Ұлытаулар ұлағаты

0 117

Ұлытау – барша көшпелілердің жүрегі, алтын ұясы.«Ұлытау» ұғымының ұлылығы мен ұлағатында телегей сыр, теңдесі жоқ терең мағына бар.«Ұлытау» атауын бағзы кісілер бұл таудың тым көне болғандығы үшін берген болуы мүмкін деген халық арасында әфсана бар.Ұлытау – атауы айтып тұрғандай, «Ұлы Даланың Ұлы тауы». Көне дәуірден бері келе жатқан түркілердің мекені. Кезінде тарихтың атасы Геродот Ұлытау тауларын сақ таулары деп атаған.
«Тарихи аңыздарға сенсек, Нұқ Пайғамбардың кезінде дүниені су қаптайды. Бірнеше күн өткенде мұхит қайта бастайды. Сол кезде әлемде 3 жер көрініпті. Соның бірі Ұлытаудың төбесі екен. Бұл аңызды Қаныш Сәтпаев жазып алып, еңбектерінде қолданған.
Былтыр Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлытау 2019» халықаралық туристік форумында сөйлеген сөзінде қазақ халқы үшін Ұлытаудың тарихи мәні мен киелілігін, сондай-ақ бұл қасиетті мекеннің этнографиялық, зияраттық және экологиялық туризмді дамыту үшін зор әлеуеті бар екенін атап өткен.
«Тарихы терең Ұлытаудың қадір-қасиетін бағалай білу – баршамызға ортақ парыз. Еліміздің осындай баға жетпес бай мұрасын өзге жұртқа танытудың жаңаша жолдарын ойластыруымыз керек. Мысалы, Моңғолия Шыңғыс хан тұлғасын халықаралық туризмді дамыту үшін өте тиімді пайдаланып отыр. Ал Шыңғыс ханның үлкен ұлы – Жошының мазары қазақ жерінде тұрғанын бүгінде еліміздегі және шетелдегі жұртшылықтың көбі біле бермейді. Оның тарихи тұлғасына әлемнің назарын аударып, кесенесін мәдени турнысанына айналдыру – өте маңызды міндет. Ұлытау – халық­аралық деңгейдегі этнографиялық туризмнің орталығы болуы тиіс» деген Мемлекет басшысы.
Ұлытаудың түркі әлемінде алар орны ерекше дейміз, бірақ біз Ұлытаудың ұлылығын толыққанды танытып жүрміз бе? Бүкіл түркі жұрты арасында өз деңгейінде насихаттай алып жүрміз бе?
Кез келген елге барған адам ең алдымен тарихын, мәдениетін, салт-санасын білгісі келеді. Ал егер ол елдің тарихында ұлы тарихи оқиғалар, тарихи, археологиялық ескерткіштер болса, турис­тердің сол жерлерді көруге деген қызығушылық екі есе артады.
Осы орайда, талай ұлы тарихи оқиғаларға куә, тарихи-мәдени маңызы зор, шоқтығы биігі, Жошы хан және Алаша хан, Аяққамыр, Домбауыл, Болған ана, Құлан ана, Жансейіт, «Хан Ордасы» кесенелері, Қойлыбай әулие, Едіге, Тоқтамыс қорымдары, Байқоңыр, Зыңғыртау түбі бір түркі жұртының таңбасын басып, енші алысқан «Таңбалы тас» кешені қола дәуірінің металлургиялық орталықтары, түркілік тас мүсіндер, сақ қорғандары мен оғыз-қыпшақ қалалары, шипалы су көзі – Ембұлақ құдығы бар, «Ұлт ұясы» атанған Ұлытау ұлы бабаларымызға тағзым ететін орталық ғана емес, ішкі және халықаралық туризмнің орталығына айналуы керек.
Ішкі ғана емес, халықаралық туризмнің орталығы болуға Ұлытаудың мүмкіндігі жетеді.
«Ұлытау» тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейі осы мақсаттағы жұмысының бір бағыты ретінде «Ұлытау таулары – Ұлы таулар» жобасын жасап, іске асыруда.
