ҰЛЫ ЖОЛДЫҢ АРҚАДА СОРАБЫ БАР

0 564

Ежелгі заманнан бастау алып жаңа заманға дейін Азия мен Еуропаны байланыстырған Ұлы Жібек жолы – адамзат тарихындағы маңызды құбылыстардың бірі. Бұл жол ондаған ғасырлар бойы өзі қамтыған елдер мен халықтардың экономикасының, мәдениетінің дамуында елеулі рөл атқарды. Қос құрлықты жалғастырған ол біздің заманымыздан бұрынғы II-I ғасырлардан бастап Азия мен Еуропаның арасын жалғастырушы көпір, яғни, Шығыс пен Батысты байланыстырушы желі болды.

Жібек жолы тек сауда жолы бо­лып қана қалмастан, дүниежүзі өр­ке­ниетін тоғыстырып, адамзат қо­ға­мының дамуына өшпес үлес қос­ты. Оңтүстік Қазақстан мен Же­тісу қалаларының Византия, Иран, Орта Азия, Кавказ, Алтай, Сібір, Шы­ғыс Түркістанмен тығыз сауда бай­ла­ныс­тары болғандығын ежелгі қол­жаз­балардағы мәліметтер дә­лел­дейді. Шаштан (Ташкенттен) жол Гизгирдқа, Испиджабқа келіп, одан әрі керуен Таразға ба­ғыт алған. Тараздан солтүстікте Адахкет, Дех-Нуд­жикет қалалары орна­лас­қан қи­мақтарға, оңтүстікте өздері­нің туған өлкесінде – Шельдяни, Куля және т.б. қалаларға тірелген. Сон­­дай-ақ, Тараздан Төменгі Барыс­­ханға, одан әрі Құлан, Мер­ке арқы­лы Аспараға жететін болған. X ғасыр­дан бастап Іле жазы­ғын­дағы сау­да жолы арқылы керуен­дер жүре бас­тайды. Осы жерден Іле Ала­тауы­ның көпестері қазіргі Алматы мен Тал­ғардың елді мекендеріне жолға шық­қан. Талғар бағытындағы жол қазіргі Шелек, Есік, Кеген аудандарына, Подгорныйға, одан әрі Шон­жаға иек артады. Алакөл ауданында жол тармақталады. Екіөгіз, Қиялық, Көктем керуен жолдарымен Шығыс Түркістанға, Алтайға, Мон­ғолияға шығуға болатын еді. Сыр­дария қалаларын байланыстыратын жол­дардың маңызы орасан зор. Ол Исфид­жабтан басталып, сол­түс­тік­ батыста – Арсу­баникент, Арыс, Кедер, Шауғар, Сауран, Сыға­наққа әкелетін. Сығанақтан Жентке және Янгикентке тірелген. Исфиджабтан солтүстікке қарай түскен жол Құмкент, Аба-Ата, Созақ­қа барады. Одан әрі Орталық Қазақ­стан­ның жазық жерлері ар­қылы Кеңгір, Жезді, Нұра далаларына шығады.

Орталық Қазақстандағы сауда жол­дарының сілемдері XX ғасыр­дың басына дейін сақталып кел­ді, тіпті, Ресей, Қазақстан және Орта Азия­ның қалалары мен елді мекендерін бай­ла­­ныстырып отырды, оған жа­­қын жерлерде жәрмеңкелер ұйым­дас­ты­рылды. Ұлы Жібек жо­лы көп ха­лық­тардың мәдениетін түйіс­тіруі­­мен бірге, олардың табиғи ерек­­ше­­лік­терін анықтауда маңызды қыз­мет атқарды. Бұл істе Қазақстан жерін мекен­деген ха­лық­тар­дың еңбегі де бар. Олар тұр­ғын үйді (киіз үй), ат әбзелдерін жа­сау өне­рін, кілем тоқуды, күміс­тен түрлі әсем­дік бұйым­дар­ соғуды, бай ауыз әдебиетін мұ­ра етіп қал­дырған. Осының бір айғағы – Есік және Аралтөбе қорым­да­рынан табылған Алтын киім­ді адам ескерт­кіш­тері, Шығыс Қазақстандағы Берел қо­рымынан табылған олжалар, ежелгі түрік жазба әдебиетінің Ор­хон ес­керт­кіштері.

Ресейге бодандық кезінде Есіл өңі­ріндегі керуен жолдарын алғаш зерт­теген ғалымдардың бірі Шоқан Уәли­ханов еді. Ғалымның 1856 жылы өз қолымен толтырған «XIX ға­сыр­дың ортасындағы қазақ дала­сы­ның картасы» дейтін еңбегі бар. Бұл еңбек 1961 жылы жарық көр­ген көп томдығының 5-томына ен­ген. Осында Абылай мекен еткен аймақ­тарды басып өткен керуен жол­дарының сызбасы көрсетілген. Сыз­бада қазіргі Ақмола облысының Атба­сар, Қорғалжын және Ақмола-Қара­өткел өңірі толық қамтылған.

Бес томдық «Қазақстан тарихы» ака­де­миялық басылымында және та­рих ғылымдарының докторы, про­фес­сор Сәйден Жолдасбаевтың Қазақ­стан­ның орта ғасырлардағы тари­хына арналған оқу құралда­рын­дағы карта-сызбаларда Жібек жолы­ның Орталық және Солтүстік Қазақ­станға тарам­далған сораптары жақ­сы көр­сетілген.

Ғалым-жазушы Ақселеу Сейдім­бек Қазақстанның оңтүстігінен сол­түс­тік өңірлеріне бетте­ген ке­­­руен жол­да­­рын «көш жолы» ре­­­тін­­де алып қа­­­рап, оны бес-алты сүр­­леу­­ге бөледі.

Көп жыл бойы Есіл өңірінің та­­ри­­хын зерттеумен айналысқан та­рих ғы­­лым­­дарының кандидаты Б.Құ­сайы­нов 2007 жылы бірнеше жыл­­­ғы зерт­­теу­лерін жинақтап, «Есіл өңі­рінің керуен жолдары» атты ғылыми мақаласын жариялады. Ақмолалық өлкетанушы ғалым Баянбай Құсайыновтың дерек­теріне сүйенсек, Орталық Қазақ­­стан­­дағы далалық керуен жол­дары сонау Ұлы Жі­бек жо­лынан бері жалғасып кел­ген және ол Қазақ­стан Ресей бо­дан­­ды­ғын­да бол­ған кезде де тоқ­та­маған.
Ғалымның пікірінше, бұл өлкеде төрт үлкен керуен жолы болған. Негізгі жол қазіргі Қызылжар қа­ла­­сынан шығып, Ақмола дуаны ар­қы­лы Ұлы­тауды басып өтіп, Бұ­қа­ра, Таш­кентке жетіп жығыл­ған. Осы керуен жолын ертеде «Хан жо­лы» деп атаған. Кейбір дерек­тер­де «Абылай жолы» деп те айты­лады. Бұл – көне Жібек жолы­ның бір сүрлеуі. Бірақ ол тарихи стра­те­гиялық маңызы жағынан Қа­­­зақ хан­дығы құрылғаннан кейін өр­­кен­деп, Абылай дәуірі мен Ресей пат­­ша­лы­ғының тұсында ең негізгі стра­­те­гиялық күре жолға айналған.

Мысалы, «Солтүстіктегі Қызыл­жар мен оңтүстіктегі Түркістанды жалғастырған «Абылайдың қара жолы» дейтін қатынас желісі орнады» деп жазылған.
Бертінде осы жолдармен орыс­тың елшілері, әскери керуен-шеру­лері (экспедиция) жүретін болған­дықтан, халық «Шәштінің жіңішке жолы» деп атап кеткен.
Ақселеу Сейдімбектің «Қазақ әлемі» кітабында да бұл туралы бір­шама деректер айтылады. Сонымен зерт­теуші пікірінше, Түркістан өл­ке­­сінен шыққан керуен жолы Ұлы­­тауға келіп түйіскеннен кейін бір­­­не­ше тармаққа бөлініп тарайтын болғ­ан. Соның бірі Қараөткел (қа­зір­гі Ас­тана қаласының маңы) ар­­қылы өт­кен. Қараөткел өңірі «Хан жо­лының» күретамыры болған.

Кейінгі жылдары Ақмола өңірі­нің тарихын тереңдей зерттеп жүр­ген профессор Жамбыл Артықбаев та Есіл-Нұра бойын бойлап, солтүс­тік­батысқа орта ғасырларда сау­да­гер көпестер жол тартқанын айтады.

Археолог ғалым Тәңірберген Мә­миев те Б. Құсайыновтың пікі­рін қуат­тай отырып, отандық тарих ғылымы мойындаған Есіл-Нұра бойын­дағы Бозоқ, Бытығай, Ар­қайым және т.б. ежелгі далалық қала­лар мен керуен жолдарының сорап­тарын, мәдени мұраларын зерт­теу Астана қаласының көне тарихын ашу бағытындағы маңызды мәселе деген тұжырым жасайды.

Қазіргі Астана төңірегінде орта ғасырлық тарихи-археологиялық мұралар сирек те болса кездеседі. Солардың бірі – елордадан 123 ша­қы­рым жерде Қорғалжын ауда­ны­ның жерінде Бы­тығай кесенесі. Бұл ескерт­кішті зерттеушілер XIX ға­сыр­дан бері біледі. Бірақ ке­шен­ді түрде әлі зерттелмей келеді. Екін­­шісі – Астана қаласының ірге­сіндегі Бозоқ қаласының орны елор­­да­ның кемінде 1 мың жылдық тарихы бар екенін әйгілеп тұр. Аста­на­дан 100 шақы­рым­дай жерде, Ерей­­ментау ауда­нында ғұн-түркі дәуірін қамтитын «Құмай түріктік архео­логиялық-этнографиялық ескерт­кіші» 2009 жылы ашылған болатын.

Осы орта ғасырлық ескерткіш­терді дұрыс пайдалана алсақ, ту­ризм­ді дамытуға пайдалы әсерін ти­­гі­зері сөзсіз. Әсіресе, оларды, Ұлы Жі­бек жолын қазіргі заманға сай қай­­та жаң­ғыр­ту жобасына кірік­­тіре білсек, әлемдік маңызы бар бұл істе рес­­пуб­­ликаның бас қа­ла­­сы да лайықты орын алар еді.

Сейітқали ДҮЙСЕН,
Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері,
педагогика ғылымының кандидаты

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

ten + twelve =