«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ұлы дала – адамзат өркениетінің қайнары

0 7  614
Бекжан БЕЙСЕНБАЙ, өлкетанушы-зерттеуші

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында: «Біздің жеріміз материалдық мәдениеттің көптеген дүниелерінің пайда болған орны, бастау бұлағы десек, асыра айтқандық емес. Қазіргі қоғам өмірінің ажырамас бөлшегіне айналған көптеген бұйымдар кезінде біздің өлкемізде ойлап табылған. Ұлы даланы мекен еткен ежелгі адамдар талай техникалық жаңалықтар ойлап тауып, бұрын-соңды қолданылмаған жаңа құралдар жасаған. Бұларды адамзат баласы жер жүзінің әр түкпірінде әлі күнге дейін пайдаланып келеді» деп көрсетеді.

Түркілердің (көне грек ғұламаларының жазбаларында – скифтердің) Еуропаның ең көне өркениеті деп жүрген гректерден өркениеті ерте дамығанына, түркілер гректерге өркениетті үйретуші болғанына көне грек ғұламаларының жазбалары да дәлел. Көне грек ғұламаларының деректері бойынша скифтерден гректердің арасында болған екі-ақ адам туралы тарихта мәлімет бар. Олардың біріншісі – Тоқсары.
«Тоқсары Скифияға қайтып оралмаған, ол Афинада қайтыс болды, кейіннен ұлттық қаһарман ретінде танылды. Элладалықтар оған жат елден келген Балгер әулие ретінде жыл сайын құрбандық шалады» деп жазып кетіпті грек ғұламасы Лукиан «Скиф және қонақ» атты еңбегінде. «Оның өлген кісіні тірілтетін балгерлігі туралы аңыз көп. Гректердің Балгер әулие ретінде мінәжат етуінің өзі Тоқсарының асқан емші болғандығын толық дәлелдейді» дейді Т.Жұрт­баев «Дулыға» атты еңбегінде.
Тарихтан бізге жеткен, Эллада еліне екінші болып аяқ басқан көшпенділер өкілі – Анақарыс данышпан. Анақарыс шамамен б.д.д. 620-555 жылдары өмір сүрген. Геродот пен Страбон «жеті ғұламаның бірі» деп мойындаған Анақарыс туралы Диоген «кеменің зәкірі мен дөңгелекті ойлап тапқан – Анақарыс» деп мойындаса, Страбон өзінің әйгілі «География» атты еңбегінде: «Эфор Анахарсисті данышпан деп атайды, ол өзінің шексіз адалдығымен, тазалығымен және ақылдылығымен жеті данышпанның бірі болды» дейді. Ол Анахарсис ұста көрігін, екі табаны бар зәкірді және құмыра жасауға арналған дөңгелек жозыны ойлап тапқан дегенді айтады» дейді. Бұлардан көрініп тұрғандай, сол кездері Еуропаның ең дамыған елі атанған гректерді көшпенділерден барған екі-ақ адамның өзі бірі емшілік ілімімен мойындатса, екіншісі шешендігімен, шеберлігімен таңғалдырыпты. Гректер Анақарысты дөңгелекті, кеменің зәкірін, ұста көрігін және құмыра жасауға арналған дөңгелек жозыны ойлап тапқан дегенді айтады. Ал шын мәнісінде Анақарыс оларды ойлап тапқан жоқ. Бұл бұйымдарды Ұлы дала ұлдары одан әлдеқашан бұрын ойлап тауып, күнделікті өмірде пайдаланып жүрген. Анақарыс тек соларды гректерге үйретуші болды. Гректер ұста көрігін енді көріп жатса, бұл кезде Алтайда болат қорытатын пештерді ойлап тауып, болатты күнделікті өмірде қолданып жатқан болатын.
