Ұлыны танытқан ұл

0 224

Биыл әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл толды. Мемлекет басшысының қолдауымен бұл мерейлі тойды жалпақ жұрт болып атап өтпекпіз. Дүниежүзіне атағы жайылған бабамыз Отырарда өмірге келген. Бірақ… иә, бірақ қазақ жерінде кіндік қаны тамған ғұламаның өз елінде есімі біраз жылға дейін көмескі болып келді. Оның түрлі себептері де бар. Ұлы ғалымды туған халқымен қайта қауыштырған адам – Ақжан әл-Машани. Бұл кісі де қара жаяу емес, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында П.Рыжовпен бірге Торғай, Жезқазған, Зырьян, Қаратау кен орындарын ашуға үлесін қосқан. Еліміздегі әлфарабитану ғылымының негізін қалаған. Осыған орай Ақжан атамыздың әл-Фарабиді зерттеу жолындағы жанкешті еңбегі жайында, бізге ғалымның келіні, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Зада Дүкенбаева әңгімелеп берді.Ақжан Жақсыбекұлының қазақ ғылымына қосқан үлесі ұшан-теңіз деуге болады. Атам өмірден 91 жасында өтті, соған дейін қолынан қаламын тастаған емес. Халқымыз­да «Ат аунаған жерде түк қалады» деген киелі сөз бар. Ғалымның әкесі Жақсыбек те, атасы Машан да текті, ауқатты әулеттен шыққан. Машан би – Абайдың әкесі Құнанбаймен үзеңгілес, жақын сыйлас болған адам. Құнанбай қажының Қарқаралыдағы мешітінің салынуына ықпалы тиген. Машан би 85 жасында дүниеден озады. Сонда жұртшылық: «Машан, Машандай ұл туғанша қашан» деп күңіреніпті.
Енді ғалым Әбу Насыр әл-Фарабиді зерттеуге қалай келді, соны айтайық? Ол кісі алып тұлғаның есімін алғаш рет соғыс жылдарында Қазақстанға келген чех ғалымы Э.Кольманнан естиді. Ол былай болған: 1941 жылы соғыс басталғанда атамды әскерден бронмен қалдырып, қазіргі Шығыс Қазақстан облысындағы Риддер шахтасына кен инженері етіп жібереді. Шахтаның бастығы Кеңес дәуірі тұсында елімізді басқарған көрнекті қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев болады. Екеуі сол кен орнында бірге қызмет атқарады. Сол жылдары Қазақ ғылым академиясы КСРО ғылым академиясының филиалы ретінде жұмыс істейді. Ғалым анда-санда Алматыға келгенде, міндетті түрде ғылыми ордаға бас сұғады. Осылай тағы бір академия филиалына жол түскенде есіктің қабырғасынан Э.Кольманның «Орта ғасырлардың жауһарлары» деген дәрісі өтеді деген хабарландыруды көзі шалады. Бұл – Чехословакия ғылым академиясының президенті болған, атақты ғалым. Ақжан Жақсыбекұлы оны сыртынан жақсы біледі. Сөйтіп, чех ғалымының дәрісін тыңдайды. Кольман лекция­сында Орта Азиядан шыққан ғалымдар туралы кеңірек баяндайды. Соның ішінде Әбу Насыр әл-Фарабиге ерекше тоқталып, оның қазақ жерінде туғандығын айтады. Бұл дерек ­Жақсыбекұлын таңғалдырды. «Онда ол қазақ болғаны ғой» деп ғибратты ғалымды жақынырақ тану үшін ол жайында жазылған еңбектерді іздестіреді. Бірақ ел кітап­ханасынан әл- Фараби туралы мардымды ешнәрсе таба алмайды.
Ғалым, 1943 жылы кандидаттық, 1946 жылы Мәскеуден докторлық диссертациясын қорғайды. 1946 жылы КСРО ғылым академиясынан бөлініп, Қазақ КСР ғылым академия­сы жеке шаңырақ көтерді. Академияның құрылуына халқымыздың ардақты ұлы, академик Қаныш Сәтбаев көп еңбек сіңірді. Қасиетті ғылым ордасының іргетасын қалауға жас ғылым докторы Ақжан әл-Машани де зор үлес қосты.

***
Қазақ ғылым академиясы құрылғаннан кейін Ақжан Жақсыбекұлы әл-Фарабиді індете зерттеуді қолға алды. Академия президенті Қаныш Сәтбаевқа: «Әбу Насыр әл-Фараби – қазақ жерінде туған біздің бабамыз. Осы ғалымды зерттеуге бел байлап отырмын. Ұлы адамның жарық көрген еңбектері елімізде жоқ. Сондықтан осы жұмыспен айналысуыма мүмкіндік беріп, қаржылай көмек көрсетсеңіз» деп хат жазады. Қаныш Имантайұлы бұл хатқа түсіністік танытып, қолдау білдіреді.
Содан ғалым сырт жердегі, оның ішінде Берлин, Лондон, Каир, Бейрут секілді іргелі қалалардың ең ірі кітапханаларына хат жазып, философтың мұраларын жинастырады. Сондай-ақ шетелге шыққан қазақ ғалымдарына осыны тапсырады. Нәтижесінде, айтулы ғалым Сайын Балмұқанов Ыстамбұлдан ұлы ойшылдың басылған кітаптарының тізімін әкеп берсе, академик Шахмардан Есенов Канададан әл-Фарабидің арабша шыққан бір жинағын алып келіп сыйлайды. Атамның өзі тұғырлы тұлғаның үш еңбегін Уфадағы «Ғалия» медресесінен табады.
1961 жылы Ақжан Жақсыбекұлының ғылым академиясы хабаршысының №5 санында «әл-Фараби және оның мұралары» деген алғашқы мақаласы жарық көрсе, 1962 жылы «Білім және еңбек» журналының бірінші санында тағы мақаласы жарияланды. 1970 жылы ғұламаның бейнесін көркем шығармада айшықты зерделеген «әл-Фараби» атты тарихи деректі романы басылды.
1968 жылы ғалым ғұламаның мұраларын біржақты еткеннен кейін Шығыстың Аристотелінің зиратын іздеп, Дамаскіге барады. Бұл делегация құрамында көрнекті жазушы Әбіш Кекілбаев, өзінің шәкірті Әлия Бейсенова болды. Бұған ғалым алдын ала мұқият дайындалады. Осы сапар жайында академик Әлия Бейсенова өз естелігінде: «Сирияға барған делегация құрамында он бес шақты адам болды. Ақжан аға қазақша да, орысша да еркін, әдемі сөйлейді. Араб тілін жақсы білетінін Шам шаһарына барғанда ғана білдік. Ол кісінің айтуынша Шам шаһарын айналдыра салған қорғанның кіші, үлкен деп аталған қақпалары болған екен. әл-Фараби бабамыз кіші қақпа алдындағы қорымда жерленіпті. Бұл мәліметті жергілікті адамдарға Ақаңның өзі айтып, зиратты тапты. Қорымды аралап, үлкен арабист маманды көмекке алып, Ақаң зиратты бірінші болып ашты. Бұған біз куә болдық. Сол күні арабтар қонақасы үстінде біздің тегімізді сұрап: «әл-Фараби қыпшақ қой, оған қандай қатыстарың бар?» деп сұрады. Ақжан аға оларға қыпшақтар туралы, олардың бізбен байланысы жөнінде әңгімеледі. Ұлы ғалымды біз батыс елдерінің аудармасы арқылы оқып жүрдік. Ақаң әл-Фарабидің еңбегін араб, парсы тіліндегі жазбалары арқылы таныған еді» деп жазыпты. Ақжан атам осы сапарында бабамыздың зиратына белгі қойып, қабірінен бір уыс топырақ алып, туған жеріне әкеледі.

