297 түсіндіру шараларын өткізген. Қызмет алушылардың 96,5 пайызы – (86-дан 83 адам) физикалық зорлық-зомбылық, 94,2 пайызы – (86-дан 81 адам) экономикалық зорлық-зомбылық, 99 пайызы – (86-дан 85 адам) психологиялық зорлық-зомбылық, 22,1 па­йызы (86-дан 19 адам) жыныстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған.
Дағдарыс орталығы 50 төсек-орынға есептелген. Ғимарат алты қабаттан тұрады, жалпы ауданы – 1809,2 шаршы метр. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында толықтай бейнебақылау жүйесі орнатылған. Орталықта ойын бөлмесі, оқу бөлмесі, кір жуатын бөлме, бассейні бар сауықтыру кешені, еңбек терапиясы бөлмесі мен озық үлгідегі ойын құралдарымен жабдықталған балалар ойын алаңы және жаттығу залы бар.Шырағың сөнбесін

Орталықтағы әр жанның жүрек қынжылтар өз оқиғасы бар. Екі баланың анасы Айнұр өз оқиғасымен бөлісті. Ол күйеуінен жәбір көріп, өмірден күдер үзгенде осы мекемеден пана көрген.
«Жұбайымнан жәбір көрдім. Ол құрылысшы болып жұмыс істейтін. Карантинде жұмыссыз қалып, ішімдікке салынып кетті. Бұрыннан ішіп алса, жоқ жерден ұрыс шығарып маған жұдырық ала жүгіретіні бар еді. Бірақ онысына балаларым үшін шыдап бағатынмын әрі табыс тауып отыр ғой деп көніп келдім. Барар жерім болмаған соң, соққыға мойынсұндым. Менен асқан кешірімді адам жоқ шығар. Қаншама рет кешірдім. Бірақ карантинде күнде үйде болған соң, үйде жатып ішуді шығарды. Бірде ішімдікке тойып алып, маған пышақ ала жүгіргені бар. Балаларын да себепсіз ұрды. Бұл туралы ешкімге айта алмадым. Әке-шешем – жасы үлкен адамдар, уайымға салғым келмейді. Өмірден түңіліп, өз-өзіме қол жұмсауға де­йін бардым. Сондай үмітім үзілген кезде «Үміт» орталығынан қолдау таптым. Балаларын да жақсы көрмейтін, қатыгез адаммен өмір сүргенше, жалғыз тұрған әлдеқайда артық. Ал орталықтың барын білгенде өмірге қайта келгендей болдым. Өзім сияқты жәбір көрген аналарға айтарым, шырақтарың сөнбесін. Ешқашан үміт үзбеңдер, балаларың үшін өмір сүруге міндеттісіңдер. Маған жаңа өмір сыйлаған «Үміт» үйіне алғысым шексіз» деп риясыз көңілін білдірді.
«Үмітке» жалғыз күйеуі­нің тарапынан емес, туған ата-анасынан, баласынан, ағасынан, туысқанынан зәбір көрген адамдар да келіп орналасатын көрінеді. Мәселен, «Үміт» үйіне келгеніне бес күн болған екінші топтағы мүгедек, 50 жастағы апа бар. Ол өзінің асыраушы ағасы мен әпкесінен жәбір көрген.
«Тұрмыстық-әлеуметтік көмек бойынша келген кісіге жеке бөлме береміз. Сол бөлмеде ол алты ай тұрады. Ол адамның жарты жылдағы тамағын, киімін, жүріс-тұрысының барлығын мемлекет қамтамасыз етеді. Егер сол уақыт аралығында ол кісі ажырасамын деп жатса, орталықтағы заңгерлердің көмегіне жүгіне алады. Ал егер алты айда отбасылық мәселесі шешілмесе, орналасу уақытын созып береміз. Әлеуметтік-педагогикалық қызметкерлеріміз балаларына қарайласады» деп тарқатты орталық директоры.

Қандай көмек беріледі?

Орталық 8 негізгі бағыт бойынша арнайы әлеуметтік көмек көрсетеді.
Әлеуметтік-тұрмыстық: Қызмет алушылар барлық керек-жарақтармен қамтылады. Тұратын бөлмесі толықтай жиһаздармен жабдықталған, әр бөлмеде жеке жуыну бөлмесі бар.
Әлеуметтік-құқықтық: Қызмет алушылырға жо­ғалт­қан құжаттарын қалпына келтіруге, жұмысқа орналасуға, балаларының мектепке дейінгі және орта білім беретін мекемелерге орналасуына көмектеседі.
Әлеуметтік-медициналық: Дағдарыс орталығының медицина қызметкерлері дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсетеді, денсаулығы, санитарлық талаптарды сақтау мен өмір сүру жағдайына күн сайын тексеріс жүргізеді, салауатты өмір салтын сақтауға бағытталған дәріс­тер оқылады.
Әлеуметтік-психоло­гия­лық: Орталыққа түскен әйелдермен және балалармен психолог жұмыс жасайды.
Әлеуметтік-мәдени: Апта сайын қызмет алу­шылар мен балаларға арналған мәдени-демалыс іс-шаралар ұйымдастырылады.
Әлеуметтік-еңбек: Өз алдына табыс табуға ынталы қыз-келіншектер жұмыссыз қалмайды. Орталық мамандары шаштараз, аспаздық өнерден бөлек, тігіншілік пен компьютерлік сауат ашу курстарына да жолдама беруге әзір. Кейін мамандығына сәйкес тұрақты қызмет табуына қол ұшын созады.
Әлеуметтік-педагогикалық: Отбасылық құн­дылықтарды дамытуға бағытталған, қызмет алу­шылардың мінез-құлық дағдыларын өзгерту бойынша сабақтар ұйымдастырылады.
Әлеуметтік-экономикалық: Қызмет алушыларға азаматтық, отбасылық, мүліктік және заттық құқықтарға, құжаттарды қалпына келтіруге, жеңілдіктер, жәрдемақылар, өтем­ақы және басқа да төлемдерді алу мен тұрғын үй мәселесін толықтай шешіп береді.
Орталықтың байланыс деректері: 49-78-89, e-mail: centr_07_2013@mail.ru.

Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × 4 =