Ұлы ойшыл мұрасын ұлықтайық

0 31

Кеше Алматыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде әлемге әйгілі ойшыл, ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойының ресми түрде салтанатты ашылуы болды. Биыл ЮНЕСКО-ның қолдауымен халықаралық ауқымда өтетін бабамыз тойы­ның ашылуына 40-тан аса елден қонақтар келді.Салтанатты шараға Мемле­кеттік хатшы Қырымбек ­Көшербаев, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, мемлекет және қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Мерекелік жиынға қатысушылар алдымен Қазақ ұлттық университетінің бас алаңындағы әл-Фараби ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Содан соң қонақтар аталған оқу орнының қабырғасынан әл-Фараби атындағы кітапхана – орталығының ашылуына қатысып, ұлы тұлғаға арналған музей жәдігерлерімен танысып, ғалымның шығармалары қойылған көрмені, сондай-ақ Қазақстанның Тұңғыш Президентіне, Абай мен Алаш қозғалысының қайраткерлеріне, сирек кездесетін және құнды кітаптар қорына арналған цифрлық залды аралап көрді.
Одан кейін Студенттер сарайында салтанатты жиын басталды. Мұнда алғашқы болып сөз алған Мемлекеттік хатшы ­Қырымбек Көшербаев жұртшы­лықты Әбу Насыр әл-Фараби мерейтойының ашылуымен құттықтап, асыл бабаның ерен тұлғасы мен жан-жақты шығармашылығы жайында парасатты ой қозғады.
– Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында әйгілі ғұламаның тұлғасы мен мұрасына лайықты баға берді. әл-Фараби – қазақ халқының ғана емес, бүкіл әлемдік өркениеттің рухани игілігі, ислам және әлем философиясының жарық жұлдызы. Ол әлемді тануға және барлық адамзаттың рухани дамуына теңдессіз үлес қосты. Сондықтан осы айтулы мерейтой биыл ЮНЕСКО-ның атаулы күндері тізбесі аясында халықаралық ауқымда аталып өтеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен жүзеге асқан ЮНЕСКО-ның бұл шешімі ғаламның Аристотельден кейінгі екінші ұстазы атанған кемеңгердің қазақ халқының үлесінде болуын орнықтыра түсетін тарихи сәт екені анық, – дей келіп Мемлекеттік хатшы ғұлама бабамыздың әлем тарихындағы рөлін айқындап, есімін ұлттық бренд ретінде ұлықтау керектігін айтты.
– әл-Фарабидің ғылыми мұрасы – бүкіл әлемдік ғылым дамуының тарихи іргетасы және бастау көзі. Ұлы ойшылдың 160-тан астам трактаты ғылымның негізгі бағыттарын дамытуға ықпал етті. Ол математика, филология, химия, биология, астрономия, философия, медицина, әлеуметтану, саясаттану, құқықтану, этика және басқа да салалардың дамуына өлшеу­сіз үлес қосты. әл-Фарабидің шы­ғармашылық болмысы батыс пен шығыс өркениетін байланыс­тыратын алтын көпірге айналды. Оның трактаттары еуропадағы ғылымның дамуына және дүниетанымның қалыптасуына тікелей әсер етті. Оның дүниетанымы, адамзат өркениетіне көзқарасы, жер бетіндегі барлық адамдарға бірдей түсінікті әрі тартымды. Өзінің қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары жайындағы трактатында ол мейірімді адамдар тұратын шаһардың моделін жасады. әл-Фарабидің қайырымды қоғам туралы ілімі бүгін адамзат үшін маңызды, –деді Қырымбек Көшербаев.
Төрткүл дүниеге танымал тұлғаның 1150 жылдық тойының Алматыдан бастау алуында өзіндік сыр бар екенін айт­қан, Алатау етегіндегі әсем шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев: «Себебі еліміздегі ең басты оқу орны – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі ұлы ғалымның мұраларын зерттейтін іргелі орталық та, Ұлттық академия да Алматыда қоныс тепкен. Оған әл-Фараби кітапханасы мен орталығын қосыңыз. Қазіргі әлемдік қауымдастықпен тығыз араласу барысында біз ұлтымыздың ең басты құндылықтары мен тарихи тұлғаларын жаңа қырынан танып, оларды жұртшылыққа кеңінен насихаттау аса маңызды болып отыр. Бұл үдеріс тек рухани кемелдену арқылы әл-Фараби, Ясауи, Абай сынды заманынан озық туған данышпандардың еңбектерін жаңаша бағалап, солар айқындап берген даңғыл жолмен жүру арқылы жүзеге асады. Бүгінгі шараның себепкері – Ортағасырлық ғұлама ойшыл, энциклопедист-ғалым, философ, Әбу Насыр әл-Фарабидің рухани мұрасы – әлемдік ғылымның дамуына өлшеусіз үлес қосқан білімнің сарқылмас қайнар бұлағы. Елдігіміз бен интеллектуалдық әлеуетімізді әлем жұртшылығына көрсететін ғұламаның қазақ топырағынан шыққаны – біздер үшін зор қуаныш» деді Алматы әкімі.
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов өз сөзінде ұлы философтың мерей­тойы – әлемде оның есімімен аталатын бірден-бір уни­верситеттен басталғаны зор қуаныш, үлкен мәртебе екендігін айтты. Сонымен бірге ректор арада он бір ғасыр өтсе де, ғалым ілімінің қазіргі алмағайып заманда өте өзекті әрі қажетті екендігін әңгімеледі.
Сондай-ақ жиын барысында алыс-жақын шет елден қонақтарда сөз алып, ойшылдың еңбектері туралы салиқалы сөз өрбітті.

Ұлы тұлғаның мерейтойына арналған салтанатты жиынның соңы мерекелік концертке ұлас­ты.

Нұр-Сұлтан-Алматы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды