Ұлы ғұламалар ұлағаты

0 166

Қасиетті қазақ даласы талай ұлы ғұламаларды дүниеге алып келді. Қазақ топырағынан көкірегі ояу, көзі ашық, ойшыл азаматтар бүкіл шығыс араб-парсы мәдениетін меңгерді, өз шығармаларын көпке ортақ тілде жазып, кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдыра білді.

Олардың ішінде аты әлемге жайылғандары да аз емес. Солардың бірі – күллі әлемге танымал ұлы тұлға, бүкіл шығысты мо­йындатқан Әбу Насыр әл-Фараби болса, екіншісі өзіндік гуманистік ойларымен тәнті еткен Абай Құнанбайұлы. Әбу Насыр әл-Фараби және Абай Құнанбайұлы секілді ұлы тұлғалар арқылы қазақ даласында ежелден жазу мен сызудың, өркениеттің, ғылым мен білімнің, музыка, жазба әдебиетінің өркендегенін бүкіл әлемге паш ететін боламыз.
Президентіміз Қасым- Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына жасаған алғашқы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты жолдауында: «Келер жылы аталып өтетін маңыз­ды мерейтойлар мен елеулі оқиғаларға дайындық жұмыстары басталды. Ендігі жылы бәріміз Әл-Фарабидің 1150 жылдық, Абай Құнан­байұлының 175 жылдық мерейтойларын атап өтеміз. Мерейтой барысында ысырапшылдыққа жол бермей, ғұлама тұлғаларымыздың еңбектерін халық арасында дәріптеуіміз керек» деп атап өткен болатын.
Қазіргі уақытта ғалым, философ Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық және ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларын мемлекеттік деңгейде атап өту жоспарланып, іс-шаралар өткізілуде.
Ғұлама ғалым Әлкей Марғұланның «Абай мен Әл-Фарабидің көздегені адамдардың рухани байлығы, олардың бақытты болуы мен әсемдікке ұмтылуы болып табылады» деген пікірі бар. Қазақтың бағына біткен тұлғалар Әл-Фараби мен Абай екі бөлек дәуірде өмір сүргенмен, екеуінің қалдырған еңбектері мен жазбаларында, айтқан даналық, ғибратты сөздерінде үлкен байланыс жатыр. Біз бұл тұлғаларды өздері айт­қан ғылыми-танымдық ойлары арқылы танып білеміз. Абай мен Әл-Фарабидің ой-толғамдары – халқымыз­дың үлкен мұрасы.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың 2018 жылдың қараша айын­да жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында: «Орасан зор кеңістікті игере білген түркілер ұлан-ғайыр далада көшпелі және отырықшы өркениеттің өзіндік өрнегін қалыптастырып, өнер мен ғылымның және әлемдік сауданың орталығына айналған ортағасырлық қалалардың гүлденуіне жол ашты. Мәселен, орта ғасырдағы Отырар қаласы әлемдік өркениеттің ұлы ойшылдарының бірі – Әбу Насыр Әл-Фарабиді дүниеге әкелді» деп атап өткен еді.
Ұлы тұлғалар Әл-Фараби мен Абай өз ойларын әр түрлі сөзбен жазса да, олардың мағынасы бір-бірімен астасып жатыр. Абайдың қара сөзі мен өлеңдерін оқыған әрбір адам өмірін босқа өткізбесі анық десек қателес­пейміз. Себебі қалдырған еңбектері парасаттылық пен даналыққа, бір сөзбен айтқанда өмірді лайықты сүруге үйретеді.
Ұлы Абайдың өлеңдерінен ар-ұят, еңбек, намыс, адамгершілік. парасаттылық ұғымдарын жиі кездестіруге болады. Осылардың барлығы жастарымыз үшін мәңгілік мұра. Осы мұраны жастарымыздың санасына балабақшадан бастап сіңіруіміз керек деп есептеймін.
Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастауымен «Әл-Фараби және қайырымды қоғам» тақырыбында «Адалдық сағаттары» өткізілуде. «Әл-Фараби және қайырымды қоғам» тақырыбында «Адалдық сағаттары» инстаграм әлеу­меттік желісінде тікелей эфир арқылы жарияланып, насихатталып жатыр.
Сонымен қатар Нұр-Сұлтан қаласы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті жанындағы ақпараттық үгіт-насихат штабының жетекшісі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Сәдібек Түгел ағамыз да facebook әлеуметтік желісінде агенттіктің атқарып жатқан «Адалдық сағаттары» жастар тәрбие­сінде үлкен орын алатындығын атай отырып, биылғы жылы өткізілгелі отырған Ұлы тұлғалар Әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойлары және Алтын орданың құрылуының 750 жылдығы атап өтетінімізді сөзге тиек етті. Сондай-ақ үш мерей тойдың ел абыройын көтеретін мерекелер екенін айтып өтті.
Нұр-Сұлтан қаласы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті жанындағы ақпараттық үгіт-насихат штабының мүшелері Ұлы тұлға Әл-Фарабидің мерейтойына қатысты шараларды алдағы уақытта да жалғастыратын болады.
Мақаламды Әл-Фарабидің «Бақытқа жету жолында барлық халық бір-біріне көмектесетін болса, жер беті түгелімен берекеге толады» деген сөзі қазіргі жағдайға байланысты айтылған деп аяқтаймын.

Е.НҰҒЫМАНОВ,
Нұр-Сұлтан қаласы Сыбайлас
жемқорлыққа қарсы
іс-қимыл
департаменті жанындағы
ақпараттық үгіт-насихат
штабының мүшесі

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

15 + fifteen =