Ұлылардың ізбасары

Қайтпас қайсар тұлға ұлы Абайды тіршілігінің «темірқазығына» балады

0 203

1951 жылғы 1 желтоқсанда тұтқынға алынып, 1952 жылы «КСРО-ның саяси жүйесіне қарсы күрес жүргізді» деген жалған айып тағылып, 25 жылға бас бостандығынан айырылып, темір торға жабылған ғұлама ғалым Қайым Мұхамедханов «Балаларыма» атты өлеңінде «Алтын көріп адал жолдан таймадым» деп жазыпты.Осы өлеңін ғалым тұңғыш рет «Семей таңы» газетінің 1991 жылғы 5 қаңтарындағы №4 санына жариялай отырып: «…тағдыр таразысының үстінде қасірет шегіп жүрген шағымда, әсіресе, шымбайыма батып, жанымды күйзелтетін өз қара басымның қайғысы емес, шиеттей жас қалған балаларымның (алты бала, біреуі іште қалған – Е.І.) тағдыры, олардың анасының басына түскен тағдырдың талқысы еді» деп жазыпты («Семей таңы», 05.01.1991 ж., №4). Артында аңырап қалған жары мен алты баласына арнап жазған 22 шумақ ұзақ өлеңін:
Ит боп үріп мен ешкімді қаппадым,
Қастық жасап, кісіге оқ атпадым.
Алтын көріп адал жолдан таймадым,
Сұғанақ боп, арам астан татпадым.
Мен кісінің қол созбадым бағына,
Мен ешкімнің таласпадым тағына.
Кең дүние жолың даңғыл деп жүріп,
Кез болыппын сүрінетін шағыма, – деп аяқтайды.
Байқап, зерделеп қараған адамға осы өлең жолдарынан ғалымның қайтпас-қайсар мінезі, өмірлік ұстанымы айқын көрініп тұр. КСРО-ның идеологиялық қысымына төтеп бере алмай, керісінше, олардың сойылын соғып, қара басының қамы үшін басқаларға оқ атып, біреудің бақшасына тас атқан жандар қаншама болды. Ал өзінің ұстанымында берік тұрып, «қабырғасын қақыратып сөксе де, қабағын шытпаған» Қайым секілді азаматтар саусақпен санарлықтай. Бүгінде оларды қалай ардақтасақ та артық емес. Қайым Мұхамедханов туралы аз жазылған жоқ, әлі де жазыла береді.
Қайым Мұхамедханов 1916 жылы 5 қаңтарда Семей қаласында дүниеге келді. Әкесінің азан шақырып қойған аты – Ғабдұлқайым. Бұл – елімізде ұлт-азаттық қозғалысы бел алып, ұлттық сананың ояна бастаған тұсы. Алашорда көсемдері Семейге жиналып, Семей қаласы қазақ халқының рухани орталығына айналған кезі еді. Қазақтың атқамінер ел басылары, әдебиет пен өнер қайраткерлерінің дені осы қалада тұратын. Қайымның әкесі Мұхамедхан Сейітқұлұлы – (1870) өз заманында көзі ашық, көкірегі ояу әрі ауқатты азамат болған адам. Сондықтан да ұлын 1924 жылы Семей қаласындағы төрт жылдық бастауыш мектепке оқуға береді. Халқының ұлттық тарихы мен мәдениетіне ерекше көңіл бөлген зерделі әке «Айқап», «Шора» журналдары мен «Қазақ», «Дала уәлаяты», «Сарыарқа» газеттерін жаздырып алып отырған, сөйтіп жас Қайымның білім мен мәдениеттің нәрінен сусындауына мүмкіндік жасайды. 1917-1918 жылдарда М.Әуезов пен Ж.