Осында аталған гректер үшін жаңалық болып тұрған бұйым­дардың барлығы: 1) дөңгелек; 2) ке­менің зәкірі; 3) ұста көрігі; 4) құмыра жасайтын жозы; 5) те­­мірді игеру (металлургия); 6) адам­дарды емдеу (медицина саласы) адамзаттың өркениетке жету жолында өте маңызды салалар болып табылады.

Бұл көне грек ғұламаларының дерегіне Елбасы өз мақаласында арнайы тоқталған: «Атқа міну мәдениеті», «Киім үлгісі», «Ұлы даладағы ежелгі металлургия» туралы деректері мен түркілердің өнер туындылары туралы түркілердің теңдесі жоқ «Аң стилі өнері», еліміздің символына айналған «Алтын адамды» қосыңыз, сонда біздің бабаларымыздың ертедегі жоғары өркениеті көз алдыңыз­ға келеді. Елбасы осы мақаласының «Түркі әлемінің бесігі» атты тарауында: «Қазақтардың және Еуразияның басқа да халықтарының тарихында Алтайдың алар орны ерекше. Осынау асқар таулар ғасырлар бойы Қазақстан жерінің тәжі ғана емес, күллі түркі әлемінің бесігі саналды» деп атап өтеді. Қазір дүние жүзі ғалымдары Алтайға қатысты біздің тарихымыз үшін өте құнды қаншама керемет жаңалықтар ашты.
1) М.Ломоносов атындағы ММУ-дің және Гарвард университеттерінің профессоры, ғылымның жаңа «ДНҚ-генеалогия» саласының негізін қалаушы атақты орыс ғалымы, биохимик Анатолий Клесов бір сұхбатында: «…славяндардың тарихын б.д. 6-ғасырынан, ал түріктердің тарихын б.ж.с. басынан бастау қате» екенін айтады. Ол «көне шумер, элам тілдері түрік тіліне жақын екенін, түрік халықтары мен тілінің жер бетіндегі ең көне екенін» баса көрсетеді. Ол «түрік тілі мен Сібір, көне Кавказ, Еуропа, Азия және Америка халықтары тілдерінің туыстығы даусыз» деп атап көрсетеді.
2) «Соңғы 5-6 жылда әлемде тарихты генетикалық әдіс бойынша зерттеуге кірісті. Жалпы құны 3 миллиард АҚШ доллары тұратын халықаралық генография жобасы бойынша жүргізілген зерттеулерге сәйкес, алғашқы адамдардың бірі Шығыс Африкада дүниеге келген. Осыдан 65 мың жыл бұрын сол адамдардың үлкен бір тобы қазіргі Қазақстан аумағына келген. Содан соң қалай қарай қоныс аударғандары сызбаға түсірілген (ескерте кетейік, бұл сызбаны біз жасаған жоқпыз. Оны жасағандар – әлгі жоба бойынша генетикалық зерттеу жасап жатқан мұхиттың арғы жағындағы шетелдік ғалым­дар).
Зерттей келе, сол қоныс аударғандардың генотипі біздің ата-бабаларымыздың генімен сәйкес келетіндігі анықталған. Әлем халықтарының біразы, тіпті австралиялықтар, швейцария­лықтар, жапондар, көрші қытай мен үндістер, орыстар «біз кезінде Орта Азияның солтүстігінен келіппіз» дейді. АҚШ-тың Аризона университетінің профессоры Т.Карофед, т. б. профессорлар Американың «Генетика» журналының 1999 жылғы №64 нөмірінде «Африкада пайда болған адамдар алғашында Алтайға барды, сол жерден жан-жаққа тарады» дейді. Осы картада Каспий теңізінің шығысынан (Алтайдан) тараған ұрпақ бүкіл Сібірді жайлап, Америка құрлығына жеткенін, батыс­та бүкіл Еуропаға таралғанын, кей бөліктері Үнді, Қытайды жайлап, Үндіқытай, мұхит аралдарына дейін жеткенін көрсетеді. Осы Алтайдың көне тұрғындарының ер­теде жоғары өркениетке қол жеткізгенін археология ғылымы да дәлелдейді.