***
1971 жылы Мәскеуде ғылым тарихына арналған ЮНЕСКО-ның он үшінші конгресінде Әбу Насыр әл-Фарабидің 1100 жылдығына арналған симпозиум өткізу туралы шешім қабылданады. Мұндай үлкен жиын Алматы, Мәскеу, Бағдат қалаларында өтеді деп ұйғарылады. Осы симпозиумды Қазақстанда өткізу оңайлықпен жүзеге аспайды. Бұған Ақжан Жақсыбекұлы көп күш жұмсайды. Өзбек ағайындардың әл-Фарабиге қалай таласқаны туралы атамыздың шәкірті, белгілі ғалым Шәмшиден Әбдіраманның естелігінен қысқаша айтып өтейін.
«әл-Фарабиді іздеу сапарын Ташкенттен бастаған Ақаң ондағы Бируни атындағы Шығыстану институтында ұлы ғалым туралы ешқандай деректің жоқ екендігіне көзі жетіп, өзбек ағайындары әл-Фараби есімін мүлде естімеген болып шықты. Институт директорының орынбасары Мұзафар Хайруллаевтың Ақжан ағаның ұлы ғалым жайында жинаған азды-көпті мәліметтеріне таңырқап қарайды. Оның болашақ докторлық диссертация тақырыбының тағдырын сол жолы анықтауға Ақжан әл-Машани себепкер болып, баба туралы қолдағы бар материалымен бөліседі. Ақжан ағаның дәлелді құжаттары бола тұра өткен ғасырдың 60-шы жылдардың басында: «Мына сәлде киген молда кім өзі? Қазақ болса, руы кім екен, еңбектерін неге арабша жазған?» деп қазақ ғалымдары әртүрлі пікір айтып жүрген үш-төрт жылдың ішінде әл-Фарабидің өзбек тілінде бірнеше еңбегі жарық көреді. Және Хайруллаев Ақжан аға ұсынған тақырыптан әл-Фараби философиясынан докторлық диссертация қорғап, енді қазақтың ұлы перзентін өздеріне еншілей бастаған-ды. Осындай әңгімені ғалым әл-Бирунидің 1000 жылдық мерейтойына барғанда естиді. «Ақжан-әка, әл-Фараби заманында қазақ-өзбек еншісі бөлінбеген ел еді ғой, енді оны қазақ тумасы деп бөле тартпай, өзбек халқына да ортақтастыра бермейміз бе?» дегендерге Ақжан әл-Машани: «Түрік тумаларын бөліп-жару қазақтан басталған жоқ-тын. Науаи, әл-Бируни, әл-Хорезми туған кездерде де қазақ пен өзбек еншісі ортақ емес пе еді? Қазақ жері – Отырарда туған әл-Фарабиді ортақ еткілеріңіз келсе, сонда өздеріңіз жеріне қарай еншілеп алған өзге даналарды да ортақтастырайық» деп жауап берді» деп айтады.
Жалпы Ақжан Жақсыбекұлы даңғыл ойшыл жайында «әл-Фараби мұрасын зерттеу туралы», «Шығыстың Аристотелі», «әл-Фараби еңбектерін қазақ тіліне аудару туралы», «әл-Фараби», «Орта Азия мен Қазақстанның ұлы ғалымдары» секілді бірнеше еңбектер жазды. Атамның жүз жылдығы тұсында он алты томдық еңбегі жарық көрді. Бірақ мұрағатында әлі де жинақ болып шықпаған қолжазбалары кездеседі. Абай атамыздың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында басылған «Әл-Фараби және Абай» атты кітабының тарихы бар. 1944 жылы Семейде ұлы ақынның туғанына 100 жыл толуына байланысты үлкен жиын өтпек болып, сол кезде Қаныш Сәтбаев Ақжан Жақсыбекұлына: «Абайдың жаратылыстану ғылымы туралы баяндама жаса» деп ұсыныс айтады. Ғалым оған келісімін беріп, 186 беттен тұратын үлкен еңбек жазады. Бірақ бұл еңбегі соғыс жүріп жатқандықтан жинақ болып басылмайды. Осы көлемді дүниесін ол кісі қайта толықтырып, ақынның дүниетанымының бастауын орта ғасырлардағы араб, шығыс елдерінде жатқандығын, оның басында әл-Фараби болғандығын, сөйтіп, екі айтулы дананың арасындағы сабақтастықты жаңаша өріп, кітап етіп шығарды.

***
Ғалымның келіні Зада Оразғалиқызының айтуы бойынша, Ақжан ата намазын қаза қылмаған, ислам қағидаларын берік ұстаған діндар адам болыпты. Ол кісі жеке қолжазбасына үш арманы бар екендігін жазыпты: «Біріншісі – қажылыққа барсам, екіншісі – Айя София мешітінде намаз оқысам, үшіншісі – Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне шырақшы болсам» деген. Ғалымның үш арманы да орындалмапты. Шерхан әкемізше қайырсақ: «Бір кем дүние».

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

ten − five =