Аймауытов басшылығымен Семей қаласында шығып тұрған «Абай» журналына демеушілік жасап, қаржылай көмек көрсетеді. Абай мұраларын жинақтап, ел арасына насихаттап таратуға мұрындық болады. Бұл жөнінде ғалымның өзі: «Әкем Мұхамедхан ауқатты, мұсылманша-орысша сауатты, өте мәдениетті адам болды. «Қазақ», «Сарыарқа» газеттерін, «Айқап», «Абай» журналдарын үзбей оқитын. Өзіне жетерлік кітапханасы да болды. Ол біздің де білімді болуымызды армандады» дейді (Уәлихан Тоқпатаев. «Қарағайдың қарсы біткен бұтағы», «Қайым туралы сөз», Астана, «Фолиант», 142 бет). Сөйтіп, ұлы ақынның өлеңдерін Қайымның бойына бала кезінен сіңірген рухани ұстазына айналады. Ғалым: «Сол тұста ағартушы ұстаздар ерлі-зайыпты Құлжановтар Абайдың өмірден өткеніне жиырма жыл толуына орай әсерлі бір кеш өткізді. Соған жасым сегізге енді ғана толған мені әкемнің ілестіре барғаны да, содан бері сексен жылдай уақыт өтсе де, күні бүгінгідей есімде» деп есіне алады («Егемен Қазақстан», 28.12.2002 жыл. №303-306). Мұхамедхан ақсақалдың шаңырағында «Алаш» партиясының көсемі және «Алашорда» үкіметінің басшысы Әлихан Бөкейханов, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің ірі тұлғалары А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, С.Торайғыров, М.Әуезов және т. б. көрнекті адамдар қонақта болып, дастарқанынан дәм татып, қазақтың келешегі туралы келелі басқосулар өткізіп тұрған. Бұл басқосуларда қазақ зиялыларының аузынан естіген ұлағатты тағылымдары Қайымның қазақ халқына және оның сөз өнеріне деген балалық махаббатын оятып, ұлттық рухани нәрдің болашақ ғалымның жан дүниесіне терең сіңіп, мықтап орнығуына негіз болған алғашқы академиялық дәрістер еді. «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында: «… менің ел болашағын алыстан болжайтын сол ұлылардың тізесінде отырып өскенім рас! Мұны бірақ құр мақтаныш үшін айтып жатыр деп ойламағын. Әлгі ұлылардың мен түгіл, менің әкеме де үлгі болғандығы шындық» деуі сондықтан («Егемен Қазақстан», 28.12.2002 ж., №303-306).
Үміт күткен баласын тәрбиелеуге барын салған әке Қайымның кемелді азамат болып шығуы үшін қолынан келгенінің бәрін де істеген. Шәкәрім, Көкбай ақындарды да Семейге келген кездерінде үйіне шақырып, қонақасы беріп, құрметтеп отырған. Бұл, әрине, шектен асқан байлығын көрсетудің немесе жомарт атанудың шарасы емес еді. Әкенің ойлағаны – Қайымның көкірек көзін ашу, ұлылардың тәрбиесіне бейімдеу, жанына жамандық қонбаған бала кезінен бастап ұлтын сүюге, таза өнерге деген махаббатын ояту. Осылай ғалымның балалық шағы қазақ әлеміндегі біртуар тұлғалардың сөзін тыңдап, әңгімелерін естіп, зиялы ортада өтеді.
Сондықтан да ол: «Алтын көріп адал жолдан таймадым…» деп өзінің өмірлік ұстанымы ретінде адалдықты, әділеттікті таңдайды. Бар қажыр-қайратын ұлы Абай шығармаларын зерттеуге арнайды. Бұл екеуі де заңды еді. Көргені – Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов, қазақтың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Шәкәрім болған адамның адалдық жолдан аттауы мүмкін емес еді. Семей топырағында туып, абайтанудың бастауында тұрған Шәкәрім, Бөкейханов, Байтұрсынов, Әуезов, Мұстамбаев сынды қазақтың біртуар даналарынан Абай туралы, оның шығармалары туралы естіген, Абай өлеңдерін қаршадайынан жаттап өскен, Абайдың ақын шәкірттерін көзімен көріп ержеткен Қайымның осындай жолға түспеуі мүмкін де емес.
