Ұлы үдеріс

0 68

Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуын Елбасының орасан зор еңбегінен бөле қарауға болмайды. Бұл ретте ең алдымен оның есімімен байланысты елімізде орын алған төрт үлкен өзгеріс ойға оралады. Атап айтсақ, ол ең әуелі Қазақстанның зайырлы, демократиялық мемлекет ретінде қалыптасуының негізін қалады; елімізде бірден нарықтық қатынастарды жолға қойды; шекараны шегендеді және астананы Арқа төріне көшірді. Мұның бәрі айтарға оңай болғанмен, кеңестік жүйе­нің шырмауынан шыққан жас мемлекет үшін оңайға соқпады. Елбасының осы төрт үлкен қадамына қоса, мен оның аса батылдықпен жасаған бесінші қадамын да атап айтқым келеді. Ол болса шетелдегі қандастарды өзінің тәуелсіз Отанына шақыруы.

Шынымен де сол бір алаң-елең кезде, оң-солы әлі белгісіз, мемлекеттік имиджі толық қалыптаспаған, шаруашылық жағдайы қиын Қазақстан үшін мұндай аса жа­уапты шешімді қабылдау ерлікпен ­пара-пар еді.
Өткен күндерге назар салсам, Елбасының дүйім дүниедегі қандастарға жолдаған сол үндеуінен кейін, Қытайдан Қазақстанға бет алған алғашқы көшке де 27 жылдың жүзі болыпты. 1993 жылы Үрімжіден автобуспен жолға шыққан төрт отбасы 9 сәуір күні Қазақстан топырағына аяқ басты. 1992 жылғы Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайынан соң-ақ, сол алғашқы көштің қатарында келген біздер – Жақсылық Сәмитұлы, Әрмиябек Сағындықұлы, Ғалым Қалибекұлы және мен, бірден елге оралудың дайындығын жасадық. 1993 жылы ақпан айында мен өзіммен бірге көшетін төрт отбасының және Шәуешектегі Алмас Ахметбек досымыздың паспортын алып, виза жасату үшін Пекиндегі Қазақстан елшілігіне бардым. Мені есіктен кіре бере Қазақстанның Қытай Халық Республикасындағы тұңғыш төтенше және өкілетті елшісі Мұрат ­Әуезов пен елшілік қызметкері Биғали Тұрарбеков екеуі қарсы алды. Екеуінің арт жағындағы тұғырда тәуелсіз Қазақстанның жап-жаңа, кіршіксіз көк байрағы өте салтанатты түрде қойылған екен. Әсерленгенімнен көңілім босап, буын-буыным құрып кетті. Мұндай сәтті мен бұрын-соңды басымнан кешкен емеспін. Ол екеуінің де жүзінен: «Қазақстан өз алдымызға ел болдық, мінеки!» дегендей көңіл күйді байқадым. Сөйтсем, мен елшіліктің босағасын аттаған тұңғыш қазақ екенмін. Оны олардың өзі айтты. «Сіз бізге келген бірінші қазақсыз, әрі көшемін деп келген қазақсыз. Мұны ырымдап отырмыз!» деді жайғасып жатып. Қандай тамаша кездесу десеңізші! Төбем көкке жеткендей болды. Ол менің өмірімдегі ең бақытты сәт еді.
Сөйтіп, алғашқы көш ат басын атажұртқа бұрды. Біз ешкімге, еш жерде көшу туралы үгіт-насихат жасаған жоқпыз. Тек қана өзіміздің осы бір үнсіз әрекетіміз арқылы жұртқа ой салсақ, жігерін жанысақ дедік. Қайдан хабар тапқаны белгісіз, біз аттанатын күні Үрімжідегі автовокзалға жиналған жұрттың есебі жоқ еді. Олардың дені жастар болатын. Біз жария жасап, шақырмасақ та, олар Үрімжінің түкпір-түкпірінен құралып, тәуелсіз Қазақстанға бағытталған алғашқы көшті аттандырып салуға келіп тұр еді. Бәрінің жүзінде қуаныш, бәрінің бойынан арындаған ерік-жігер байқалады. Бұл оларға тәуелсіздік берген күш-жігер