ҰЛЫ ДАЛАНЫ ҰЛЫҚТАДЫ

0 147

Астана күні аясында елордадағы Абай ескерткіші алаңында «Ұлы дала ұлт мұраты, ұрпақ болашағы және Мәңгілік ел – Тәуелсіз Қазақстан!» атты кітап және поэзия фестивалі өтті. Оны өткізуге Астана қалалық Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы, «Нұр Отан» партиясының Астана қалалық филиалы және «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» мекемесі ұйытқы болды.   

FEDL3058_новый размер

Шара шымылдығы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті ақын Фариза Оңғарсынованың көп томдық жыр кітабының тұсаукесерімен ашылды. Қазақ поэзиясында өз қолтаңбасы бар бірегей ақын жырларын оқырмандар сүйсініп оқиды. Аталған жинақ тұсаукесерінде елімізге белгілі азаматтар сөз алып, дарабоз шайырдың өмірі мен асыл мұралары туралы тебіреніп сөйледі. Жып-жылы әсерге толы естеліктерімен бөлісті.

FEDL3089_новый размер

Сондай-ақ, Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ академиялық музыкалық-драма театр әртістері «Абайдың рухы» атты хакім  атамыздың өмір жолы мен шығармашылығына арнаған театрландырылған көрініс қойды. Онда ұлы тұлғаның бекзат болмысы айшықты бейнеленді.

Биыл алаштың көрнекті тұлғасы  Әлихан Бөкейхановқа 150 жыл толды. Қаллеки театрының әртістері «Алты алаштың арысы – Әлихан» деп аталатын ұлтымыздың ұлы перзентінің күрескерлік жолындағы қайраулы қылыштай жарқылдап тұрған намысын сомдады. «Елдіктің терең тамыры» атты Бөкейханов оқулары өткізілді. Жеңімпаздар жүлделі орындармен марапатталды. Сонымен бірге қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың 85 жылдығына арналған «Жырлайды жүрек» атты әдеби-музыкалық композиция қойылды. Жалынды жастар мұзбалақ ақынның өлеңдерін оқыды.

FEDL3081_новый размер

Әрине, фестиваль барысында мерекелік поэзия кешін ақындар әулеті дүр көтеріп әкетті. Әсіресе, Алматыдан әдейілеп келген, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі ақын Марфуға Айтқожина елордалықтарды Астана күнімен құттықтап, ізгі лебізін білдірді. Жаңа өлеңдерін оқыды. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, талантты ақын Серік Тұрғынбекұлы да бас шаһарға арналған жаңа жырларын ұсынды. «Шабыт» фестивалінің иегерлері атанған жас ақындар да тыңдармандарға өз өлеңдерін сыйлады.

– Біз жыл сайын Астана күніне орай Абай ескерткішінің алаңында кітап және поэзия мерекесін өткізуді дәстүрге айналдырдық. Биылғы шараны Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арнап отырмыз.

Сондай-ақ, фестиваль аясында еліміз егемендік алғаннан бергі мемлекетіміздің қалыптасуы мен даму жолын көрсететін кітап көрмесі ұйымдастырылды.

                                                                                         Азамат ЕСЕНЖОЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

9 − 7 =