Шынында, Қайымның туған топырағынан дарыған адалдық, жастайынан бойына сіңген ұлтқа деген шексіз сүйіспеншілік болмағанда ғалым тағдыр тауқыметі алдында біз білетіндей қайсарлық танытпаған болар ма еді, қайтер еді?
1937 жылғы ел басына төнген қатерлі нәубет Мұхамедханның отбасын да айналып өтпейді. Қолымыздағы архив материалдарына үңілсек, НКВД органы Мұхамедхан Сейітқұлұлынан қатты сескенгені байқалады. Семей облыстық прокуратурасының 1992 жылғы 7 ақпандағы берген анықтамасында былай делінген: «Сейткулов Мухаметхан, 1870 г. рождения был арестован органами НКВД 24 ноября 1937 г. и ему предъявлено обвинение в том, что он явлется одним из активных участников антисоветской группы мусульманского духовенства, существующей в г. Семипалатинске. Постановлением тройки УЕКВД по Восточно Казахстанской области от 27 ноября 1937 года Сейткулов Мухаметхан был приговорен к высшей мере наказания – расстрелу. Постановление приведено в исполнение 2 декабря 1937 г. Место захоронения неизвестно» (№13-19-92 анықтама. 07.02.1992 ж.). Айналдырған үш күн ішінде «Үштіктің» қаулысы шығарылып, бір аптаның ішінде үкім орындалған. Мұхамедхан ақсақалдың шаңырағына Алашорда көсемдерінің, Шәкәрім бастаған Абайдың ақын-шәкірттерінің келіп жүруі, Ыдырыс Мұстамбаев, Тұрлықан Қасенов сынды Алаш арыстарының үйінде тұруы «кеңестік жүйеге қарсы топтың белсенді мүшесі» деп айыптап, өлім жазасына кесуіне негіз болды. Әкесінің халық жауы ретінде ұсталып кеткені бойына Алаш рухының асыл қазынасын сіңірген, жалынды жас жігітті жасытқан жоқ. Тағдырдың салған тауқыметіне мойымай, қажырлықпен көтеріп, алға ұмтылып, оқуын жалғастырады.
Бұл жылдарда Қайым Семейдегі мұғалімдер даярлайтын курсқа оқуға түсіп, облыстық оқу бөлімі ұйымдастырған мұғалімдер курсына қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ береді. Міне, осылай Қайымның жарты ғасырға созылған ұстаздық дастаны басталады. Алғашқы ұстаздық қызметі жөнінде ғалымның шәкірті Кәмен Оразалин: «…Оқытушымыз жиырмадан жаңа ғана асқан жас жігіт екен. Өзін өкшелеп қалған оқушылар алдында бойын кең, байсалды ұстап, ажары салиқалы адаммен кездескенімізді паш еткендей таңдана да, таңырқай да, сүйсіне де қарауымызды әлі тоқтата алғанымыз жоқ. Жап-жас жігіттің сөйлеу мәнері қайран қалдырды» деп еске алады (Кәмен Оразалин. «Ұстаз өркені», «Қайым Мұхамедханов», 4-том, «Алаш», 309 бет). Иә, болашақ ғалымның Абайды, оның төңірегіндегі ақындарды, орыс әдебиеті ақындарының шығармашылығын терең білетіндігі, сөз қуаты мен білім өресі осы арадан-ақ аңғарылады.