еді. Бәрінің жанарынан «сіздерге сәт сапар, арттарыңыздан біз де барамыз» дегендей ғажайып от ұшқындайды. Иә, ол жылдар халқымыз үшін ілкімді де игілікті жылдар болды. Неге десеңіз, Қазақстанның тәуелсіздік алуы тұтас дүние жүзіндегі барша қазақты ұйқысынан оятты. Елбасының қазақ құрылтайында сөйлеген сөзі дүйім дүниеге тарыдай шашыраған күллі қазақты ту түбінде тұруға шақырды. Міне, осыдан кейін дүниенің төрт бұрышынан қазақ көшінің екпінді ағыны пайда болды. Бүгінде елге келген ағайындардың ұзын саны миллионнан асады. Бұл, әрине, еліміздің ұлттық потенциалын арттыруға, адами ресурстарын ба­йытуға қосылған қомақты үлес. Сонымен бірге, тәуелсіз Қазақстанға бағытталған көші-қон үдерісі сырттағы ағайынның өздерінің де сонда отырып, ассимиляцияланып, ұлт ретінде жоқ болып кетуінің алдын алған үлкен үдеріс болды. Бұл ретте біздің Қазақ еліне, оның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевқа айтар алғысымыз шексіз.
Сол алғашқы көштің қатарында келген жазушы, Қытай мемлекеттік сыйлығының иегері Жақсылық Сәмитұлы ағамызды айтсақ, ол кісі Қытайдан зейнет жасына таяп қалған кезінде кетті. Сонда да пенсияға аз қалды ғой деп артына қарайламай, ол жақпен барлық байланысын үзіп кетті. Ол ылғи да: «Жақсы ит өлімтігін көрсетпейді» дейтін. Ол: «мен үшін дүниедегі ең үлкен құдірет, ең үлкен қуаныш, ең үлкен байлық – тәуелсіздік! Арманым жоқ, мен соны көрдім, ұл-қызымды тәуелсіз Отанына жеткізсем, өзім солардың өскенін көріп өлсем арманым жоқ!» дейтін. Иә, ол солай арманына жетті. Алғашында жатақханада тұрды. Қарапайым ғана өмір сүрді. Осында келген соң әйгілі «Қаһарлы Алтай» трилогиясын жазып, артына өшпестей мұра қалдыр­ды. Жақсылық Қытайда жүріп бұл шығармасын жарыққа шығара алмас еді. Шығарса да бәрібір жазғаны үшін жазасын тартар еді.
Тәуелсіздіктің арқасында өзім де елге келіп, біраз жетістіктерге жеттім. Тарих ғылымдарының докторы атандым. «Көк бөрілердің көз жасы» атты романым Қазақстан тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған мемлекеттік конкурста бас жүлдені иеленді. «Мәңгілік Ел» идеясының басында тұрған көне түркілер туралы «Мәңгітас» романым мен «Аттила: Балқан тауға барғандар» романым мемлекеттік тапсырыспен жарық көрді. Ақселеу Сейдімбеков, Тұрсын Жұртбай, Қаржаубай Сартқожа сынды ғалым ағаларымның қасында жүріп, көне түркі ұстындарындағы мәтіндерді тарихи-деректанулық тұрғыдан зерттеп, бес монография жаздым. Солардың ішінен «Күлтегін ескерткіші: тарихи-деректанулық талдау» атты монографиям түркология саласындағы үздік жетістіктері үшін берілетін «Күлтегін сыйлығына» (2019 ж.) ие болды. Бірнеше жыл бұрын қазіргі Президентіміз ­Қ.Тоқаев мені жеке қабылдап, Қытай ғалымы Су Бэйхайдың миллион иероглифтен тұратын «Қазақтың жалпы тарихы» атты 4 томдық еңбегін қазақ тіліне аудару туралы тапсырма берген еді. Биыл маусым айында осы тапсырманы мемлекеттік жоба аясында абыроймен орындап шықтым. «Қытай тарихы» деп аталатын 2 томнан тұратын оқулық жаздым.
Қазақстан Республикасы құрылған алғашқы кездерде Қытай өз еліндегі барлық қазақ интеллигенциясының шетелге кетіп қалуынан алаңдады. Егер олар түгелімен Қазақстанға кетіп қалса, бұл демографиялық жақтан да, интеллектуалдық жақтан да Қазақ елінің күшеюіне қызмет етіп, өзімізге кері әсері болады деп қарады. Сол үшін үгіт-насихат құралдарында Қазақстанның басындағы уақытша қиындықтарды әсірелеп көрсетіп, түймедейді түйедей етіп, ағайындарды бері жібермеуге әрекет жасады. Кейбіреулер, тіпті, ­Назарбаев «Ірі Қазақияны» құрғалы жатыр, «қазақ шовинизмі» белең алып келеді деп байбалам салды. Ондай байбаламның алды «ғылыми негізделіп», жекелеген зерттеу еңбектеріне де енгізілді. Осыдан соң келем деген ағайынның жолын қасақана бөгеп, жасанды кедергілерді көбейтті. Бірен-саран қайта көшкен ағайынды кері үгіт-насихаттың құралы етті. Иә, мұның соңы бара-бара ағайындарды мүлде жібермеуге бағытталған саяси шараларға ұласып кетті. Дегенмен сырттағы ағайынның атамекенге деген құлшынысы мен ақ ниетін ешкім шектей алған жоқ. Егер саясат оңала қалса, олардың көп бөлігі әлі де «есің барда еліңді тап» дегелі отыр.
Статистикаға негізделсек, Қазақстанның белсенді көші-қон саясатына қарамастан, қазақ ­диаспорасының мүлде басым бөлігі әлі де шетелдерде қалып қойып отыр. Соңғы уақытта көші-қон үдерісінің баяулауына әсер еткен түрлі кедергілерді еңсеру үшін ҚР Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті тарапынан көптеген жұмыстар жасалды. Парламентте көші-қон заңы өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп қайта қабылданды. Қысқасы, келем деуші ағайынға бар мүмкіндік қарастырылды. Бұрынғыдай бюрократтық кедергілер де алынып тасталды. Осылайша, шетелдегі қандастарға бағытталған көші-қон саясаты Қазақстанның негізгі стратегиялық басымдықтарының бірі болып қала бермек. Ел көшбасшысы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назар­баев бастап берген ұлы үдеріс бұдан кейін де жалғасын таппақ.
Тәуелсіз еліміздің 30 жылдығы да таяп қалды. Осы уақыт бедерінде Елбасы елімізді сан сынақтан алып өтті. Уақыт Елбасының еліміздегі ұлтаралық байланыс және халық­аралық қарым-қатынаста ұстанған саясатының дұрыс екенін дәлелдеді. Сол себептен айналамыздағы алпауыт көршілеріміз бен алыс­тағы азулы елдердің бәрі Нұрсұлтан Әбішұлымен санасады. 2019 жылғы президенттік сайлауда да Нүрекең көрегендік танытты. Президенттік биліктің ешқандай тербеліссіз, сәтті ауысуын қамтамасыз етті. Елбасы сенім артқан Қасым-Жомарт Кемелұлы қазақтың жаңа дәуірдегі мемлекеттілігін одан сайын нығайтуға күш-жігерін жұмсауда. Дүние жүзінің әр түкпіріндегі қазақ қандастарымыз қашанда Қазақстанның көркейіп-гүлденуіне, дамыған алдыңғы қатарлы елдердің қатарынан көрінуіне, халқының бай да бақуатты болуына, сондай-ақ Елбасының денінің сау болып, Қазақстанның жарқын келешегін халқымен бірге бөлісе беруіне тілекші болып отыр. Әлдеқашан Отанға оралған қазақтың бір өкілі ретінде мен де қалың қазақтың осы ізгі тілегіне қосылғым келеді.

Тұрсынхан ЗӘКЕН, тарих ғылымдарының докторы, Л.Гумилев  атындағы Еуразия
ұлттық университетінің профессоры

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

17 − three =