ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰЛАНДАРЫ

0 234

Астанада Тәуелсіздіктің 25 жыл­дығы мен алаш ардақтысы Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдық мерейтойына орай «Ұлы даланың ұланымын» атты студенттер айтысы өтті.

AW0Y7312

От ауызды, орақ тілді ақындардың жүрекжарды жырымен тәуелсіздіктің қадірін ұғындырып, азаттық жолында алтын бастарын бәйгеге тіккен Алаш арыстарын еске алып, атамұра өнерді дәріптеуді мұрат еткен ізгі шараға елордадағы игі жақсылар жиналды. Қазақ ұлттық өнер университетінің концерт залына келген көрермен жас ақындардың талантына куә болды.
Алдымен сөзді бабадан қалған ғажайып өнердің дамуына айрықша үлес қосқан көрнекті ақын Жүрсін Ерман алып, жас тұлпарлардың алымды шабыстарына ақ жол тіледі.
Бір айта кетерлігі, бүгінгі таңда жоғарыда аталған оқу ордасында «Айтыс» мамандығы бойынша жеті студент білім алады.
Сонымен, жеті жұп сынасқан сөз сайысы өте қызықты болды. Жастардың әдемі әзілі мен дәмді ойлары жұртшылықтың делебесін қоздырды. Сымбаты мен сәні келіскен тұлпарлардай жас ақындар да бір-бірімен иықтасып, шауып отырды. Алайда, бәйгенің аты – бәйге. Біреуі озып, біреуі шаң жұтып қалуы кәдік. Ақыры, дарыны мен арыны қатар келген Қазақ ұлттық университетінің 1-курс студенті Рай Дөңбай мәре сызығынан қара үзіп келді. Оған аталмыш университеттің ректоры, ҚР Еңбек Ері Айман Мұсақожаеваның арнайы жүлдесі табысталды. Одан кейінгі бірінші орынды Ардакерей Кәп иеленсе, екінші орын Аруна Керімбекке бұйырды. Үшінші орынды Дәурен Полатбаев қанағат тұтты.
Сондай-ақ, игілікті шарада айтыс жанкүйерлері бүгінгі күні арамызда жоқ айтыс ақтаңгерлер атындағы бір-бір жүлде тағайындап, соларды жас ақындарға тарту етті.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × 5 =