Қайым Мұхамедханов 1939 жылдан бастап өзінің ұстазы Мұхтар Әуезовтің басшылығымен Абай мұрасына ден қойып, Абайдың ақындық мектебінен дәріс алған ақындардың шығармашылығын зерттеумен, Семейдегі Абайдың мұражайын ашу жұмыстарымен айналысады. Бұл жөнінде ғұламаның өзі: «Мұхтар 1940 жылы Семейге келгенде Абайдың туғанына 95 жыл толу мерекесін өткізу және Абай музейін ашу жұмысы қызу жүріп жатқан кез еді. Мұхтар Абай мерекесін өткізу, Абай музейін ашу жайында көп ақыл-кеңес беріп, іс жүзінде көмектесіп, басшылық етті, лекция оқыды, баяндамалар жасады. Абайды зерттеу, ақынның музейін құру жайында мәслихат өткізді. Кемеңгер адамның берген ақыл-кеңесін тыңдап, мәз болып жатырмыз. Нақтылы істейтін ісімізді айқындап айтып берді» деп жазады (Қайым Мұхамедханов. «Кемеңгер жазушы», «Семей таңы», 27.09.1982. №184). Сол жылдардан бастап Ақылбай, Мағауия, Көкбай, Әріп, Әсет жайлы мақалалар жариялайды. «Абайдың әдебиет мектебі», «Абайдың ақын шәкірттері» тақырыбы Қайымды қатты қызықтырған, себебі Қайым Абайдың ақын шәкірттерін көзімен көрген, олардың аузынан Абайдың өлеңдерін ғана емес, ұлы ақынның шәкірт тәрбиелеудегі әдістерімен де танысқан. Абай шәкірттерінің ойлау жүйесін, олардың Абайдан қалай үйренгендіктерін және олардың шығармашылық жолдарын, өмірбаяндарын Қайым өте жақсы білген. Бұл тақырып – әрі екінің бірінің қолынан келмейтін қиын тақырып, ал Қайымға етене таныс тақырып болған. Сондықтан Қайым бұл тақырыпта өте жемісті еңбек етті. Бұл салада Қайымның тындырғаны абайтанудың асу бермес асқарына айналды.
40 жылдан астам бүкіл қазақ аспанын «Біз қазақ ежелден еркіндік аңсаған» деп тербетіп келген гимннің авторы Қайым Мұхамедханов екенін екінің бірі біле бермейді. 1945 жылы Қазақ ССР-інің алғашқы гимнінің сөзін жазған кезінде Қайым әлі отызға да толмаған еді. Бірақ Қайымның нұсқасындағы «Ер қазақ» деген сөз «Біз қазақ» болып өзгертіліп, Ғ.Мүсірепов пен Ә.Тәжібаев автор ретінде енгізілген.
Әйгілі отыз жетінің зұлматынан кейін 1950 жылдарда қазақ зиялыларына қарсы екінші рет «ұлтшылдарды» тазалау науқаны басталды. Кеңестік жүйеге қарсы жүргізген «ұлтшылдық» әрекеті үшін Қайым Мұхамедханов алғашқылардың бірі болып жауапқа тартылды. Алғашқы шабуыл 1947 жылы 2 тамыз күні «Социалды Қазақстан» газетінде жарияланған «Семей әдебиетшілері» деген мақала арқылы басталды. Мақалада Абайдың ақын шәкірттері Тұрағұл, Әріп, Шәкәрімді айыптап, оларға «азиялық, түріктік бағыттың шеңберінде болған» десе, Қайым Мұхамедхановқа «саяси сауатсыздықтың шегіне жетіп отыр» деп кінә тағады. «Абайдың әдебиет мектебі» тақырыбындағы кандидаттық диссертациясы үшін бас бостандығынан айырылып, сотталу алдында тұрған қиын-қыстау кезеңде, «жазаңды жеңілдетіміз» деген тиімді ұсыныстарға қарамай, адалдық сертін берік сақтаған ғалым өз ұстанымында қалды.
Осы мәселелер жөнінде тағы да архив құжаттарына үңілейік. 1952 жылғы 17 сәуірде Қазақ ССР Мемлекеттік қауіпсіздік министрі генерал-лейтенант П.Фитин бекіткен №679 тексеру ісі бойынша жүргізілген айыптау қорытындысына назар аударайық: «Расследованием по делу установлено, что Мухамедханов, будучи выходцем из социально чуждой среды, в силу своей враждебности к существующему в СССР политическому строю, на протяжении ряда лет среди своих знакомых проводил антисоветскую националистическую агитацию: клеветал на мероприятия Советского Правительства и ВКП (б), на колхозной строй, восхваляя при этом дореволюционную байско-феодальную жизнь…». Байқасақ, ғалымның «әлеуметтік-жат ортадан шыққандығы» алдынан шығып отыр, «кеңестік жүйеге қарсы ұлтшылдық үгіт» жүргізуі және «төңкеріске дейінгі феодалдық бай өмірді мақтады» деп айыптауы ақылға да сыймайды.
