Ұлы ұстаз мұраларын ұрпақтары ұлықтайды

0 52

Өткен аптада әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Әбу Насыр әл-­Фарабидің 1150 жылдығына арналған іс-шара өтті. Дөңгелек үстел форматында өткен ғалымдармен кездесу барысында Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев кейбір қорытындыларды шығарып, мерейтойлық жыл ЮНЕСКО-ның қамқорлығымен халық­аралық деңгейде бүгінгі індеттің таралуын ескере отырып атап өтілгенін жариялады.– Тағылымы мол тарихи жыл да аяқталып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа жасаған биылғы Жолдауында «ұлттың жаңа болмысын» қалыптастыру бойынша баршамыздың алдымызға аса маңыз­ды міндет қойды. Бұл орайда, кез келген бәсекелестікке төтеп беретін әрі ұлтымыздың ұлы қасиеттерін бойына сіңірген ұрпақ қалыптас­тыруда әл-Фараби бабамыздың мұраларын жастардың бойына барынша сіңірудің мәні ерекше зор. Сонымен қатар, ұлы ойшыл дүниеге келген Ұлы Дала төсінде отандық ғылымды өркендету де – өте өзекті мәселе. әл-Фараби бабамыз осыдан мы50ң жыл бұрын дүниенің мәңгілігін, танымның болмысқа тәуелдігін айқындап парасат туралы ілімді сараптап, саралады. Сол замандардың өзінде дала кемеңгері «Ғылымдар тізбегі», «Бесінші трактат», «Медицина каноны», «Қайырымды қала», «Риторика», «Бақытқа жол сілтеу», «Вакуум туралы» және басқа да ондаған іргелі еңбектер жазғанын ескерсек, ұлы баба ұрпақтары қазіргі таңда тарихи әрі табиғи сабақтастықты қамтамасыз етуге міндетті. әл-Фарабидің мерейтойлық жылында өткізілген барлық іс-шаралар қазіргі заманғы білім беру, ғылым, инновация және халықаралық ынтымақтастық жүйесінің дамуына қуатты серпін беріп отырғанын айрықша атап өтуіміз керек. әл-Фараби шығармашылығын пәнаралық зерттеу жандандырылды, соның арқасында әлемдік философия мен ғылым контекстінде әл-Фарабидің әлеуметтік-философиялық көзқарастарының басты идеялары мен принциптерінің қазіргі мазмұнын анықтау бойынша жұмыс жалғасуда, – деді Қырымбек Көшербаев.
Мемлекеттік хатшы сондай-ақ қазақстандық фарабитанушылар мен ғылыми қоғамдастық ұлы ғалымның мұрасын елде және бүкіл әлемде кеңінен насихаттап дәріптеу бойынша орасан зор жұмыс атқарғанын атап өтті.
Мерейтойлық іс-шараларға қатысуға халықаралық қоғамдас­тық және академиялық орта кең ауқымда тартылды, олардың ішінде БҰҰ мен ЮНЕСКО, ИЫҰ, ТҮРКСОЙ, дипломатиялық миссиялардың өкілдері, сондай-ақ шетелдік жетекші фарабитанушы ғалымдар бар. Шетелдегі Қазақстанның елшіліктерімен және әл-Фараби орталықтарының қолдауымен және жетекші шетелдік университеттермен бірлесіп, Оксфорд университеті, Джавахарлал Неру университеті, Стамбұл университеті, Каподистри атындағы Афина ұлттық университеті, София университеті, Дамаск университеті, Египет университеті және басқа университеттермен бірқатар халықаралық конференциялар өткізілді. әл-Фарабидің мерейтойы Үндістан, Сингапур, Малайзия және Индонезияда аталып өтті. Халықаралық іс-шараларға әлемнің 50 елінің атынан 100-ден астам университеттерден және тағы басқа ұйымдардан 12 мыңнан астам адам қамтылған.
Ал ел көлемінде онлайн режимде 60-тан астам конференция, дөңгелек үстелдер мен ғылыми семинарлар өткен. Мәселен, әлеуметтік желілерде ашық қолжетімділікпен «Парасаттылық сағаты» жалпыреспубликалық акциясы, «әл-Фараби және қайы­рымды қоғам» атты видеодәріс, «Екінші Ұстаз» онлайн веб-семинарлар сериясы жұртшылыққа жол тартқан. «Қайырымды қоғам» челленджіне әлемнің 7 елінен келген шетелдік студенттермен қоса, Қазақстанның жоғары оқу орындарының 14 мыңға жуық студенті қатысыпты. «әл-Фараби» халықаралық пәндік олимпиадасында алыс-жақын шетелдердің 10 елінен 9,5 мыңнан астам мектеп оқушысы бақ сынаған. Олимпиа­да жеңімпаздарына әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да оқуға 40 білім гранты бөлінді.
Сонымен қатар, әл-Фарабиге арналған 7 монография, данышпанның дәйексөздер жинағы, «Қайырымдылық» ойлары мен нақыл сөздері қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көрді. әл-Фарабидің бұрын жарияланбаған үш трактаты араб тілінен қазақ тіліне аударылған.
Мемлекеттік хатшыға сонымен қатар мерейтойлық жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Қазақстанда және шет елдерде ұйымдастырған және өткізген негізгі оқиғалар мен іс-шараларды қамтитын «Ұлы Даланың Ұлы есімі» фотоальбомы ұсынылды. Онда еліміздің жетекші университетінің ұлы ойшылдың рухани мұрасын танымал ету, зерттеу, зерделеу, насихаттау және мәңгі есте қалдыру жөніндегі жобалары мен бастамалары туралы баяндалады. Кітап тек фарабитанушы ғалымдар мен ғылыми қоғамдастықтың ғана емес, сонымен қатар оқырмандардың кең ауқымы үшін де қызықты деректермен толыға түскен.
Кездесу соңында Мемлекеттік хатшы, мерейтойлық жылдың аяқталу шарасы әлем ғалымдарының қатысуымен Нұр-Сұлтан қаласында өтетін халықаралық онлайн-форумда қорытындыланатынын жеткізді.

