©2020 Астана Ақшамы
Ұлы мемлекеттің жұрнағымыз

– Ескі жыл бітіп, жаңа жыл келгенге ел қуанады. Жаңа жылдан жұрт жақсылық күтеді. Халқымызда сондай кемел қасиет бар. Өткен жылға бәріміз де ризамыз, ит жылы елімізге жайлы болды. Дүниеде бақыттың екі қанаты бар: біріншісі – бейбіт өмір, екіншісі – халқымыздың азаттығы. Осы екі қанат аман болса бақыт құсы алысқа ұшып, биіктейді. Бұрын қариялар «Иә, айналайын, Жаратқан, халқымызға бейбіт өмір бере гөр!» деп тілеуші еді. Мен де осы тілекті жұртыма тілеймін. Еліміздің тәуелсіздігі мәңгілік болсын! Осы екі тілек орындалса ел де, жұрт та аман болады, береке де, байлық та, жақсы өмір де басымызға келеді.
Біздің халқымыздың ілгеріден келе жатқан ғажайып тарихы, керемет қасиеті бар. Басқаларда кездеспейтін мол қасиет бізге біткен. Содан ажырамайық. Осы асыл қасиетімізді одан әрі дамытып, берік сақтап, ұрпаққа жеткізейік. Ата-бабамыздан қанымызға сіңген болмысымыз балаларымызға дарып, сол жолмен жүрейік! Әр халыққа бөлек тіл, бөлек тағдыр берген. Біздің тағдырымыз да ерекше. Біреуден үйренген іс жақсы болмайды.
Әр жұрт өз жолымен жүреді. Бабаларымыздан қалған әдемі әдет-ғұрып, тәртіп, ізеттілік, бай өнеріміз бар. Сол салт-дәстүріміз бен өнерімізді жарқыратып көрсете білейік. Мен біраз жерді аралаған адаммын. Сонда өзге елдің аузы дуалы тұлғаларының «Сіздер жұмақ жерде өмір сүріп жатырсыздар. Осындай жерді қалдырған бабаларыңыз кемеңгер, ақылды, батыр болған екен» деген парасатты сөздерін көп естідім. Олар оны шынайы пейілдерімен айтты.
Біз жай халық емеспіз. Ұлы халықтың ұрпағымыз. Бұрын болған ұлы мемлекеттердің жұрнағымыз. Тақыр жерден басымызды көтерген жоқпыз. Біз ұлы тарихымызды алға жалғап келе жатқан жұртпыз! Сондықтан болашағымыздың зор екенін ұрпақ түсінуі, сезінуі керек. Сонда біздің ісіміз алға қарай басады. Халқымыз осы жолмен жүрсін деп тілеймін!