1951 жылы 7 сәуірде Қазақстан Ғылым академиясының Ғылыми кеңесінде қорғалған «Абайдың әдебиет мектебі» деген кандидаттық диссертация үлкен дауға ұласып, негізгі тақырыптан ауытқып Мұхтар Әуезов пен Қ.Мұхамедхановты саяси жағынан айыптауға көшеді. Әсіресе, қасіреттің қара бұлтын төндіре, қаралауға көшкен Қ.Жұмалиев пен С.Нұрышев «белсенділік» танытты.
… А вообще он в своей диссертации в 16 местах ссылается на проф. Ауезова и везде хвалит его. Создается впечатление, что Ауезов хвалит Мухаметханова за то, что Мухаметханов хвалит Ауезова.
Мұхтар мен Қайымға жасалған бұл шабуыл осыдан екі ай өткен соң шарықтау шегіне жетеді. Ғалым «Абайтану жолындағы қилы кезеңдер» деген мақаласында: «Бұл уақиғадан екі айдан соң, 1951 жылы 15 июньде Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институты мен Қазақстан совет жазушылары одағы бірлесіп өткізген «Абайдың әдеби мұрасы мәселесін талқылауға арналған ғылыми айтыс» деген жиналыс өткізілді.
Баяндамалар бойынша жарыссөзде филология ғылымдарының кандидаттары З.Ахметов, М.Ғабдуллин, Қ.Тұрғанбаев, профессор Қ.Жұмалиев, тарих ғылымының кандидаттары Ш.Юсупов, М.Ақыжанов, М.Тұрсынбаев, жазушылар Ғ.Мүсірепов, Қ.Жармағамбетов, Ә.Әбішев және басқалар – барлығы 18 адам шығып сөйледі (сөйлеушілердің ішінде мен де бармын). Айтыс үш күнге созылды» дей келіп, сол кездегі республикалық жастар газеті «Ленинская смена» бетінде жарық көрген мақалаларға тоқталады. Одан соң: «Осындай «ғылыми» айтыстардың нәтижесінде «Абайдың әдебиет мектебін» жоққа шығару әрекеті күшейеді. Абайдың ақын шәкірттерінің баспаға берілген шығармалар жинағы басылып жатқанда тоқтатылып, жарық көрмей қалды, Мұхтар Әуезов кітап болып шығып кеткен «Ақындар ағасы» романының атын да, затын да өзгертіп, қайтадан «түзеп» жазуға мәжбүр болады. Ақырында Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев бастаған бірнеше үлкен ғалымдар қызметінен қуылып, қуғын-сүргінге ұшырады.
Бес әдебиетші, тарихшы ғалым (оның ішінде мен де бармын) тұтқынға алынып, 25 жылға кесіліп айдалды» деп жазады («Абайтану жолындағы қилы кезеңдер», «Семей таңы», №161, 23.08.1988 ж.).
Филология ғылымының докторы, профессор Тұрсын Жұртбай: «Өмірлік ғылыми мақсатынан Қайым да қайтпады. Тақырыптан бас тартып, Мұхтарды қалқан етіп иненің көзінен өтуді өтінгендер табылды. Қайсар ғалым өз пікірінің дұрыстығына сенді. Ұстазын да сатпады. Ұлы Абайдың шәкіртсіз емес екендігін біліп тұрып қалай тансын?!» деп ғалымның азаматтық позициясына жоғары баға береді («Арын жастан сақтаған», «Қазақ әдебиеті», 01.02.1991 ж.). Жас ғалымның Шәкәрім, Көкбай, Әріп, Тұрағұл туралы жазылған зерттеу еңбектері және «Абайдың әдебиет мектебі» тақырыбында қорғаған кандидаттық диссертациясы оған «… в течении нескольких лет проводил враждебную националистическую работу в области казахской литературы. …Восхвалял и идеализировал поэтов и лидеров контрреволюционной националистической партии «алашорды» деп айып тағуына негіз болған.
Ең сорақысы – Қазақ ССР-ның гимнін жазып, елдің рухын көтерген азаматқа «сочинял стихи антисоветского содержания» деп айып тағылуы. 1952 жылғы 16 сәуірде тағайындаған айыптау қорытындысына Қазақ ССР МҚМ тексеру бөлімі бастығының орынбасары, аға лейтенант Сейтказиев, келісім берген ССР МҚМ тексеру бөлімінің бастығы подполковник Ишмурзин қол қойған. «Руководствуясь ст. 208 УПК РСФСР, следственное дело №679 по обвинению Мухамедханова Габдулкаюма направить Прокурору Казахской ССР для передачи по подсудности» деп қорытынды жасалып, іс сотқа жіберілген. 6 ай тергеуде өткізген азаптан кейін, 1952 жылғы 29-31 мамырдағы Қазақ ССР Жоғарғы сотының қылмыстық істер бойынша алқасының шешімімен 25 жылға бас бостандығынан айырылады. Үш жылға созылған «тамұқтағы» адам төзбес өмір қайсар ғалымның сағын сындырып, рухын аласарта алмады, қайта еменнің өзегіндей қатырды, шар болаттай қайрап, шыңдады. Қайым Мұхамедханов 1954 жылғы 9 желтоқсандағы Қазақ ССР Жоғарғы соты Президиумының қаулысымен толық ақталып шықты.
«Ешкімнің бағына қол созып, тағына таласпаған» жас ғалым жазықсыз сүрінгенде, қолтығынан демеп, тұрғызып жіберетін адам болмады. Болса да құдіреті жетпеді. Алаш идеясынан сусындаған рухы мықты, табиғатынан бірбеткей жанды түрменің қатал өмірі тізерлете алған жоқ. Алдамшы дүниеге арын сатып, «адал жолдан тайған жоқ». Бостандыққа шыққан ғалым Абай атты шексіз мұхиттың тереңіне сүңгіді. Ол туралы: «Түрмеден келген соң Мұхтарға «Абайдың ақындық мектебіне» қайта ораламын» дедім. Ол: «бұған әлі салқын қарайды, Абай шығармаларының текстологиясы жайында ғылыми еңбек жаз» деді» деп әңгімелейді. («Жас Алаш», 24.08.2004 ж. №101). Ұстазы Мұхтардың ақылымен екінші рет кандидаттық диссертация қорғайды. Ғалымның қазақ әдебиеттануы ғылымына сіңірген айрықша еңбегін шәкірті профессор Тұрсын Жұртбайдай жеріне жеткізіп ешкім де айтпас: «…ол – Абай өлеңдерін жинаушы, Абай мұрасының жазылу, басылу тарихын зерттеген историограф, үш-төрт басылымына түсініктеме жазған библиограф, Абай шығармаларының дұрыс жазылуын жүйелеген текстолог, Абай және оның ақындық дәстүрі хақында монографиялық еңбек бітірген теоретик, сол замандағы қоғамдық қарым-қатынастарды зерттеген тарихшы, сол дәуірдегі әдеби нұсқаларды, ел аузындағы жыр-өлеңді, әңгіме-аңызды қағазға түсірген фольклорист» («Қайсар ғалым», «Жұлдыз», 1986, №13, 193- бет).
Бүкіл саналы ғұмырын Абай поэзиясының «қатпарлы құбылыстарын жеріне жеткізіп, иін қандырып» зерттеуге арнаған ғалым абайтану ғылымының қалыптасып, дамуына қандай еңбек сіңірді деген сұраққа жауап бере кетсек.
Бірінші, 1930-1940 жылдары әдеби-этнографиялық экспедиция ұйымдастырып, Семей облысын аралап, Абайдың өміріне байланысты құнды деректер және экспонаттар жинады. Кейін оның барлығы тұңғыш Абай музейін ұйымдастыруға негіз болды.