Толымды еңбектің тұсауы кесілді

Осы кездесу аясында әлемде тұңғыш рет жарық көрген «әл-Фараби» энциклопедиясының тұсаукесері өтті. Энциклопедияның мазмұны тарихи деректер, мәліметтер, географиялық нысандар, өмірбаяндық мәліметтер, ойшылдың өмір жолы мен ғылыми мұраларын (трактаттары мен оларға түсіндірмелер), ұғымдар мен терминдер, араб-мұсылман Ренессанс кезеңіндегі белгілі ғалымдардың еңбектерін қамтиды. Онда заманауи зерттеушілер мен қазақстандық фарабитанушылар, сондай-ақ ислам философиясы, дін, мәдениет, ғылым және білім мәселелерімен айналысатын барша ғалымдар туралы библиография­лық мәліметтер келтірілген.
«Бұл – қазақ тіліндегі бірегей энциклопедия. Мұнда ғылыми өзекті материалдар, биыл жоспарланған шаралар, бүгінгі шараға қатысты материалдар топтастырылған. Энциклопедия адамның білім көкжиегін кеңейтеді. Бұл еңбек одан әрі де толықтырыла береді. Бірінші кезекте жастарымыздың гуманизм қағидаттарына негізделген Фараби мұрасын жете түсінгені керек. Жастарға қолжетімді болуы үшін біз бұл еңбектерді орыс және ағылшын тілдеріне аудармақпыз» деді әл-Фараби орталығының директоры Бекжан Мейірбаев.

Машаниге мүсін қойылды

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы әл-Фараби халықаралық орталығында әлемге әл-Машани деген атпен танымал әйгілі ғалым және фарабитанушы Ақжан Жақсыбекұлы Машановтың бюстінің ашылу салтанаты өткізілді.
Ғалымға құрметтің ортасында болған Мемлекеттік хатшы ­Қырымбек Көшербаев салтанатты рәсімдегі құттықтау сөзінде:
«Бүгінгі рәсім – Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойының мерекелеудің өте маңызды бір сәті деп есептеймін. Адамзаттың ұстазының бай мұрасын зерттеу барысында жаңа ғылыми жұмыстар жарық көрді. Ақжан Жақсыбекұлы Машанов геомеханиканың негізін қалау­шыларының бірі бола отырып, қалың жұршылыққа әл-Фараби мұрасын зерттеуші ретінде танымал. Сол үшін араб ғалымдары оны ерекше құрметтеп әл-Машани деп атаған. Терең таным, айрықша ой және араб тілін білу Ақжан Жақсыбекұлына өз өмірінің басты істерін атқаруға – ұлы ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің мұрасын әлемге ашуға мүмкіндік берді. әл-Машани Қазақстан аумағында, атап айтқанда, Отырарда бір кездері Фараб деп аталған Қазақстан мен Орталық Азияның ежелгі мәдени орталығында дүниеге келгенін әлемге ғылыми тұрғыдан дәлелдеген қазақстандық фарабитану мектебінің негізін қалаушысының сіңірген орасан еңбегін қазақ халқы ешқашан ұмытпау керек» деп қазақстандық фарабитану мектебінің негізін қалаушысының ғылым әлеміне қосқан ерекше үлесін атап өтті.
Ғалымға деген үлкен құрмет осыдан жарты ғасыр бұрын 1975 жылы ЮНЕСКО қамқоршылығымен Қазақстанның Алматы қаласында өткен әл-Фарабидің 1100 жылдығына арналған халықаралық форум өткізу туралы шешімнің қабылдануы қазақстандық ғалымның баға жетпес еңбегінің мойындалуының тағы бір көрінісі болды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three + 1 =