ҰЛЫ МҰРАТТАРМЕН МӘНДЕС ИДЕЯ

0 109

Ассамблея

Тарихтың санқилы нәубетті кезеңдерін бастан кешірген қазақ халқы бүгінде әлемдік қауымдастық мойындаған еңсесі биік елге айналды. Егемендігімізді жариялап, тәуелсіздікке қол жеткізген сәттен бастап мемлекет басшылығы алдында терең саналы білімділік пен қажырлы еңбекті талап ететін, ел тағдырын айқындаушы ұлы міндеттер тұрды.

Солардың бірі еліміздің құқықтық өміршеңдігін, саяси жүйенің сипаты мен қызметін белгілейтін негізгі құжат – Конституция. Қысқа мерзім ішінде Ата Заңды жасап, оны бүкілхалықтық рефендум арқылы қабылдағаны талай жұртшылықты таң қалдырғаны рас. Осы бағытта бізді құптағандар мен сыни тұрғыдан қарағандарға да мән берместен өлшеулі уақыт, табанды талап, шығармашылық іс-әрекеттің арқасында алға қойған мақсатымызға жеттік.

Қазіргі таңда Қазақстан – жаңа саяси-құқықтық жүйесі мен экономикалық құрылымы, азаматтық қоғамы бар тұғырлы мемлекет.

Конституциямыздың «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып, өзiмiздi еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзiлiк қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып….» – деген сөздерден басталуы – біздің ұлттық идеологиямызды дәріптеуші жоғары құндылықтарымызды айқындайды.

Мемлекеттіліктің қалып­тасуындағы Конституцияның рөлі мен маңызы қазіргі кездегі Қазақстанның амбициялы ұмтылысына сәйкес жаңа мақсаттар мен міндеттерді жүктейді, қажетті құқықтық негіздерді бекіте отырып, заманауи нарықтық экономиканың тиімді моделін қалыптастырды, саяси тұрақтылық пен ұлтаралық және конфессияаралық келісімді қамтамасыз етті. Сонымен бірге, қоғамдағы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүйесінің негізі қаланып, қазақстандық патриотизм мен ұлттық бірліктің идеологиялық құндылықтары айқындалды.

Елбасының 2014 жылғы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауы біз үшін заманалық маңызы зор, айтулы оқиға болды. Ең бастысы – еліміздің рухын көтеретін, ұлы мақсаттарға жеткізетін «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы жарияланды. «Мәңгілік ел» идеясы – елімізді өз мақсатына талай дәуір сынынан сүріндірмей жеткізетін тұғырлы идея.

Республикада «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» принципі бойынша бірегей көпэтникалық және поликонфессиялық қоғам қалыптасты. Бұл нығайтушы идея Қазақстан халқын бір ортақ айқын мақсаттағы бір елге топтастырады.

«Мәңгілік Ел» біздің мемлекеттігіміздің жеті негізгі құндылықтан тұратын жаңа ұлттық идеяны қамтиды. Олар, Елбасы атап көрсеткендей:

Біріншіден, бұл – Қазақстанның тәуелсіздігі және Астанасы.

Екіншіден, бұл – қоғамымыздағы ұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім.

Үшіншіден, бұл – зайырлы қоғам және жоғары руханият.

Төртіншіден, – индустрияландыру мен инновацияларға негізделген экономикалық өсім.

Бесіншіден, – Жалпыға ортақ еңбек қоғамы.

Алтыншыдан, бұл – тарихтың, мәдениет пен тілдің ортақтығы.

Жетіншіден, бұл – еліміздің ұлттық қауіпсіздігі және бүкіләлемдік, өңірлік мәселелерді шешуге жаһандық тұрғыдан қатысуы.

Аталған контексте «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын әрбір қазақстандық өзінің санасында бекемдей отырып және өз мемлекетімен бірігіп, жоғары белестерге және жеке табыстарға бірге қол жеткізіп, сонымен қатар барша әлемдік қауымдастыққа өзінің басты игілігі – жоғары рухтылық, әралуандықтағы бірлік пен жасампаздыққа ұмтылушылықты көрсетуі тиіс екендігі маңызды.

Өз заманында данамыз ұлы Абай «татулықтан артық жолдас жоқ» деген екен. Сол сияқты әлемдік аренада сыртқы саясатты жүргізудің бейбіт сүйгіш принципін ұстана отырып, біздің қазақ жеріндегі әр түрлі ұлттар, конфессиялар мен мәдениеттердің өкілдері бейбітшілікте, келісім мен достықта өмір сүріп келе жатқандығын барша әлем жоғары бағалауда.

Мемлекеттің идеологиялық бағдарының тиянақталуы өте-мөте маңызды, өйткені ол дін сияқты нәзік салада одан әрі ілгерілеуді қамтамасыз ету үшін берік негіз болады.

Бүгінгі күні дін саласындағы мемлекеттік саясат болжанбалы басқарылатын діни үдерістер мен мемлекеттік-конфессиялық қатынастардың тұтас жүйесін құру бойынша Елбасы Н.Ә.Назарбаевпен айқындалған стратегияның шеңберінде қалыптасуда.

Қазақстанның қазіргі кезеңдегі діни ахуалы мемлекеттік институттар рөлінің, әсіресе – Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Дін істері комитеті, сонымен қатар осы саладағы реттеушілік механизмдерінің күшеюімен сипатталады. 2011 жылы қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер» туралы Қазақстан Республикасының Заңы тиімді әрекет етуде. Мәселен, елімізде ислам мен православие, сонымен бірге басқа да діндердің арасындағы бекіген игі қатынастар тарихи заманнан қалыптасқан. Аталған фактордың әсерінен ең негізгі конфессиялардың қызметі қоғамдық құрылым үшін бірегей және пайдалы сипатқа ие болады.

Түйінін айтсақ, Мемлекет басшысының стратегиялық саясатын қолдап және оны жүзеге асыра отырып, біз «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын былай түсінуіміз қажет: яғни барлық қазақстандықтардың, азаматтық институттардың, мемлекеттік құрылымдардың ортақ міндеті – халықтың топтасуы барысындағы қол жеткізген межеде тоқтап қалмай, Отанымыздағы бейбітшілік пен тыныштықты сақтауға бағытталған ұлттардың өзара достық қарым-қатынастарын одан әрі тереңдету және жетілдіру.

Осыған орай Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың мынадай сөздері әрдайым еске оралады: «Табысты дамуға қажетті шарт – бейбітшілік, тату көршілік және өзара сенім ахуалын орнықтыру».

Ата – бабаларымыз аңсаған «Мәңгілік ел» рухын бекемдеу үшін әрбір қазақстандық азамат, елімізді мекендеген әрбір ұлт осы бағытта аянбай еңбек етіп, ұлттық бірлігіміз асқан байлық екендігін өскелең ұрпақтың санасына сіңдіру қажет. Сонда ғана мемлекетіміз ұлттық стратегиямыздағы белгіленген мақсаттарға қол жеткізе отырып, әлемдегі ең қуатты, гүлденген елге айналады.

Азамат ЖЕТПІСБАЕВ
«Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы» РММ директорының міндетін атқарушысы,
Ержан ИБРАЕВ
Хрестиандық және Қазақстан үшін дәстүрлі емес діни ағымдарды зерттеу бөлімінің басшысы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

sixteen − 10 =