©2020 Астана Ақшамы
Ұлы Ұстаз (с.ғ.с) қандай құрметке де лайық
Мейіржан Рахматуллаұлы, «Нұр-Астана» орталық мешітінің азаншысы
– Мейіржан Рахматуллаұлы, Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың өмірі жайында мәліметтер жетті ме бүгінге?
– Даңқты қолбасшы Бисмарк «Ей, Мұхаммед! Сенің ғасырыңда тумағаныма қатты өкінемін…» депті. Десе де, пайғамбарымыздың өмірі жайында мәліметтер аз емес. Олардың әуелгісі Жаратушының жарлықтарын қамтыған қасиетті Құран Кәрім, хадис кітаптары, «арабтардың архиві» саналған өлең-жырлар, пайғамбарымызды қатты жақсы көрген кісілердің өздерінен кейінгі буынға мұра етіп жеткізген ауызша хабарлары. Соңғы пайғамбар жайындағы негізгі қайнар көздер мен оқиғаларға куәлік еткен мәліметтердің мұнша көптігі одан бұрынғы және кейінгі ешбір тұлғада кездеспейді.
– Мәуліт айында пайғамбар үмбеттері салауат айтып, сәлем жолдайды. Ол біздің сүйікті пайғамбарымызға қалтқысыз жететін көрінеді?..
– Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтып, сәлем жолдау, ең алдымен, имандылығымыздың белгісі. Өйткені, Құранда Алла: «Шынында, Алла мен Оның періштелері пайғамбарға салауат жолдайды. Әй, иман келтіргендер, сендер де оған шын жүректен салауат айтып, сәлем жолдаңдар!» деп бұйырған. Пайғамбарымыз өзіне салауат айтудың маңыздылығын былайша білдіреді: «Қиямет күнінде маған ең жақын болған кісі – ең көп салауат айтқан адам. Кім маған бір салауат оқыса, Алла оған он рақым мен сый береді… Жер бетін аралайтын Алланың періштелері үмбетімнің салауаты мен сәлемін маған сол сәтте жеткізеді».
– Мәуліт мейрамының маңызын қалай түсіндірер едіңіз?
– Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дүниеге келуін мерекелеу – ең әуелі Алла тағалаға шүкір етудің, көкіректегі қуанышты жария етіп бөлісудің көрінісі деуге әбден болады. Иә, оның дүниеге келіп, ғаламды нұрға бөлей бастаған күнге қуанбау әсте мүмкін емес. Өйткені, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар мына әлемнің теңдессіз ұлы ұстазы. Мұхаммед (с.ғ.с.) адамзатқа мына ғалам атты алып кітапты дұрыс оқуды үйретті. Ұлы Ұстаз (с.ғ.с.) қандай құрметке де лайық. Хақ Тағала баршамызды өзіне сүйікті құл, хазіреті Мұхаммедке (с.ғ.с.) шынайы үмбет болуды нәсіп еткей! Әмин!
Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