3) 2013 жылы Ресейдің ғылым мен технология саласына бе­рі­летін сыйлығының бірі Ресей ҒА Сібір бөлімшесінің археология және этнография институтының директоры Анатолий Деревянкоға берілді. Ресей ғалымдары 20 жылдан аса зерттеу нәтижесінде Алтайдағы 200 мың жылдан аса уақыттан бері адамдардың тұрағы болған Денисов үңгірін зерттеп, мыңдаған құнды деректер тап­қан. Солардың ішінде үңгірден табылған әйелдің алқасы – қазірге дейін табылған ең көне бұйым. Орыс ғалымдары бұл алқа бұдан 40-48 мың жыл бұрын жасалған дейді. Ғалымдарды ерекше таңғалдырғаны, алқаның хлоритолиттен (жасыл түсті тас) жасалған бөлігі болды. Қатты тасты алдымен екі жағынан шлифовка жасап, тегіс­теп, ортасы станоктық тәсілмен тесілген, соңынан тас құралмен кеңейтілген. 2008 жылы табылған осы алқаны орыс ғалымдары тексеруге Оксфорд университетінің ғалымдарын шақыртады. Ағылшын ғалымдары алқаны 7 жыл зерттеп, 2015 жылы «алқа бұдан 40 мың жыл бұрын жасалған» деген қорытынды берді.
Осы Алтайдан табылған материалдарды зерттей келе, академик Деревянко «осы мәдени игіліктерді жасаған адамдар сырт­тан келмеген, осы жерде пайда болып, 300 мың жылдардан бері осында тұрып келген, осы жердің өз тұрғындары» деген қорытынды жасайды. Орыс ғалымдарының бұл жаңалығы – Елбасының мақаласындағы «…біз айтқалы отырған зор мәдени жетістіктер шоғыры даламызға сырттан келген жоқ, керісінше, көпшілігі осы кең байтақ өлкеде пайда болып, содан кейін Батыс пен Шығысқа, Күнгей мен Теріскейге таралды» деген ойдың нақты дәлелі.
4) Алтайдан табылған бұдан 40 мың жыл бұрынғы өркениет іздерінің жалғасы араға 25 мың жылдай уақыт салып барып б.д.д. 22-24 мың жылдары Сібірдегі Ангара мен Белая өзендерінің арасынан табылады. Осындағы Мальта, Бурет тұрақтарынан табылған мамонт тісінен істелген ғажайып әйел және құс мүсіндері, неше түрлі моншақ, салпыншақ, қару-жарақтарды және т.б. тұтыну заттарын зерттеген академик А.Окладников бұл өркениетті жасаған «түріктердің арғы бабалары» деп мойындаған.
«Сібір археологиясының» тосын жаңалығы әлемнің ұйқысын шайдай ашты. Атақты археологтың (А.Окладников) өзі тапқан мәдени ошаққа қайран қалғаны соншалық, көпке дейін оны неге жорырын білмеді. Алғашқыда аталмыш мәдени ошақтарын түрік халықтарына жуытпай, ашықтан-ашық «мұны жасаған түрік нәсілі емес, жер бетінен жоғалған халықтың мұрасы» деп жүрді де, өлерінің алдында соңғы еңбегінде: «Ежелгі түріктік Сібір шығыстан гөрі батыспен көбірек байланысты. Оның мәдениет деңгейі біз ойлағаннан гөрі көп биік болып шықты. Байкал, Ангара, Лена өзендерінің аңғарында батыс пен шығыстың ежелгі мәдениеті тоғысып, ажырасқан. Өз кезеңімен салыстырғанда аса ілгері мәдени ошақтардың болғанының басы ашық. Онымен есептеспеуімізге лаж жоқ. Табылған архео­логиялық айғақтардан көрініп тұрғандай, түріктердің Дон, Дунай сапарлары Байкал қамалдарынан басталған» деп жазып кетті. Демек, б.д.д. 22-24 мыңжылдықтағы Сібір мәдениетін археология түрік халықтарымен байланыстыруға мәжбүр болды» деп жазады Әнес Сарай «Көнеліктер» атты еңбегінде. Мальта, Бурет тұрақтарынан табылған заттарды зерттеген ғалымдар «сол кездің өзінде олардың математика, астрономия, медицина, астрология салаларында жоғары жетістікке жеткенін» дәлелдеді.
