Ұлы тұлғалар – ұлттың бет-бейнесі

0 125

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі әл-Фараби ғылыми зерттеу орталығының ғылыми кеңесшісі, философия ғылымдарының докторы Жақыпбек АЛТАЕВПЕН сұхбаттасып, барша адамзатқа ортақ ұлы ұстаз мұрасының тереңіне бойладық. Ал «әл-Фараби және Абай пікірлерінің рухани сабақтастығы – өз алдына бір зерттеуге жүк болар дүние» деген ғалым қалың оқырманның назарынан тыс қалған ілімнің бетін ашты.– Еліміздегі ең үлкен білім ордасы – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанында құрылған әл-Фараби ғылыми-зерттеу орталығы 1993 жылы ашылды. Орталықтың ашылу тарихын әңгімелеп берсеңіз.
– Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің таңымен қазақтың ғылымы мен білімінің қара шаңырағы атанған Қазақ ұлттық университетіне 1991 жылы Әбу Насыр әл-Фарабидің есімі берілді. Ал 1993 жылы әл-Фараби ғылыми-зерттеу орталығы ашылды. Орталықты отандық фарабитанудың негізін қалаушылардың бірі, профессор, философ Ағын Қасымжанов басқарды.
Содан бері әл-Фараби зерттеу орталығында әл-Фараби мұрасын зерттеп, насихаттауға қатысты монографиялар мен көптеген ғылыми мақалалар жарық көрді. Сондай-ақ әл-Фараби бабамызды әлемдік деңгейде танытуда да іргелі жұмыстар жүргізілуде. 2010 жылдың 18 қарашасында Париж қаласындағы ­ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде белгілі қоғам қайраткері, ақын Олжас Сүлейменовтің ұйым­дастыруымен «әл-Фараби және еуропалық өркендеу дәуірі» атты дөңгелек үстел өтті. Бұл жиынға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары мен қазақ­стандық фарабитанушы ғалымдар өз үлестерін қос­ты. Қазіргі таңда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде арнайы ашылған әл-Фараби музейі жұмыс істейді.
Айта кетерлік жайт, университет ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтанов мырзаның бастамасымен әл-Фараби ғылыми-зерттеу орталығы халық­аралық Абай клубы мен оның президенті, белгілі жазушы Роллан Сейсенбаевпен бірлесе отырып әл-Фараби трактаттарын қайта басып шығару жұмысы жолға қойылды. Бұл еңбектердің қайта оралып, жаңарып бастырылуы жас ұрпақ үшін Фараби мұрасын танып-білуде айрықша рөл атқарады.
Орталықтағы шығармашылық топ әл-Фараби мұрасын зерттеу бойынша гранттық жобаларды сәтті жүзеге асыруда.
Осыдан алты жыл бұрын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 80 жылдық мерейтойына орай тұңғыш рет «І халықаралық Фараби оқулары» өтті. Бұл дәстүр жыл сайын жалғасын табуда. Қазақ ұлттық университетінде «Al-Farabi University Smart City» атты Қазақстан мен Орталық Азиядағы тұңғыш ғылыми-инновациялық жоба қолға алынып, іске қосылуда. Әл-Фарабидің әмбебап рухани құндылықтар негізінде құрылған «қайырымды қала» әлеуметтік идеал идеясы – осы жобаның маңызды рухани-­адамгершілік арқауы.
Осылайша елімізде Әбу Насыр әл-Фараби мұраларын аудару, зерттеу, насихаттау жұмыстары ХХ ғасырдың 60-70-жылдарынан басталып, фарабитанудың әлемдегі ең үлкен орталықтарының біріне айналды. Ал қазақстандық фарабитанудың басында, негізгі ұйытқысы, мұраларын тұңғыш іздеуші, аударушы, ғұламаның өмірі мен шығармашылығы жа­йында өзекті мәселелерді көтеруші ретінде академик Ақжан Машанидың есімі тұратыны – заңдылық.
– Фарабитанудағы өз ғалымдарымыздың сүбелі еңбектері туралы не айтасыз?
– Отандық фарабитанудағы сүбелі еңбектердің бірі ретінде 1975 жылы Әбу Насыр əл-Фарабидің 1100 жылдығына арналған «Мәскеу-Алматы-Бағдад» қалаларында халықаралық деңгейде өткен ғылыми конференцияны атауға болады. Осының арқасында Алматы аз уақыттың ішінде əл-Фараби мұраларын зерттейтін ғылыми орталыққа айналып, ол жұмыстар шетел ғалымдары арасында да кеңінен танымал болды. Сондай-ақ, 1975 жылы Мәскеу қаласында белгілі шығыстанушы ғалым Б.Ғафуров пен А.Қасымжановтың орыс тілінде шыққан «әл-Фараби мəдениет тарихында» атты кітабы ислам философиясы мен мәдениетін зерттеушілер, фарабитанушы ғалымдар арасында үлкен сұранысқа ие болды. Ағын Қасымжановтың 1982 жылы Мәскеу қаласындағы «Мысль» баспасынан жарық көрген «Аль-Фараби» атты еңбегі де әлі күнге дейін өз мәнін жоғалтқан жоқ. Сондай-ақ, белгілі жазушы, қоғам қайраткері Әнуар Әлімжанов­тың «Ұстаздың оралуы» атты романы қазақ оқырмандары арасында үлкен резонанс туғызды.
Жарты ғасырдан астам уақыт аралығында еліміз ғалымдарының ізденіске толы еңбектері бүгінгі таңда тарихқа айналып та үлгерді. Алайда елімізде әл-Фараби мұрасын аудару мен зерттеу, насихаттау жұмыстарын жүргізу барысында кеңестік идеологияның көптеген кедергілеріне тап болғаны жасырын емес. Сол кездегі фарабитанудың басында тұрған отандық ғалымдардың жанкешті еңбектері мен ғылымға деген адалдығын – олардың бүкіл өмірі мен шығармашылықтарын ғұлама мұрасын зерттеу, насихаттау, әлем кітапханаларынан іздеу жұмыстарынан анық аңғарамыз.
Осы орайда тілге тиек етіп өтетін жайттың бірі әлем архивтері мен кітап­ханаларында сақталған Фараби мұрасын жинап, жүйелеп, зерттеп, ғылым игілігіне айналдырып, ұлт мүддесіне жарату мәселесі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен жүзеге асырылған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында әл-Фарабидің он томдық еңбектерінің жарыққа шығуы үлкен маңыз­ға ие дүние деп білеміз. Қазақстанда Фараби мұрасына деген қызығушылық Фараби ілімін зерттеп, зерделеуге ұмтылған ғалымдардың екінші жаңа толқынын қалыптастырды.
– Қазақстандық ғалымдардың Фараби мұрасын зерттеудегі еңбектері өте ауқымды болғанынан хабардар болдық. Ал шетел ғалымдары әл-Фараби мұрасына қаншалықты қызығушылық танытады және ғылыми ортада оның рөлі қандай?
– Әрине, әл-Фараби ­сияқты ғаламдық тұлғаның еңбектері көп уақыттан бері әлемнің көптеген ғалымдары тарапынан зерттеліп келеді. Біздің еліміздегі зерттеулер осы үлкен үдерістің жалғасы десек те болады. Әл-Фараби есімі Еуропа елдеріне ертеден танымал болып, ХII-ХIII ғасырлардың өзінде-ақ оның философиялық трактаттары ежелгі иврит және латын тілдеріне тәржімаланды. Бірақ әл-Фараби мұрасын жүйелі әрі нақты зерттеу оның трактаттарының мәтіні мен аудармаларын басып шығарумен қатар, зерттеу жұмыстары ХVIII-XIX ғғ. ортасында жүйелі түрде жүргізіле бастады. Ортағасырлық Еуропа классикалық байырғы грек философиясымен көп жағдайда әл-Фараби еңбектері арқылы танысты. Мәселен, XII ғ. кезінде оның «Ғылымдар жіктемесі» деген еңбегі латын тіліне екі рет аударылды. «Альфарабиуса» – «Ақылдың мәні туралы», «Сұрақтар негізі» және Аристотельдің «Физика», «Поэтика» еңбектеріне түсіндірмелері, «Бақыт жолы туралы» және логикаға байланысты трактаттары мен өзге де еңбектері XII ғ. бастап XVII ғ. дейін латын тіліне бірнеше рет тәржімаланды. Философтың кейбір трактаттары осы күнге тек латын тіліндегі аудармалар арқылы жетті, ал араб тіліндегі кейбір қолжазбалары, өкінішке қарай, сақталмаған.
Ресейде жиырмасыншы ғасырдың басында оқыр­ман қауым әл-Фараби мен оның ғылымға қосқан үлесі туралы біршама жақсы таныс болды: 1908-1913 жылдары Ресейде жарық көрген «Ф.Брокгауз бен И.Ефронның Еврей энциклопедиясында» әл-Фарабидің кейінгі дәуір философиясының дамуына ықпалы туралы көлемді әрі мазмұнды мақала жарияланды.
Әл-Фараби туралы энциклопедиялық мақаланы жазуға арабтілді философия бойынша XIX ғасырда шыққан жарияланымдар негізгі дереккөз ретінде пайдаланылды: Де Россидің 1807 жылғы араб тарихи сөздігі, Бонда басылған Шмольдерстің «Documenta philosophorum arabаm еңбегі» (1836), Фарабидің өмірбаянын сыни тұрғыда қарастырған М.Штейншнейдердің Санк-Петербургте 1869 жылы шыққан «Аl-Ғаrаbі (Аlphаrаbіys) Philosophen Leben dеs аrаbіsсһеn аnd Sсhrіgtеn» еңбегі, 1890 жылы Ф.Дитрицийдің редакциясымен неміс тіліне аударылып, жарық көрген әл-Фараби шығармалары үзінділерінің жинағы, сондай-ақ, 1898 жылғы К.Броккельманның «Араб әдебиетінің тарихы» еңбегіндегі әл-Фарабиге қатысты сілтемелер қолданылған.
– Әл-Фараби ілімінің Шығыс пен Еуропа ғылымына ықпалы туралы не айтасыз?
– Орта ғасыр кезеңінде әсіресе әл-Фараби өзінің философиялық жүйелі ойларымен, ғылым тарихында, логика, музыка теориясы, астрология, теоретикалық медицина, математика, мемлекет іліміне қатысты өзінің ізгі ойларын білдіре отырып, әлемдік ғылымға өзіндік ізін қалдырды. Оның ойлары ибн Сина және ибн Рушд сияқты кейінгі философтар еңбектерінде жалғасын тауып, Спиноза философиясына және ол арқылы француз философиясына айтарлықтай өз ықпалын тигізді. Демек, әл-Фараби философиясы тек ислам дүниесіндегі, яһуди ортасындағы әлеу­меттік-философиялық идеялардың дамуына әсер етіп қоймай, Батыс Еуропаға да өз ықпалын тигізді деп айта аламыз. Академик М.Хайруллаев айтқандай, «әл-Фараби философиясы Ибн Баджа, Ибн Туфейл және Ибн Рушд секілді аса көрнекті ғалымдарды дүниеге әкелген XI-XIII ғғ. «арабтық» Испания және Солтүстік Африкадағы алдыңғы қоғамдық-философиялық ойлардың дамуына шешуші ықпалын тигізді».
Белгілі философ Ибн Баджа (XI ғ. аяғы – 1138 ж.) әл-Фарабидің бірсыпыра идеяларын әрі қарай дамытты. Оның адамның мінезін кемелдендіруі мен бақытқа жету жолдары баяндалған «Жалғыз өмір сүру салты туралы» деген басты еңбегінен әл-Фарабидің ықпалын аңғарамыз.
Әл-Фараби философиясы мен логикасы Ибн Туфейл­ге де (1110-1185) әсер етті, «Хай Якзанұлы туралы роман» деген еңбегінде ғылыми ойдың дамуына ықпалын көрсетеді.
Әл-Фарабидің Еуропа ғылымына әсері оның ізбасарлары ибн Сина, әсіресе ибн Рушд арқылы көрініс тапты деп айта аламыз. ­Ибнрушдшылдық, негізінен, XIII-XIV ғғ. прогрессивті француз және италия философиясына қатты әсер етіп, оның негізі болды. Батыс Еуропа ортағасырының ірі ойшылдары Роджэр Бэкон, Дунс Скот өздерінің теориялық еңбектерінде әл-Фараби, ибн Сина, ибн Рушд туындыларын пайдаланды. Спинозаның кейбір трактаттарының құрылымы мен бағыты жағынан әл-Фараби еңбектеріне жақын екенін аңғарамыз. Осман Әмин әл-Фараби мен Спинозаның концепцияларының өзара ұқсас екенін тілге тиек етеді. И.Мадкур екі ойшылдың ақыл мен пайғамбарлық жайындағы идеялық ұқсас­тықтарын көрсетеді. Олардың ішінде әл-Фараби мен Спинозаның әлеуметтік-сая­си концепциялары туралы ойлары бір-біріне өте ұқсас. Мысалы, бақытқа жетудің жолдары, мақсаты, мемлекетті басқарудың формасы мен функциясы, т. б. Спиноза әл-Фараби секілді өзінің қоғам туралы ілімін адамның «шынайы» табиғатынан шығарады, мемлекеттің мақсаты әрбір адамды ақылмен басқарып, бақыт пен еркіндік сыйлау дейді. Жан-Жак Руссоның «қоғамдық келісім» идеясы әл-Фарабидің адамдардың индивидуалды армандарының бірлігі ретіндегі со­циум ұғымымен үндес. Сондай-ақ әл-Фарабидің «білім – интуицияға негізделген» деген ойы Нико­лаустың, Шеллингтің, Бергсонның және Штейнердің еңбектерінде өз жалғасын тапты. әл-Фарабидің адам туралы негізгі идеясы, макро және микрокосмос әлемі туралы ойларын Николаус, Лейбниц, Спенсерден бұрын айтқан еді. Әл-Фарабидің ақылға негізделген этикалық жүйесі Еуропада тек ХIХ ғасырда Иманнуил Кант философиясында көрініс тапты. Немістің атақты шығыстанушы ғалымы Ф.Детриций сынды зерттеушілердің пікірінше: «Шығыста Аристотель әл-Фарабидің еңбектерінің арқасында ғана Аристотель атанды» дейді. Көптеген ортағасырлық ғалымдардың айтуынша, әл-Фараби – ортағасырлық еуропалық ойдың қалыптасуына әсер еткен перепатетизмнің негізін қалаған тұлғалардың бірі. Шығыс перепатетиктері әл-Кинди, әл-Фараби, Ибн-Сина, Ибн Рушд сындылар Аристотель еңбектерін талдап, Еуропаға кеңінен танытты.
