ҰЛЫ ЖІБЕК ЖОЛЫ МҰРАСЫ

0 189

Астанадағы Ұлттық музейде «Орталық Азия мен Кавказдағы дәстүрлі тоқыма өнері – Ұлы Жібек жолының мұрасы» атты көрме өтуде. Оған Санкт-Петербургтегі Орыс этнографиялық музейінің құндылықтары қойылған. Бұл – Қазақстан мен Ресейдің екі ірі музейінің арасындағы алғашқы бірлескен жоба. Көрмеге «Астана ақшамы» газетінің тілшілері де барып, өткен тарихтан сыр шертетін мұраларды көріп қайтты.

Бүгінгі таңда жаңарған Ұлы Жібек жолы тіршіліктің барлық саласында, оның ішінде мәдениет саласы бойынша да халықаралық қатынастардың дамуына ерекше серпін беріп келеді. Ондаған ғасырлар бойы қос құрлықты жалғастырған бұл жол біздің заманымыздан бұрынғы II-I ғасырлардан бастап Азия мен Еуропаның арасын жалғастырушы көпір, яғни, Шығыс пен Батысты байланыстырушы желі болды. Ұлы Жібек жолының сауда жолдарының сілемдері XX ғасырдың басына дейін сақталып келді, тіпті, Ресей, Қазақстан және Орта Азияның қалалары мен елді мекендерін байланыстырып отырды.

Аталмыш көрмеде қазақ бұйымдарымен қатар, түркімен, тәжік, әзербайжан, абхаз, қырғыз, армян, шешен ұлттарының 400-ден аса жәдігерлерін тамашалауға болады. Олардың арасында құрал-саймандар, киім-кешектер, үй бұйымдары, көлік жабдықтары, мата үлгілері, кілемдер мен кестелер, үйлену тойы мен ислам дініне қатысты заттар бар. Сонымен қатар, Орыс этнографиялық музейінің қорында Қазақстан тарихына қатысты дүниелер де жетерлік. Көрмеге қойылған киіз үй, ат әбзелдері, кілемдер – осының дәлелі.

Ұлы Жібек жолы көп халықтардың мәдениетін түйістіруімен бірге, олардың табиғи ерекшеліктерін анықтауда да маңызды қызмет атқарды. Мәселен, кілем тоқу станогы, кілем түгін қырқатын қайшы, түрлі тарақтар, ер адам жейделері – түркімен жұрты тұтынған бұйымдар. Ал тоқыма қайшы, жібекті орауға арналған шығыр, матаны жылтыратуға арналған құрал – өзбек халқына тиесілі. Бір қызығы, бұл дүниелердің ешқайсысын өңдеу қажет болмаған. Барлығы да сол қалпында сақталыпты. Сондықтан да көрмеге қызығушылардың қатары көбейе түсуде. «Мұндағы жәдігерлер Орта Азия мен Кавказ тұрғындарының күнделікті тұрмыс-тіршілігін көз алдымызға елестетеді. Бұрынғы замандағы дәуірлер мен мәдениеттердің бір-бірімен байланысын сезінуге мүмкіндік береді» дейді көрме қонақтары.

Орыс этнографиялық музейі ұйымдастырған көрме 1 қыркүйекке дейін жалғасады. Аталмыш музейдің 100 жылдық тарихы бар. Ол орыс музейінің этнографиялық бөлімі ретінде император II Николай пәрменімен оның әкесі император III Александрдың аманатын орындау және оны есте қалдыру үшін құрылған. Император және оның отбасының басқа мүшелері алғашқылардың бірі болып қор қалыптастырды. Романовтар үйінің жекелеген заттарының коллекциялары бөлімнің жинағына кірді. Музей 1991 жылы Ресей Федерациясы халықтары мәдени мұрасының аса құнды нысаны ретінде мемлекеттің назарына алынды.

Еркежан СӘТІМБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

10 − 8 =