«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ұлытаудың ұлы еді…

0 298

Иә, дүниеден тағы бір жақсы адам өтті. Ол – белгілі журналист, ақжарқын азамат Айтқадыр Тілеуов.

Айтқадыр Шәмшіұлы – ұлт ұясы атанған Ұлытаудың перзенті. Жасынан қарт әке-шешенің қазақы тәрбиесін бойына сіңіріп өскен бала алғыр жігіт болып ержетеді. Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түсті. Оны ойдағыдай тәмамдағаннан кейін туған жеріне оралып, Жезқазған радиосында, облыстық телеарнада қызмет істеді. Қатардағы тілшіден редакторлық деңгейге көтерілді. Өңірдің өзекті мәселелерін қозғап, жұртқа аты танылды. Елдің бас ордасы Алматыдан Арқаға қоныс аударғанда, Айтқадыр да Жезқазғаннан Ақмолаға табан тіреді. Бүгінгі «Астана ақшамы» газетіне жұмысқа орналасты. Басылымның экономика бөлімінің меңгерушісі болды. Жаңа шаңырақ тіктеп жатқан бас қаланың тыныс-тіршілігін қара сөзбен өрді. Алты жыл бойы осы газетте табан аудармай еңбек етіп, қаламы жүйрік журналиске айналды. Кейінгі жылдары сырқаттанып жүрсе де Үкіметтің баспасөз қызметінде, республикалық «Сақшы» газетінде абыройлы қызмет атқарды.

Айтқадырдың болмысы да бекзат еді. Нағыз қазақтың сырбаз азаматы болатын. Үлкенге де кішіге байыпты мінезімен жаны жақын тамырлас, елдес бола білді. Үлгілі отбасының иесі, екі ұлының жанашыр әкесі, немерелерінің ардақты атасы еді. Амал не… халқымыз «Жазмыштан озмыш жоқ» деп бекер айтпаған. Бақұл бол, асыл азамат!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды