Ұлы көшке үн қосқан

0 33

Менің журналистік қызметім сонау 1967 жылы Қазақ радиосында басталды. 1987 жылы отбасы жағдайыммен Павлодар облыстық телерадиокомитетіне ауысып, облыстық радионың қазақ бөлімінде бас редактор болып жүрген кезімде мені Қазақ радиосының Павлодар облысындағы меншікті тілшісі қыз­метіне бекітті. 10 жыл қатарынан тілші болдым. Астана Алматыдан Ақмолаға ауысып, облыстардағы тілшілер қосыны жабылды. Бас директорымыз Төрехан Данияр Алматыдан негізгі редакторлар құрамы келгенше мені алты ай бұрын Ақмола облыстық телерадио корпорациясына қызметке ауыстырды.

1998 жылдың 1 қаңтарында Алматыдан арнайы жасақталған шығармашылық топ та келіп қосылды. Оларға алғашқы кезде үш бөлмелі пəтер берілді. Ұлы бар, қызы бар – бəрі бірге тұрды. Кейін оларға үй берілді. Таңғы алтыдан Астана радиостудиясы əуе толқынына шығады, елордадағы жаңалықтарды, қаланың құрылыс қарқыны мен əлеуметтік-экономикалық өсіп-өркендеуі, мәдени өмірі жайында хабарлап тұрдық. Шынын айту керек, бастапқыда оңай болған жоқ. Мүлде білмейтін, танымайтын қалада не туысың, не танысың жоқ бұл шаһарға үйреніп кету қиын болды. Сол жылы қыс та қаһарына мініп, хабар тарататын студиямыз тастай суық, журналистеріміз бірінен соң бірі суық тигізіп, өкпе қабынуынан ауруханаға кезек-кезек түсіп жатты. Денсаулықтарын мүлде жойып алғандар да болды.
Қазақ радиосының Астанадағы филиалында шектеулі ғана шығармашылық топ жұмыс істеді. Елордадағы әкімшілік пен департаменттер, министрліктердің жұмыс барысын, Үкімет пен Президенттің жүргізіп жатқан саясатын насихаттап, оны оперативті түрде жеткізіп отырдық. Дегенмен осындай аз шығармашылық топпен қыруар жұмыс атқардық.
Редакторлардың жетіспеушілігі соншалықты, қалай ауырсақ та, бюллетень алмайтынбыз. Тек құлап жатсақ қана ауруханадан бір-ақ шығатынбыз. Алматының Қазақ радиосынан келген директорымыз Қайрат Мұсақұлов – жұмысын білетін білікті басшы. Жұмысты жақсы ұйымдастырып отырды. Қазақ радиосының комментаторлары болып менімен бірге қызмет жасаған Базарбек Түкібай, Асан Сарқұлов, Надежда Самсонова, Морис Абдуллин, Алмира Тілеуханқызы, Серік Мұқашев, Бекжан Әліқұлов, Сайран Құсайынова, Светлана Зиновьева, Күләш Молдахметова және кейін келіп қосылған редакторлар Елена Трифонова, Айнұр Дайрабаева, ­Базаркүл Үмбетова, Сәуле Досжанова және менің ұлым Мадияр Балтабай жан аянбай қызмет етті. Ал комментаторлар таңғы алтыда және түнгі эфирге графикпен шығып тұрдық. Таңғы алтыда эфирді ашып, түнгі 12-де эфирді жабатынбыз.

Бір қызығы, 50-ден ассам да, мен де олардан қалыспай, асып түспесем, кем қалмайтынмын. Тікелей эфирге шығып, авторлық хабарларымды дайындап, елордадағы күнделікті өтіп жатқан əртүрлі шараларға қатысып, жастардың алдында өзімнің шапшаңдығыммен əрі жауапкершілігіммен көзге түсуге тырыстым. Павлодардан да жиі хабар беріп тұрдым. Менің хабарларымның режиссері Совет Бекішов болды. Тəжірибесі мол, музыкаға бейім, өнерді жанындай сүйетін. Қай хабарға қандай əн салатынын бірден таңдайды және ерекше көркемдейді. Хабарды монтаждағанда өте шебер монтаждайды. Артық сөйлемдерді алып, басқа сөйлемдерді мағынасына қарай бір-бірімен қосып, əдемі сөйлем құрайды. Сөйлетіп əкелген адамыңды танымай да қаласың. Әрбір дайындаған бағдарламасы бір-біріне ұқсамайды. Тақырыптың мақсатын, мағынасын ой елегінен өткізіп, автордың ойын дөп басатын. Режиссер өзі осы Астанадағы Қазақ радиосында құрметті демалысқа шыққанша қызмет атқарды. Бүкіл өмірі осы біздің радиода өтті деуге болады.
Қазақ радиосында өз жұмысына жауапкершілікпен қараған Гүлжанат Байшотқызы да білікті дыбыс режиссері, ісіне мығым болды. Ол да осы радиодан құрметті зейнетке шықты. Сол сияқты Гүлжан Саметова, Наталья Гуляева, Галина Насань – менің есімде ерекше қалған қызметтес достарым.
«Астанадан сөйлеп тұрмыз!» деп эфирді ашқанымда, жүрек қағысым жиілеп, кеудемді қуаныш кернейтін. «Астана» деген сөздің өзі мен үшін қасиетті ұғым болды, сондықтан да оған мен үлкен жауапкершілікпен қарадым. Қазақстан Тəуелсіздігінің 10 жылдығын атап өтерден тура бір жыл бұрын Ақмолада Үкіметтің кеңейтілген үлкен мəжілісі болды, оны Мемлекет басшысы өзі өткізді. Бұл мəжіліске сол жолы Қазақ радио­сынан мен барған едім. Мәжілісте Елбасының айтқан əрбір сөзі маған ой тастады. Жігерленіп отырдым. «Бұл Тəуелсіздік қазақ халқына оңайлықпен келмегенін білесіздер, он жылдыққа орай мына отырған сіздердің əрқайсыңыз бір-бір үлкен жұмыс атқарсаңыздар, ел игілігіне қосқан үлестеріңіз болар еді» деген Президентіміздің сөзі маған үлкен ой тастады.
Радиоға келіп жұмысымды тапсыр­ған соң ойландым. «Мен қандай үлес қоссам болады?» деп өз-өзіме сұрақ қойдым. Күні-түні ойланып, бір шешімге келдім. Ертеңіне ҚР Парламент депутаты Фариза Оңғарсынова ақынға жазба ақындарының радиомүшəйрасын ұйымдастырсақ, сіз қазылар алқасын басқарсаңыз қайтеді деп өз пікірімді айттым. Ол кісі ойланбастан қолдау көрсетті. Қуанып отырып, соңғы жылдары ақындар кітаптарын шығара алмай қиналып жүргенде бұл бір серпіліс болар еді деп қуанышын да білдірді. Қазылар алқасының мүшелері болып Ұлықбек Есдәулет, Серік Тұрғынбеков, Айбатыр Сейтақ болды.
Тəуелсіздіктің 10 жылдығы тойланар алдында Астананың төрінде Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ драма театрында «Қазақстаным – қара шаңырағым» атты республикалық ақындар радиомүшəйрасының қорытындысын шығардық. Оған 500-ден аса ақыннан өлең келіп түскен еді. Қазылар алқасы таңдаған ең жақсы деген ақындардың өлеңдерін бір жыл бойы Қазақ радиосының эфирінен беріп тұрдық. Оны кезінде Торғай облыстық радиосының дикторы болған, кейін Астана филиалында қызмет жасаған Күләш Молдахметова оқып, тыңдарманның алғысына бөленді. Мұндай мүшәйраны кейін Фариза апамызбен үш рет өткіздік. Бас қаладан бастау алған осындай игі істің кезінде бастамашысы қатарынан табылғаныма бүгінде өз-өзіме ризамын.
1997 жылы 8 қарашада Алматыдан Ақмолаға Қазақстанның Мемлекеттік рəміздерін жеткізген салтанатқа қатысып, үлкен репортаж дайындадым. Күн өте суық болды, Президент əкімшілігі мен Үкімет үйінің алдына халық көп жиналды. Қақаған аяздың ызғары жиналғандардың еңсесін түсірген жоқ, қайта олардың жүзінен қуаныштың, еркіндіктің, ең жауапты сəттің нышанын сезіп тұрдық. Ақмоланың жұлдызды сəті туды. Аспанымызда көп байрағымыз желбіреп, Сарыарқаның төсінде қазақтың Əнұраны шарықтады. Айналаңа қарасаң əртүрлі ұлт өкілдерінің рухы аспандап тұрды. Халықтар арасындағы берік достықты сезіндім. Міне, осы бір тамаша көріністі өзімнің хабарымда жеткізуге тырыстым. Елбасының баяндамасындағы тарихи сөзі: «Астананың көшірілуі – жаңарудың айғағы. Ол еліміздің түрлі салалары мен аймақтарына қуатты серпін, жаңа мүмкіндіктер береді» деді. Иә, бүгінде сол мүмкіндіктердің жолы ашылды, елордамыз бүкіл əлем тамсанған сәулетті қалаға, мемлекетіміздің мақтанышына айналды. Кезінде қазіргі Нұр-
Сұлтан қаласын елімізге танытамыз деген «Астана және астаналықтар» хабарым тыңдарманның сүйіп құлақ түретін хабары болып еді. Бұл жа­йында кездесе қалғанда қазақтың белгілі ақыны Фариза Оңғарсынова үнемі маған ризашылығын білдіріп, мақтап отыратын.
Көбіне мен Астана қаласы əкімдігіндегі мəжілістерге жəне өтіп жатқан үлкен-үлкен мəдени шараларға тұрақты түрде қатысып отырдым. Арагідік Үкіметтегі, Президенттің өткізіп жатқан шараларына да қатысып, Елбасынан талай рет интервью алған кезім де болды. 1998 жылы Журналистер күні қарсаңында Астана қалалық əкімдігі «Астана – əлем назарында» деген тақырыпта журналистер арасында байқау жариялады. Бірнеше тақырып бойынша жеңімпаздарға номинация белгіледі. Сол жолы мен Қазақ радиосының атынан байқауға қатысып, «Алтын қалам» жүлдесін жеңіп алдым.
Нұрсұлтан Назарбаев жас қаланың əрбір құрылыс нысанын өзі қадағалап, оның ашылуына да өзі қатысатын. Елордадағы əрбір ғимаратты өз баласындай көрді десем артық айтпас едім. Сол жылдары мен екі қызметті бірдей атқардым. Қазақ радиосында комментатор бола жүріп, «Астана» радиосының қазақ бөлімінің редакторы болдым. Елордада қызмет атқарып жүргенімде, мазмұнды да мағыналы шаралар көп болды. Солардың көбіне директорымыз Қайрат Мұсақұлов мені жіберетін. 8 наурызға арналған Халықаралық əйелдер мерекесі Президенттің салтанат сарайында өтті, сонда болдым. «Мыңжылдық Қазақстан» форумына, Әйел кəсіпкерлерінің съезіне, Жаңа жылдық шырша мерекесіне, елордада өткен ақындар айтысына да мен барып жүрдім. Салтанатты жиындардың бəріне қатысып, осы шаралардан ұйымдастырылған бағдарламалар дайындап отырдым.
Директорымыз Қайрат Мұсақұлов – өте кішіпейіл, өз жұмысын білетін білгір, кəсіпқой журналист. Өздеріңіз білесіздер, журналист деген халық өте сезімтал, көңілдері жас нəрестедей нəзік, ойлаған істерін жерге тастамайтын, халыққа жақын жандар ғой. Кей кезде эмоцияға беріліп, күйгелектеп кететін жайларымыз да бар. Осындай кезде ол әрбір журналистің көңілін тауып, əрқайсымызбен тіл табысуға тырысатын. Мені апай деп қатты сыйлайтын. 2006 жылдың Журналистер күніне Астана қаласының əкімі мен баспасөз орталығы елорданы алғашқы құрысқан журналистердің бірі деп мені елордаға шақырды. Мен ол жылдары Павлодар телерадиосының директоры болатынмын. Бұл шараға алғашқы жылдары елордамызда қыз­мет жасаған алғашқы журналистер мен ақын-жазушылар да қатысты.
Ақмоланың мəдени өмірі мен қазақ тілінің дамуына үлес қосқан ұлт жанашыры, ақын, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрғожа Ораз, жыр падишасы, халқымыздың сүйікті қыздарының бірі, Қазақстанның халық ақыны, Ақмолаға бірінші болып келген Фариза Оңғарсынова жəне Қазақ радиосы мен «Хабар», «Қазақстан» телеарналарының журналистері келді. Солармен бірге мені құрметтеп шақырғанына мен қатты қуандым. Астанаға келген алғашқы əсерлерімізбен бөлісіп, бүгінгі елорданың жеткен жетістіктеріне қуана отырып, осы іске біздің де үлесіміз болғанын мақтаныш сезіммен еске алдық.
Сөз соңында айтарым, жалпы Қазақ радиосының елордадағы филиалының ұжымы өте ұйымшыл болды. Бір реніш, не түсінбеушілік деген болған емес. Бес жарым жылғы қызметім бес күндей өте шықты. Бүгінде радиодан əріптестеріміз «Елордадан сөйлеп тұрмыз!» деп саңқылдаса, көңілім сол жаққа бұрылып, Астананы көппен бірге құрысқан əріптестерімді есіме алып, сағыныш сезімде боламын. Қайда жүрсе де сол əріптестеріме «аман болайық, еңбектеріңнің зейнетін көріңдер» деп тілек айтып отырамын. Қазақ радиосының бір ғасырлық мерекесі, әріптестер, құтты болсын! Сіздер де 100 жасаңыздар!

Ғалия БАЛТАБАЙ,
Қазақ радиосының үздігі, ардагері,
мәдениет қайраткері,
«Құрмет» орденінің иегері

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

sixteen + 7 =