«Бұдан 24-26 мың жыл бұрын тек жер бетін ғана емес, аспан әлеміндегі жұлдыздарды зерттеп, күрделі есептеулер жүргізуге қол жеткізген Алтай тұрғындарының жазу, сызу, математикадан хабары болғаны сөзсіз. Олай болмаған жағдайда, мұндай жетістіктерге жете алмасы анық. Бізге олардың нақты дәлелі табылмау себебі, жазу жазатын материалдар: қағаз, мата, тері, темір, мыс мұншама ұзақ жылдарға шыдамай, шіріп, топыраққа айналып кетеді. Тек тас пен тасқа айналып қатқан бұйымдар ғана сақталуы мүмкін» дейді ғалымдар.
5) Ресей ғалымдары б.д.д. 20-21 мыңжылдықтарға жататын Сунгирь өзені бойындағы мәйітханадан табылған адамның бас сүйегін зерттеп, бабамыздың ақыл-ойы, сезім қабілеті қазіргі адамдардан кем болмағанын анықтаған. Былғарыдан тігілген киімі екі бөліктен тұрады: бас киіммен (капюшон) қоса тігілген сырт киім (куртка), етікпен қоса тігілген шалбар. Бұл киім мамонт сүйегінен істелген моншақтар мен аңдардың азу тістерінен істелген ілмешектермен сәнделген. Орыс археологтарының бұл жаңалығы Елбасымыз Н.Назарбаевтың осы мақаласында айтқан «Қазіргі киім үлгісінің базалық компоненттері Дала өркениетінің ерте кезеңінен тамыр тартады. Атқа міну мәдениеті салт атты жауынгердің ықшам киім үлгісін дүниеге әкелді. Ат үстінде жүргенде ыңғайлы болуы үшін бабаларымыз алғаш рет киімді үстіңгі және астыңғы деп екіге бөлді. Осылайша кәдімгі шалбардың алғашқы нұсқасы пайда болды» деген ойын нақты растайды.
6) XIX ғасырдағы орыстың теңдесі жоқ эзотерик ғалымы, Тибеттің құпия ілімін терең оқыған Елена Блаватская былай дейді: «Біздің шығыстанушы ғалымдар өз ұстанымдарына тура келмейтін көне тарихи деректердің бәрін жоққа шығарғысы келеді. Күн сайын тарих тереңінен ертеде өткен керемет өркениеттер мен ғылымның жаңалықтары ашылып жатқанына қарамастан, кейбір ең көне өркениетті жасаған халықтардың жазба ғылымы жоққа шығарылып, оларға өркениеттің орнына жабайылық, надандық жапсырып жатыр. Соған қарамастан Орталық Азиядағы керемет өркениеттің іздері әлі де табыла береді. Бұл өркениет – өте көне тарих иелері. Ал кез келген өркениеттің өз тарихы мен шежіресі болатыны сөзсіз. Тибет таулары мен Хуанхэ өзенінен Қарақорымға дейінгі аймақ мыңдаған жылдар бойы жоғары өркениеттің ортасы болды. Осы өлкенің шығыс және орталық облыстары – Наньшань мен Алтынтаг ертеде Вавилонмен таласа алатындай керемет қалаларға тола болатын».