Арабтілді ортағасырлық философия көне гректік философияның бас­тауы ретінде бағаланып, шығармашылық тұрғыдан дамытылып, танымал болды. Әл-Фараби Шығыс пен Еуропа мәдениеттерін байланыстырушы дәнекерге айналды.
– Сөзіңізге қарағанда, шетел ғалымдары да, орыс ғалымдары да ұстаз мұрасына үлкен қызығушылық танытқан екен. Ал кеңестік кезеңде әл-Фараби мұраларына қандай көзқарас болды?
– Әл-Фарабидің кеңестік ғылымға қайтып оралуы жөнінде айтсақ, орыс тіліндегі «Еуропалық энциклопедияда» келтірілген материалдарға ХХ ғасырдың жетпісінші жылдарына дейін айтарлықтай назар аударылмады. Бұл Кеңес Одағындағы гуманитарлық ғылымның дамуының бірқатар ерекшеліктеріне байланысты болды. Мысал ретінде жаңадан жасалған марксистік-лениндік ілімнің басымдықтарына академиялық пән ретінде философияның бағындырылуын атауға болады. Онда ислам философиясындағы араб-мұсылман ойшылдарының іліміне мүлде орын болмады.
«Классикалық» шығыс­тану саласында кеңестік мерзімде тарих, лингвистика және әдебиеттану бойынша зерттеулерге баса мән берілді. Шығыс философиясы бойынша еңбектерді зерттеу үшін шығыстанушыларға, тіпті арнайы тілдік дайындықтан өткен мамандарға да әл-Фарабиді түсіну үшін өте қажет байырғы грек философиясы бойынша білім жетіспеді.
Еуропада философия тарихы бойынша зерттеулер жалғасып жатқан кезде, Кеңес Одағында орыстілді оқырманға аса таныс емес және Құдайды жоғарғы ақыл-ойдың сатысы және мәннің ең басты себебі ретінде түсіндіретін, өткен кезеңдегі Шығыс ойшылының мұрасына бет бұруы мүмкін емес болатын.
Мұсылмандық философиядағы әл-Фарабидің орны және араб әлеміне Аристотельдің ықпалы туралы Мадкуридің 1934 жылы Парижде шығарған еңбектерін, сондай-ақ әл-Фарабидің латын тіліндегі ортағасырлық аудармалары туралы Бедоренің (1938) және Салмонның (1939) мақалаларын да кеңестік ғалымдар бірден байқай қойған жоқ.
Әл-Фараби мұрасына ұлтшылдықпен, космополитизммен және «басқаша ойлаудың» осындай көрі­ніс­терімен күрес жөніндегі идеологиялық науқан саябырсығаннан кейін ғана бет бұра бастағанын білеміз. Бұрынғысынша, «құдай іздеушілікпен» тығыз байланысты тақырыптар жайында сөз қозғау нәтижесіз болды және теология тұрғысында мұсылман философтары еңбектері зерттеулерінің кеңестік академиялық институттарда мақұлдануы да екіталай еді. Алайда «парасатты ойды» іздеу барысында тәжірибе жинақтаған кеңестік ғалымдар жаңаша «тұжырымдаудың» – пәнді оңтайландыру арқылы өз зерттеулеріне қол жеткізе алды.
Әл-Фарабидің бай философиялық мұрасына философиялық көзқарас тұрғысында «парасатты ой» ретінде, бірінші кезекте, әлеуметтік философия мәселелеріне, әлеуметтік әділдік пен жалпы игілік проблемаларына арналған шығармалар іріктелді. 1978 жылы «Үлкен Кеңестік Энциклопедия» басылымында әл-Фарабидің әлеуметтік көзқарастары баяндалған мақала енгізілді: «Әлеуметтік-этикалық трактаттарында әл-Фараби билеу­ші-философ басқаратын, оған қоса имамның, діни қауымның жетекшісі міндетін атқаратын, өздері ақиқаттың «белсенді зиятынан» алатын ақиқатты образдық-символдық формада жұртшылыққа беретін «қайырымды қала» туралы ілімді дамытты. Әл-Фараби «надан қалаларды» жағымсыз адами қасиеттерді мансұқтайтын қалаларға қарсы қойды».
– Әл-Фараби мен Абай арасында байланыс бар ма? Философия­лық көзқарастарының сабақтастығы туралы не ойлайсыз?
– Хакім Абай – әл-Фараби бастаған ойшылдар көшінің заңды жалғасы, ұлылар сабақтастықтың алтын арқауын келер ұрпаққа аманат еткен кемеңгер. Ұлы ойшылдардың арасындағы үндестіктің болмауы мүмкін емес. Фараби мен Абайдың әлеуметтік-этикалық идеялары бір жерге келіп тоғысады. Абай өз шығармаларындағы әманда жүрек культін шешуі орынға қоятыны белгілі. Оның қара сөздері (17-сөз), өлеңдері – жоғарыда айтқан сөзімізге бірден-бір дәлел. Әл-Фараби және Абай пікірлерінің рухани сабақтастығы – өз алдына бір зерттеуге жүк болар дүние. Осы орайда әл-Фараби мен Абай танымдарындағы үндестік адамның «өзін танымақтық» немесе «жан қуаты» туралы ілімді атаймыз. Абай – бұл қазынаға терең бойлаған данышпан. Сондай-ақ әл-Фараби қолданған «жан қуаты» тәрізді философиялық терминдер Абайдың өлеңдері мен 7, 17, 27, 38, 43-қара сөздерінде қазақы ұғымға сай балама сөздермен берілуі кездейсоқ құбылыс емес. Әл-Фараби мен Абайдың ғылымды жіктеу принциптері жайындағы сабақтас­тық мәселесі – ғылыми тұрғыдан зерттеуге сұранып тұрған күрделі тақырыптардың бірі. Ақжан Машани осы рухани байланысты «Әл-Фараби және Абай» атты еңбегінде жан-жақты зерделеген. Екі ойшылдың да нәр алған бастау-бұлақтары – дәстүрлі түрік һәм ислам рухания­ты. Олар осы екі қайнардың да қуатын, парасатын паш ете алды. Мұны айрықша атап өткеніміз жөн. Биыл әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен Абайдың 175 жылдығын қатар атап өтуіміздің мән-мағынасы зор. Атқарылмақ іс-шаралардың да мазмұндық астарына ден қоюға Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың да шақырып отырғаны бекерден-бекер емес. Ұлы ойшылдардың даналық ілімінен алар тағылым-тәліміміз көп. Телегей-теңіз мұрадан келер ұрпақтардың да өз іздегендерін табатыны анық.
– Әл-Фараби ілімінің қазіргі қоғам дамуына ықпалы қандай деп айта аламыз?
– Ұлы жерлесіміз, ғұлама ғалым әл-Фараби еңбектері күні бүгінге дейін маңызын жоғалтқан жоқ, кемеңгер мұрасының қазақ даласына қайта оралуы және оның мемлекет басқару жөніндегі тұжырымдары, әлеу­меттік-этикалық, саяси, философиялық, діни көзқарастары қазіргі жаһандану аясындағы қоғамымыз үшін өте маңызды.
Сөзімізді қорытындылай келе, мына бір ойды айт­қымыз келеді: ұлы тұлғалар – халқының бет-бейнесін айқындайтын рухани құндылық иелері. Қазақ топырағындағы Отырар қаласында дүниеге келіп, түрік ғылыми дүниетанымын әлемге мәшһүр еткен Әбу Насыр әл-Фараби – адамзаттың кемелдікке деген үздіксіз ұмтылысын көрсеткен тұлға, Батыс пен Шығыстың өркениет­терінің рухани тұрғыда өзара жақындасуына зор еңбек сіңірген қайраткер. Әлемдік өркениетте өзіндік дара орны бар ұлы жерлесіміз әл-Фараби іліміне қайта оралу, танып білу, ұлт мүддесіне жарату таусылмас рухани азық, баға жетпес рухани құндылық деп білеміз.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды