ҰЛЫЛЫҚ ШЫҢЫ – ҰСТАЗДЫҚ

0 202

Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов«Жыл ұстазы – 2014» қалалық байқауының Гран-при иегері – №4 мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Сайлаугүл Қаршығаға жеңіл автокөліктің кілтін табыс етті.

Кеше «Конгресс холл» сарайында жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша Астана қаласының ең таңдаулы білім ұйымдары мен мұғалімдері марапатталды.

Ұстаз – ұлы тұлға. Бүгінгі мерейлі мерекесінде оларға арнап қанша жылы сөздер айтсақ та, артықтық етпейді. Өзгенің баласын өз баласындай көріп, шәкіртінің бойына білім нәрімен қатар, өмірдің ұлағатын да сіңіре білетін осы аяулы жандар қандай құрметке де лайық. Міне, зәулім ғимарат сахнасындағы жылы лебіздермен, ыстық ықыластар соларға арналды.

Төл мерекесіне шалқар пейіл, шадыман көңіл-күймен келген ұстаздарды Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты В.Редкокашин, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ә.Бимендина құттықтады.

Биыл «Үздік мектеп – 2014» құрметті атағын №60 мектеп-лицей иеленді. Оларға «Астана – бәйтерек» кубогы мен 16 миллион теңгенің   сертификаты табыс етілді. Әрі осы білім мекемесінің оқу-тәрбие жұмысында жетістікке жеткен он үздік мұғалімнің еңбекақысына елу пайыз үстеме тағайындалды.

Ал, «Үздік балабақша»  аталымына №64 «Асыл бөбек» балабақшасы ие болды. Сондай-ақ, биылғы бәйгеде Кәсіптік-техникалық колледждің,  қосымша білім мекемелері арасында Оқушылар сарайы және арнаулы білім мекемелері арасында №2 Оңалту орталығының мерейі өсіп, үздік танылды.

Одан кейін «Үздік сайт» аталымы бойынша марапаттауда І орын – №3 мектеп-гимназияға, ІІ орын – №18 орта мектепке, ІІІ орын – №40 орта мектепке бұйырды. Олардың барлығы да Астана қаласы әкімінің дипломымен марапатталды.

Ұстаздарға салтанатты құрмет көрсету рәсіміне педагогикалық еңбек ардагерлері, білім беру ұйы­мының басшылары мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.

Мерекелік шара аясында Қайрат Нұртас, Маржан Арапбаева, «МузАрт» триосы, «Boicekz» квартеті, «Zet» триосы сынды танымал эстрада әншілері мен Оқушылар сарайының шығармашылық ұжымдары қатысқан концерт баршаға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Алғаш әліппенің бетін ашып, әріп танытқан, өмірдің қыр-сырын білуге құштар етіп, шәкіртінің жан дүниесіне нұрлы шуақ себетін,  адамгершілікке бау­литын жандар туралы әріптестерінің лебіздерін де білдік.

Бақытгүл Мол­шылық­қызы, қаладағы №41 «Балдырған» балабақшасының әдіскері:

– Барлық әріптес­терімді бүгінгі төл мерекелерімен шын жүректен құт­тықтаймын! Қазір қалада бала­бақшаларға бар­лық жағдай жасалып отыр. Мені мұн­дағы қызметкерлердің еңбек­қор­лығы ерекше сүйсіндіреді. Бізге тәуелсіз мемлекеттің болашақ азаматтарын тәрбиелеуден артық қандай бақыт бар?

 Махмұт Туляков, №40 орта мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі:

– Кезінде Ахмет Байтұрсынұлы: «Жақсы мұғалім мектепке жан кіргізеді, басқа кемшілігі болса, мұғалімнің жақсылығы жабады, білдірмейді» депті. Мынандай жаһандану заманында кездесетін қиындықтарға қарамастан, балалармен жұмыс істеу тек өз ісін жете сүйген мамандардың қолынан келеді десем, артық айтпаймын. Сондықтан, мұғалімдерге бүгінгі көрсетіліп жатқан құрмет пен марапат өте орынды деп есептеймін.

 Таңатар ТӨЛЕУҒАЛИЕВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

12 − 8 =