Ұлық ұлыс – ұлы дала тарихы

0 116

Мәдениет және спорт министрлігінің қол­дауымен Ұлттық академиялық кітапхана Мемлекет тарихы институтымен бірлесіп, Алтын Орда мемлекетінің 750 жылдығына орай «Ұлық ұлыс – Ұлы дала тарихы» атты халықаралық онлайн-конференция өткізді. Айтулы жиынға отандық және алыс-жақын шетелдегі ғалымдар қатысып, тарихтағы Алтын Орда дәуірінің рөлі мен оның маңызы жайында парасатты сөз сабақтады.Конференция барысында белгілі ғалым Дархан Қыдырәлі «Алтын Орданың» атауына тоқталып, бұл орыс, батыс жылнамаларында хан сара­йының сипатына қарай қолданылғандығын, сондықтан үлкен империяның «Ұлық ұлыс» деген өз атауымен айтылғаны орынды деп ой қорытты. Тарих ғылымдарының докторы Бүркіт Аяған: «Ұлық ұлыстың рөлін объек­тивті және ғылыми түрде қозғау туралы тақырып Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан ­Назарбаевтың «Тарих толқынында», «Қазақстан жолы», сондай-ақ «Ұлы даланың жеті қыры» еңбектерінде жазылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлем тарихындағы Ұлық ұлыстың рөліне ерекше көңіл аударды. Ол Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошының кесенесі Қазақстан аумағында екенін бәрі білмейтінін, Алтын Орданың негізін қалаушыға құрмет көрсетілуі керек екенін айтқан. Ұлық ұлыстың мемлекеттік тілі қыпшақ тілі болды. Татар, ноғай, қарақалпақ тілі қыпшақ тіліне өте ұқсайды» деді ол. Сонымен қатар Назарбаев университеті, қазақ тілі және түркітану кафедрасының меңгерушісі, профессор Юлай Шамилоғлы Алтын Орда дәуіріндегі мемлекет басқару мен оған ру-тайпалардың ықпалы туралы байыпты сөз қозғаса, Татарстандағы Ш.Маржани атындағы тарих институтының ғылыми қызметкері, Алтын Орда және татар хандықтарын зерттеу орталығының жетекшісі Ильнур Миргалеев өздерінің зерттеу жұмыстары жөнінде баяндады. Тарихтағы Алтын Орданың рөлі туралы Айболат Көшкімбаев, Амангелді Қашқынбаев секілді қазақ ғалымдары да өз ойларымен бөлісті.
Қорыта келгенде, тағылымы мол жиында даңқы біраз жерге жайылған Алтын Орда империясының тарихтағы орны, маңызы зор екендігі ғалымдардың тұшымды пікірлерімен жан-жақты қамтылды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × four =