Жобаның мақсаты – дүние жүзіндегі барлық «Ұлытау» деп аталатын таулардың шыңына шығу, сол жерлерді мекендеген этностарға ортақ ерекшелікті, ұқсастық пен дүниетанымын анықтау, зерттеп, зерделеу. Тек Қазақ халқының тарихи мекені ғана емес, түбі бір түркілердің, сондай-ақ көшпелі жұрттың да киелі ордасы, құтты мекен болған Ұлытаудың ұлылығын дәріптеу, рухани құндылықтарды насихаттау.
Бұл жоба музей жүргізіп жатқан, Моңғолиядан Мажарстанға дейінгі алып аймақтағы Түркі әлемі мен Еуразиялық дала өркениетінің тарихын, салт-санасын зерделеп, қазіргі тұрмыс-тіршілігін көрсететін фотоальбом шығаруды қолға алған, «Әлем таулары» жобасы мен «Ұлы Еуразия даласы» жобасының жалғасы іспеттес.
«Ұлытау таулары – Ұлы таулар» зерттеушілік, фотожобасы аясындағы экспедицияның мақсаты – «Ұлытау» атауын иеленген, Қазақстандағы Ұлытау, Түркиядағы Улы-Даг пен Ресейдегі ­Уллу-­­­­та­у(Кабардино-Балкарии) және Алтайдағы Улуг-Даг (Тыва Рес­публикасы) пен Улутаг (Хакасия Республикасы) киелі тауларының тарихи маңызын, ортақ ерекшеліктерін, ұқсастықтарын анықтау, зерттеу және түркі әлемінің дүние­танымындағы рухани сабақтас­тықты айқындау.
2020 жылғы 17-25 ақпанда «Ұлытау таулары – Ұлы таулар» жобасы аясында «Ұлытау» тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейі мен «Nomad Explorer» бірлестігінің экспедициясы Түркия мемлекетіне арнайы барды. Онда Бурса қаласының Улы-Даг университетінде жергілікті ғалымдармен кездесті. Экспедиция мүшесі, музейдің фотографы Дмитрий Ругис университет басшылығымен жоба бойынша ынтымақтастық туралы сәтті келіссөздер жүргізіп, «TUDAM» Түркі мәдениетін дамыту орталығы басшысы Ердем Оздемирмен жүздесті.
«TUDAM» орталығының қабылдау залында Дмитрий Ругис пен музейдің серіктесі, Ұлытаудың тумасы Руслан Ыбырай орталық қызметкерлері мен Улы-Даг университетінің студенттеріне музейдің жобасының мақсаты мен Қазақстанның тарихы мен мәдениетіндегі Ұлытаудың рөлі жайлы айтты. Дмитрий Ругис Түркиялық әріптестерді Ұлытаудағы «Көмайса» этнофестивалі мен «Жезкиік» музыкалық фестиваліне шақырды.
Профессор Халит Екен құттықтау сөз сөйледі. Кездесу Дмитрий Ругистің «Ұлытау» фотокөрмесімен аяқталды.
Ежелгі аңыздарда «Улы-Даг» шағын Олимп, Мизия Олимпі деп аталған. Бұл таудан ежелгі Құдайлар Троян соғысының барысын бақылаған. Орта ғасырларда бұл жерге монахтар қоныстанып, тау «Кешиш-даг» (Монах тауы) деген атауға ие болған.
Ортағасырларда Қазақстанды мекен етіп, кейіннен, осы жерге ығысуға мәжбүр болған, түркі тілдес оғыз тайпалары бұл тауды оғыз диалектісінде «Улы-Даг» деп атап, туған топырағына деген құрметін көрсетуі әбден мүмкін.
Экспедиция мүшесі Дмитрий Ругус оғыздар мекендеген көне қоныс­та болып, фототүсірілім жасады.
«Ұлытау» тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейінің «Ұлытау таулары – Ұлы таулар» экспедиция­сының ендігі бағыты – Солтүстік Кавказдағы (РФ) Уллу-тау болмақ.

Бақтияр ҚОЖАХМЕТОВ,
«Ұлытау» ұлттық
қорық-музей директоры

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × 4 =