Ұлылар үндестігі

0 72

Қос классик Николай Гоголь мен Михаил Булгаковты тоғыстыратын туынды бар. Алдындағысының ақ өлеңмен жазылған «Өлі жандар» поэмасын кейінгісі драмаға айналдырды. Сахналық қойылым формасындағы туынды елорда көрерменіне жол тартты. Белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Гүлнар Салықбай қазақшалаған шығарма Музыкалық жас көрермен театрында трагифарс жанрында сахналанды. Астаналық өнер ұжымы аталмыш туындыны Булгаковтың 130 жылдығына арнады.Шығармадан ХІХ ғасырдың орта шеніндегі Ресей қоғамын көреміз. Жемқор шенеуніктер, аңғал, аңқау халық… Арада екі ғасыр өтсе де, бірдеңе өзгерді ме? Өзгергені шамалы екен, бүгін де жан-жағымызда қу құлқынынан басқаны ойламайтын бастықсымақтар, тиын-тебенге алданған қарапайым халық қаптап жүр. Аталмыш туынды сонысымен де құнды болып отыр.
Михаил Булгаков «Өлі жандардың» инсценировкасын өткен ғасырдың отызыншы жылдары жасады. Атақты театр теоретиктері Немирович-Данченко мен Станиславскийдің батасын алды. Гогольдің поэмасын сол жылдары алғаш рет қазақ тіліне Қадыр Тайшықов аударды. Кейіннен Әнуар Ипмағамбетов қазақшалады. Осыдан он шақты жыл бұрын Мәткәрім Әкімжанов­тың аудармасымен кітап болып шықты. Демек, қазақ оқырманы поэмамен бұрыннан таныс.
Ал драма кейпінде осыған дейін Семей қаласындағы «Дариға-ай» жастар театрында мистикалық трагикомедия жанрында сахналанды. Аудармашы – Қ.Рахметов, қоюшы режиссері – Дина Жұмабаева. Елорданың Музыкалық жас көрермен театры осы шығарманы қызық трактовкада ұсынды. Жас режиссер, актер Ерназар Жаңатілектің режиссерлік шешімдері де ұнады.
Спектакль бізге Гоголь-Абай-Булгаковты үндестіргендей әсер етті. Ұлы Абай бір өлеңін «Малға достың мұңы жоқ малдан басқа» деп бастайды. Осы өлеңде «Өзі шошқа, өзгені ит деп ойлар» деген жолдар да бар. Қазақ «Ит жоқта шошқа үреді» дейді. Музыкалық жас көрермен театры декорация ретінде де мал қораны пайдаланған. Мұнда доңыз кейпіндегі қамқоршылық кеңесінің хатшысы (Талғат Кеңес) топты бастап жүреді. Жемқорлықты да сол бастайды.
Шығарманың бас кейіпкері – Чичиков. Бұл кейіпкерді жас әртіс Аман Ғұмаров нанымды, әсерлі сомдап шықты. Ол қулығына құрық бойламайтын, айлакер адамның кейпін жақсы көрсетті. Жалпы Чичиковтың рөліне екі актер бекітілген. Премьера үш күнге жоспарланса, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Асылхан Төлепов пен Аман Ғұмаров бірін-бірі алмастырып ойнайды.
Трагифарс жанрында трагедия мен комедия элементтері қатар жүреді. Астаналық театр ұсынған қойылым оған толығымен жауап береді. Қоғамдағы өзекті мәселелер ащы әзілмен, ойлы күлкімен көмкерілген. Әртістер де өздеріне бекітілген рөльдерді беріле ойнады. Бұл тұрғыдан ешкімді бөле-жара айта алмаймыз. Ақшаға құныққан қоғамды актерлер жақсы бере білді. Қарын қамын халық қамынан биік қойған шенеуніктер мен шонжарларды, оларға қызмет ететін қарапайым адамдарды сендіре сомдап шықты.
Ең соңында қылмысы үшін тұтқындалатын Чичиков: «Осыған отбасым, әйелім, бала-шағам үшін бардым» деп ақталады. Бірақ темір тордан шығудың амалын тауып, пара беріп, құтылып шығады. Ақындар көп айтатын «ақша-Құдай» дейтін ұғым спектакльде жақсы көрініс тапқан. Сыбайлас жемқорлық мемлекетті құлдыратып, адамдарды түзу жолдан тайдырады. Мұны жегі құртқа, індетке балап жатамыз. Спектакль содан сақтануға шақырады.
Музыкалық жас көрермен театрының ашылғанына жарты жылға жуықтады. Содан бері театр өнімді жұмыс істеп жатыр. «Өлі жандар» – аталмыш өнер ұжымының репертуарына енген жетінші туынды. Премьераны бүгін де сағат 19:00-де тамашалауға болады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 − 13 =