«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ұлықтайтын құндылықтар аз емес…

0 352

Осы аптада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен шілденің бірінші жексенбісі Ұлт­тық домбыра күні болып бекітілді. Бұл жаңалық дүй­ім жұртқа жылы тиіп, әсіресе, қазақ өнерінің шын бағасын біліп, мерейін тасытып жүрген өнер­паз­дардың қуанышын қойындарына сыйдырмады.

Соның бірі – дәулескер домбырашы, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Жанғали Жүзбай: «Бұл – қасиетті күн. Күй өнері үшін жаһанмен күрескен академик Ахмет Жұба­новтың, шертпе күй шебері Уәли Бекеновтің, ғұлама ғалым Ақселеу Сейдімбектің, Алаштан күй асырған профессор Қаршыға Ахмедияровтың, көреген күйші әрі жазушы Таласбек Әсемқұловтың, 2014 жылы домбыра күйін Париж­дегі ЮНЕСКО штабына тіркеуге жетекші болған ғалым Базаралы Мүптекеевтің және күй серісі, қазіргі заман композиторларының көрнекті өкілі Секен Тұрысбектің арманы еді» деп қуанды.
Айтылғандай, төрт жыл бұрын домбыра күйлерімен қатар киіз үй ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраларының тізіміне енгізілді. Артынша айтыс өнері бұл тізімді толықтырды. «Өзіңді-өзің жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін». Рухани құндылықтарымызды әлем мойындап отырғанда, ата-балаларымыз бізге мирас етіп қалдырған мұраларымыздың қадірін білетін кезіміз келді.
Киіз үйімізді қазір әз-Нау­рыз мерекесі кезінде ғана іздемесек, басқа күндері оған мойын бұрмай­тын болдық. Немесе этнографиялық бұйым ретінде ғана бағалап, ел көп бара қоймайтын шеткі аймақтарға тігіп тастайтын күйге жеттік. Мысал үшін «ЭКСПО» аумағында биыл екінші маусымын ашқан этноауылды алсақ та жеткілікті. Киіз үйді қаланың орталығына тіксек, қолымызды кім қағып отыр?
Бүгіндері киіз үйге Еуропаның өзі қызығушылық танытуда. Ғаламторды ашып қалсаңыздар, соған анық көз жеткізесіздер. Мәселен, Англияда жаз кезінде үйлену тойларын арнайы дизай­нерлік киіз үйлерде атап өту сән­ге айналған екен. Лиззи есімді кәсіпкер мұны табыс көзіне айналдырыпты. Бельгиядағы киіз үй өндіруші Be Yurt фирмасының негізін қалаушы Стефан Климовски киіз үйді өз елімен қатар Францияда саудалайды. АҚШ-тағы Colorado Yurt Company компаниясы да киіз үйімізден көл-көсір табысқа кенеліп отыр. Ал біз оған әлі күнге дейін ескіліктің жұрнағы ретінде қараймыз…
Қазақстанға Түркіменстаннан үлгі алу керек. Сол елде Ахалтеке күні, Кілем күні, Қауын күні мерекелердің қатарына енгізіл­ген. Бізде де төбемізге көте­ріп, ұлықтайтын ұлттық құндылық­тарымыз аз емес. Елімізде қымыз, шұбат секілді Ұлттық сусындар күні мерекесі жарияланса, қалай жарасымды болар еді. Сол сияқты киіз үйді, тазыны, қазақ күресін, саятшылық өнерін мемлекеттік деңгейде ұлықтауымыз қажет-ақ.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жорал­ғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс… Ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды» деп жазғандай, қазақ екенімізді сонда білдіріп, ұлттығымызды сақтай аламыз.

P.S. Өткен қыста Қызылорда қаласындағы «Ана мен бала» орталығында жаңа туған 20 сәбиге есімдері жазылған домбыра сыйға тартылды. Бұл жаңалықты оқығанда ұйымдастырушыларды құптап, қатты сүйсінген едік. Биыл Ұлттық музейінде «Наурыз – жаңғыру нышаны» мерекесі аясында тұсауы кесілген сәбилерге белгілі зергер Берік Әлібай бір-бір домбырадан сыйлады. Тәрбие осындайдан басталады деп есептейміз. Ал домбыра күні сияқты ұлттық мерекелеріміз болса, соны көріп өсетін ұрпақ жат мәдениеттің жетегінде кетпейді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды