©2020 Астана Ақшамы
Ұлы даланың інжу-маржаны
Астанадағы «Спутник-Қазақстан» мультимедиялық баспасөз орталығында өткен брифинг-телекөпірде отандық және ресейлік сарапшылар Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабын талқылап, өз ой-пікірлерімен бөлісті. Сол күні Мәскеу қаласында Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» кітабының тұсаукесері және Қазақстанның елордасы Астананың 20 жылдығына арналған «Астана – Ұлы даланың інжу-маржаны» атты фотокөрме өтті. «Рухани жаңғыру» аясында өткен іс-шараны Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы елшілігінің қолдауымен өткізді.Екі шара – Елбасы кітабының тұсаукесері мен «Астана – Ұлы даланың інжу-маржаны» фотокөрмесі бірге ұйымдастырылды. Ал Мәскеу қаласында басталған фотокөрме Мадрид, Париж, Лондон, Берлин қалаларында және Қытай астанасы – Бейжіңде жалғасады. Шара қонақтарына (ресейлік танымал мемлекеттік және қоғам қайраткерлері) ел астанасында 20 жылдың ішінде салынған түрлі құрылыстардың 60-тан астам фотокартинасы ұсынылды. Картиналар арасынан әлемдік бірегей мәдениет нысандарын көруге болады: атап айтқанда, ғаламның 90 эпикалық ғимаратының қатарына енген Астананың басты бренді – «Бәйтерек», ЭКСПО-қалашықтағы диаметрі 80 метр сфера нысанындағы ерекше ғимарат – «Нұр-Әлем», әлемнің ең әдемі 10 президенттік сарайларының тізіміне кірген Қазақстан Республикасы Президентінің «Ақ Орда» резиденциясы. Сондай-ақ, белгілі британдық сәулетші Норман Фостердің жобасы бойынша салынған елорданың бірегей құрылыстары: Бейбітшілік және келісім сарайы, Гиннестің рекорд кітабына енгізілген, шатыр нысанындағы әлемдегі ең үлкен ғимарат – «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық кешені және «Назарбаев орталығы» бар.
Мәскеудегі тұсаукесерде сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры атқарушы директорының орынбасары Игорь Рогов: «Тәуелсіздік дәуірі» кітабының стратегиялық бағыттары жастарға арналған. Бүгінгі дамыған Қазақстанның басты жетістіктерін зерттеу арқылы Нұрсұлтан Назарбаев жастарды жүріп өткен тарихи жолды бағалауға, одан сабақ алуға және жаңа табыстарға жетуге шақырады. Елбасы кітабының бір ерекшелігі, қазақстандықтармен қатар шетел оқырмандарына да, яғни кең ауқымды аудиторияға бағытталған» деп мәлімдеді.
ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының директоры Ержан Салтыбаевтың пікірінше, «Қазақстан» атты мемлекеттік жоба авторының мықты елді құру тұжырымдамасын өз атынан баяндауы айрықша маңызға ие. «Тәуелсіздік дәуірі» кітабының негізгі тұжырымдарына түйін жасайтын болсақ, ол Қазақстанның жүйелі және тұрақты даму жолын көрсетеді. Тәуелсіз Қазақстанның дамуының жаңаша тарихы әрдайым зерттеушілердің, сарапшылардың және журналистердің назарын аударып келеді. Зерттеушілер қарқынды дамып келе жатқан жас мемлекеттің табыстарына әртүрлі баға беруде. Кейбіреулер оны «қазақстандық ғажайып», «Назарбаев моделі» десе, басқалары «қазақстандық жол» деп те атайды. Осылайша, Қазақстанның даму формуласын айқындауға деген ұмтылысты байқаймыз. Осыған орай, көптеген бірегей, сондай-ақ, шетелдік әдебиеттер басылып шықты. Соның ішінде Ресейдің белгілі саясаттанушылары мен экономистері де Қазақстанға өздерінің авторлық және ұжымдық монографияларын арнады. Алайда бұлардың бәрін сол мемлекетті құрған адамның өз кітабынан оқу анағұрлым қызықты және маңызды» деді ол телекөпірде.
Телекөпірге Мәскеу қаласынан Игорь Рогов және ресейлік сарапшылар – Ингушетияның тұңғыш президенті, Кеңес Одағының батыры Руслан Аушев, Ресей Федерациясы президентінің халықаралық мәдени ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі Михаил Швыдкой және басқа да ресейлік саясаткерлер қатысты. Ал Астана қаласынан ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ғалымжан Қойшыбаев, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры жанындағы Әлемдік саясат және экономика институтының директоры Ержан Салтыбаев, ҚР Білім және ғылым министрлігі жанындағы Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркітбай Аяған, «ҚР Президентінің телерадиокешені» КЕАҚ бас директоры Ерлан Бекхожин, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Қазақстан халқы ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі Анатолий Башмаков өз пікірлерін ортаға салды.
Төлен ТІЛЕУБАЙ