Екінші, 1938-1951 жылдар арасында Абайдың ақындық мектебі туралы ғылыми мақалалар жариялады. Абайдың ақыл-кеңесін тыңдаған, Абай арқылы шығыс әдебиеті мен батыс әдебиетімен танысқан ақын-шәкірттерінің өлеңдерін жинастырып, салыстырып, олардың ғылыми-шығармашылық өмірбаянын әзірледі. «Абайдың ақындық мектебін» ғылыми айналысқа енгізді. «Абайдың ақындық мектебі» – қазақ әдебиетіндегі ерекше құбылыс.
Үшінші, Абай сөзінің түпнұсқасын сақтау, Абай шығармаларының дұрыс жазылуын жүйелеген текстолог-ғалым. Петербургте 1909 жылы шыққан алғашқы жинағынан бастап Абай өлеңдері бұрмаланып, қатемен жазылғаны белгілі. Оның да өзіндік себептері болды, көне қазақ сөздерінің мазмұнын білмеу, парсы, араб, татар тілдерінен алынған сөздерді жетік білмеу, Құраннан, хадистен алынған діни терминдерден қорқу, кітап редакторларының кей сөздердің орнын ауыстыруға «негіз» болды. Міне, осы олқылықтардың орнын толтыру мақсатында Қайым Мұхамедханов 1959 жылы «Абай шығармаларының текстологиясы жайында» атты ғылыми монографиясын жарыққа шығарды. Бұл еңбек абайтану ғылымының күрделі әрі жаңа саласы болды.
Төртінші, 1940 жылы Семей қаласында ұйымдастырылған Абайдың әдеби-мемориалдық музейін ұйымдастыруға үлкен еңбек сіңірді.
М.Әуезовпен бірігіп алғашқы ғимаратты таңдап, оның қорында құнды қолжазбалардың болуы, мұрағаттық материалдардың жинақталуы мен жәдігерлердің түпнұсқада болуы мен оларға ғылыми дәйектеме жазуға өлшеусіз үлес қосты. Музейдің ғылыми бағдарын анықтап, кітапхана мен қолжазба қорының елеулі толықтыру бағытында жұмыстар жүргізді. Кейіннен Абай музейінің директоры болды.
Бесінші, Абайдың 100 жылдық мерейтойын өткізу жөніндегі Үкімет комиссиясының ғылыми хатшысы болып тағайындалды. Сол кезде Жидебай қыстауын қалпына келтіру, ақынның туған-туыстарының зираттарын жөндеу, Абайдың бейнесін мүсіндеу, бейнелеу өнері саласында мәңгілік есте қалдыру, т. б. жұмыстарды тынбай жүргізді. Ғалым архивіндегі хаттар мен құжаттар – сол ізгі істердің айғағы.
Алтыншы, Құнанбайдың ата-тегі туралы және сталиндік репрессияға ұшыраған, соғыста хабарсыз кеткен ақынның ұрпақтары жайлы деректер жинақтады.
Жетінші, 1918 жылы М.Әуезов пен Ж.Аймауытовтың редакциясымен шығып тұрған «Абай» журналын 1992 жылы Қайым Мұхамедханов әріптесі Р.Мусинмен бірге қайта жарыққа шығарды. Абайға байланысты бұрын жарияланбаған құнды мақалалар жарияланды.
Абайдың 175 жылдық тойы өтіп жатқан мерейлі жылда абайтану ғылымының қалыптасып, дамуына үлкен үлес қосқан Қайымдай қайсар тұлғаның ескерусіз қалмай, мемлекет тарапынын қолдау көргені дұрыс. Көңіл қуантарлығы, Нұр-Сұлтан қаласында Қайым Мұхамедханов атында көше бар. Ендігі үміт – «Алдымда ақын Абай темірқазық» деп жырлап, бүкіл өмірін абайтану ғылымына арнаған Қайым Мұхамедханов есімі қаланың бір мектебіне берілсе деген ой. «Алтын көріп адал жолдан таймаған» қайсар Қайымның өмірі мен шығармашылық қызметі – ұрпаққа үлгі-өнеге.

Ербол ІРГЕБАЙ,
Нұр-Сұлтан қаласындағы
№90 гимназия директоры

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × five =