«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Үміт пен сенім

0 171

Бірер күн бұрын Астана қаласы Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Ермек Оспанов әкімдікте көпбалалы аналармен кездесу өткізіп, олардың талап-арыздарын тыңдады.

Бұған қоса, жиын барысында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет жанынан құрылған азаматтардың өмір сүру сапасын арттырумен, сондай-ақ көпбалалы отбасыларды қолдау шараларын пысықтаумен айналысатын арнайы жұмыс тобының отырысы тікелей эфирде көрсетілді.
– Премьер-министрдің орынбасары Ерболат Досаевтың жетекшілігімен өткен жұмыс тобының отырысын тікелей эфирде көріп шықтым. Жауапты органдарға тиісті тапсырмалар берілді. Нәтижесі бүгін-ертең бола салады демеймін. Бірақ көп ұзамай бәрі шешіледі деген үміттемін. Ал отырыс барысында аз қамтылған отбасы екенін растайтын құжаттарды қазіргідей үш ай сайын жинамай, жылына бір рет жинау туралы ұсыныс айтылды. Бұл бізге ыңғайлы болар еді. Осы ұсыныс қолдау табады деген ойдамын, – деп бастады сөзін төрт баланың анасы Әсемгүл Ахметова.
Ол сөз арасында еліміздегі біраз ана ел билігінің көпбалалы отбасыларға жасалып отырған жағдайдан бейхабар екенін жеткізді.
– Мәселен, мен қандай да бір жеңілдік туралы естісем, қалалық әкімдіктің көмегіне жүгінемін. Ал қала басшылығы өтінішімді аяқас­ты еткен емес. Төрт баламның екеуі – мүгедек. Бірақ әлеуметтік көмек арқылы олардың жағдайы қазір жақсарып қалды. Сондықтан көпбалалы аналарға үйде отыра бермей, ілгері ұмтылып, көбірек ақпарат алуға, сондай-ақ қандай да бір көмек көрсетіліп жатса, шет қалмауға шақырамын. Енді бір айтарым, біраз ананың мектептен берілетін әлеуметтік көмекті алуға ұялатынын көрдім. Ол да дұрыс емес, – деді ол.
Бұған қоса, мектептегі әлеуметтік педагог кабинетінде қосымша көрсетілетін көмек туралы мәліметтерді білуге болатынын айтты. Сондай-ақ, ол әлеуметтік қызметкер кабинеті барын айтып, онда психологиялық көмек көрсетілетінін жеткізді.
– Қоғамдық көлікте тегін жүруден бөлек, қаржылай көмек көрсетіледі. Сол сияқты тұңғышымның денсаулығы жақсы, ал мектебі оны күзде де, қыста да бастан-аяқ киіндіріп, тегін тамағын береді. Үйімізге азық-түлік, шаруашылыққа қажет заттарды (сабын, тіс пастасы, т.б.), одан бөлек жылына үш мәрте дәптер-кітабын жеткізеді. Мереке күндері өтетін кештерге тегін билет те береді. Ал екі кішкентайымның жекеменшік балабақшаға баруы үшін жәрдемақы бөліп берді. Мұның бәрі үшін ақша төлеген емеспіз. Әкімдік маған барынша қолдау көрсетіп отырғанын ерекше айтқым келеді. Мұндай көмек болмаса, мүгедек балаларымды аяғынан тұрғызуым екіталай болар еді, – дейді Әсемгүл Ахметова.
Мұндай көмек алу үшін жинайтын құжаттар айтарлықтай көп емес. Негізінен, өзі туралы және табысын растайтын құжат – ең басты талап.
Күнсұлу Искакова сөз арасында 12 ақпан күні қала әкімінің орынбасарларымен кездесу өткенін мәлім етті. «Ал бүгін Үкіметте Ерболат Досаевтың басшылығымен, бірнеше министрліктің қатысуымен өткен отырысты көріп шықтық. Көпбалалы аналар көтерген мәселелер талқыланып жатыр. Бұл проблемалар шала орындалмас үшін аздап уақыт қажет. Сондықтан сабыр сақтағанымыз жөн» деді ол.
Сонымен қатар ол жұрт арасында тараған құрылтай туралы дүрбелеңнің соңы жақсылыққа апармайтынын айта келе, билік пен халық арасында ашық байланыстың барын, аудан әкімдері өткізетін «Ашық есік» апталығы күндері түйткілді мәселелерін жеткізуді тілге тиек етті. Сонымен қатар, ол көпбалалы аналардың жайын теріс бағытта көтеріп жүрген алаяқтардың пайда болғанын, солардың арбауына түсіп қалмауды ерекше атап өтті.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды