Ұлылар ұлықталды

0 21

Моңғол елінің астанасы ­Ұлан-Батыр қаласында ­Қазақстанның Моңғолия­дағы елшілігінің ұйытқы болуымен Абай ­Құнанбайұлының 175 жылдығы мен Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған «Абай және әл-Фараби тағылымы» атты кеш өтті.

Айтулы шараға Моңғолия Үкіметі жанындағы Мәдениет және өнер істері жөніндегі атқарушы агенттік басшысы Ц.Нацагдолгор және сол елдегі қазақ диаспорасының танымал азаматтары қатысты.
Кеш шымылдығын Қазақстан Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Жалғас Әділбаев ашып, қос тұғырлы тұлғаның шығармашылығы мен қоғамдық дамыту жайындағы тұжырымдамалары жалпыадамзаттық құндылыққа негізделгенін айрықша атап өтті. Ал Моңғолия Үкіметі жанындағы Мәдениет және өнер істері жөніндегі агенттіктің басшысы Ц.Нацагдолгор ханым: «Абай Құнанбайұлы мен Әл-Фараби – көшпенді халықтың, яғни қазақ халқы мәдениетінің көрінісі. Осы екі ұлы ойшылдың арасында мыңжылдықтар жатса да, олардың дүниетанымы және шығармалары бір мезгілде жазылған сияқты» деді тереңнен ой толғап.
Сондай-ақ іс-шара аясында моңғол тіліне аударылған «Абайдың қарасөздері» кітабының таныстырылымы болды. Бұл еңбектің авторы, белгілі ғалым, жазушы және аудармашы Сұлтан Тәукейұлы. Сонымен бірге жиын барысында Абай атамыздың шығармашылығы туралы моңғолиялық абайтанушылар Т.Етекбай мен А.Жамбыл баяндама жасады. Ақынның «Желсіз түнде жарық-ай», «Айттым сәлем, қаламқас» туындылары моңғол халқының ұлттық аспабы моринхурмен орындалды. Моңғолия еліндегі қазақ диаспорасының талантты жастары да кешке біркісідей үлес қосып, Абайдың «Көзімнің қарасы» және «Сегіз аяқ» секілді әндерін орындап, өлеңдері мен қарасөздерін мәнерлеп оқыды.
Кеш соңы ұлыларға арналған кітап пен фотокөрмеге ұласып, қатысушылар Абай мен әл-Фарабидің өмірі мен шығармашылығы туралы деректі фильм тамашалады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eighteen − 6 =