ҰЛЫ ДАЛА САЗЫ

0 148

Елорда абыройы «Астана – түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы аясында тағы бір асқақтамақ. Мәдениет және ақпарат министрлігі «Ұлы дала сазы» дәстүрлі орындаушылардың халықаралық фестивалін өткізеді. Яғни, Сарыарқаның төсінде ұлттың үні, ұлттың әні, ұлттың жыры, ұлттың күйі әуелейді. Айтулы мәдени шара алдында Мәдениет комитеті Музыка өнері басқармасының бастығы Нұрболат Ахметжановты әңгімеге тартып, аз-кем тілдескен едік.

– Нұрболат Қадірұлы, алдымен «Ұлы дала сазының» мақсаты мен міндетін біліп отырсақ.

– Иә, қазақ қазақ болғалы талай машақат пен азапты басынан өткергенін тарихтан білеміз. Осынау жолдарда өшкеніміз де, жоғалғанымыз да аз емес. Талай құндылықтарымыз құмға сіңген судай ғайып та болды. Алайда, егемендік алып, ес жидық.

Енді әлемдік өркениетке айтарлықтай үлес қосқан қазақ халқының дәстүрлі музыкасын, соның ішінде әні мен жырын, күйі мен сазын, эпосын жан-жақты насихаттамақпыз. Қазақ халқының дыбыстық және аспаптық шығармашылығының өркендеуіне жағдай жасау арқылы дәстүрлі музыканың барлық, әсіресе, сирек ұшырасатын аспаптарда орындалатын жанрларды жаңғыртсақ, даму қарқынын жеделдетсек деген ниеттеміз. Сондай-ақ, біздің ұлтқа ғана тән шекті аспаптар, үрмелі аспаптар және ән, жыр, терме, нақыл, насихат өлең, дастан, эпос орындаушылардың халықаралық деңгейде өнер көрсетуіне, танылуына жағдай жасағанымыз, сондай-ақ өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік туғызғанымыз да мәртебе. 

– Бұл шара қай жылдардан бері қолға алынып келеді?

– Негізінен, күй және ән өнері бағыттары бойынша өтетін фестивальді алғаш рет 1994 жылы ұйымдастырдық. Екі жылда бір мәрте болады. Ендігі дәстүрге айналды десек те қателеспейміз. Өз көрермені, қолдаушысы, жанашыры бар. Осы күнге дейін шара аясында талай халық қазынасы жаңғырды, қайта әуеледі, таланттар бой көтерді.

– Биылғы фестивальде бір өзгерістер болар, бәлкім?..

– Әлбетте. Қайталау тез жалықтырады емес пе тыңдаушысын. Күзде болатын айтулы шараға дайындығымыз бүгіннен басталып кетті. Мемлекет қолдауының арқасында сапалы, өзгеше, жаңаша сипат беруді көздеп отырмыз байқауға. Айтқандай, фестивальге Қазақстаннан өзге Ресей Федерациясы, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Моңғолия, Қытай және басқа да елдердің дәстүрлі орындаушылары қатысады. Сол мемлекеттердің Мәдениет министрліктерімен байланыс орнатып, бұрын орындалмаған, байырғы ән-күйлерді жаңғыртсақ деген иеттеміз. Егер, бұл ойымыз жүзеге асып жатса, ортақ мерейіміз болары хақ.

– Қазылар алқасының құрамымен де хабардар болсақ…

– Әзірге нақты шешілген жоқ бұл мәселе. Бірақ, дәстүрлі өнерімізді насихаттаушыларды іріктеп, ұсыныс жасадық. Мәселен, дыбыс тыңдау, дәстүрлі ән-күйді үйренудің мектебін қалыптастыруға атсалысып жүрген Райымберген Абдулхамит, белгілі ғалым, өнертанушы Саида Еламанова сынды дүлдүлдер бағасын береді деп ойлаймыз орындаушылардың. Режиссерлыққа «Мәдениет» телеарнасының директоры Сағатбек Қалиевті тартып отырмыз.

«Ұлы дала сазы» дәстүрлі орындаушылардың халықаралық фестиваліне қатысушылардың өтініштері мына мекен-жайда қабылданады: 010000, Қазақстан, Астана қаласы, Есіл ауданы, Түркістан көшесі, 8 үй, «Олимп Палас» т/к, КЖ-18, 8-кіреберіс, блок «L», E-mail: info@ruhdk.kz, тел: 8(7172)54-64-77, Web: http://ruhdk.kz.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fourteen + seven =