«Изиданың» бірінші томы өте көнеден келе жатқан кітапқа сілтеме жасаудан басталады. Бұл кітаптың қазір жер бетінде жалғыз ғана көшірмесі сақталған. Қазіргі белгілі ең көне қасиетті діни жазбалар: Киутидің көптеген томдары, еврейлердің Сифра ди Цениутасы мен Сефер Йецирасы, қытайлардың Шу-цзині, Египеттің Тот – Гермесі, Үндістанның Пураны, халдейлердің «Сандар кітабы» және «Бескітаптың» өзі де осы бір ғана негізгі кішкене кітаптан шыққан. Көнеден келе жатқан деректер бұл кітаптың құпия қасиетті тіл – сензар тілінде Орталық Азиядағы Күннің ұлдарына құдай тектестердің сөзімен айтылып жаздырған дейді. Ол кезде сензар тілін барлық халықтардың діни абыздары, тольтектердің арғы бабалары да, жойылып кеткен Атлантиданың тұрғындары да жақсы түсінген».
Е.Блаватскаяның сөзіне сенсек, түркілердің атақонысы Ұлы дала аталған – Орталық Азия ертеде Вавилонмен таласатындай көптеген керемет қалаларға толы болып, әлемдегі ең алғашқы қасиетті кітап осында, Күннің ұлдарының қолымен жазылған дейді.
Елбасы мақаласының «Түркі әлемінің генезисі» атты бөлімінде: «Қазақстан – күллі түркі халықтарының қасиетті «қара шаңырағы». Бүгінгі қазақтың сайын даласынан әлемнің әр түкпіріне тараған түркі тектес тайпалар мен халықтар басқа елдер мен өңірлердің тарихи үдерістеріне елеулі үлес қосты» деп көрсетеді. Қазақ жеріндегі «Бүкіл түркінің алтын бесігі» атанған Алтай қазір біз түркі халықтары деп санамайтын әлемнің көптеген халықтарының да түп төркіні екенін қазіргі генетика ғылымы дәлелдеп берді.
1) Америка құрлығында керемет өркениетке қол жеткізген халықтар: майя, ацтек, тольтек және т.б. халықтар ертеде Алтайдан тарағанын, олар тіпті тілін де осы уақытқа дейін сақтап келгенін қазір әлем мойындайды.
2) Алдыңғы Азиядағы ең көне өркениетті жасаған шумерлер де алтайлық бұтақ екені даусыз.
3) Рим қаласының негізін қалаған этруск халқы да Алтайдан кеткен халық екенін олардың Римде қалдырған символы – «Капитолий қасқыры» әйгілеп тұр.
«Грек тарихшылары оларды тирсендер немесе тиррендер деп атап, шыққан тегі шығыс­тан дейді. Ал латындар оларды этрускілер не тускілер деп атаған. Б.д.д. XIII-XII ғасырларда Египетке шапқыншылық жасаған «теңіз халықтары» арасында турша аталатын халық болғанын айта келіп, оларды тирсен-этрускілер дейді тарихшылар». Қазір этрускілердің Апеннин түбегіне келген уақытын ғалымдар жобамен б.д.д. 1500 жылдар деп жобалайды. Бірақ мұның өзі де күмәнді. Қалай болғанда да, бұл халық – осы өңірге алғашқы өркениетті әкелген халық. Этрускілердің Туран (жарылқаушы) деп аталатын бас құдайы «бүкіл тіршілік атаулының билеушісі» деп есептеледі. Олар көптеген қалалар салды. Қазіргі Рим қаласының негізін б.д.д. 753 жылы қалаған – осы этруск ұсталары. Қаланың аты қаланы салдырған этруск королінің немересінің атымен Ром-Рим аталған. Рим қаласындағы Капитолий храмы және Рим қаласының символы Капитолий қаншығын мәңгілікке сыйлаған да Вулка есімді этрускі ұстасы. Этрускілер металл өңдеу­де, өнерде, медицинада, мәде­ниетте үлкен жетістіктерге жетті.
4) Ал Еуропаның солтүстігінде жатқан скандинав халықтарын алтайлық халық деп ешкім ойламаған шығар. Бәрі түркі жазуын зерттеуден басталды. 1889 жылы Н.Ядринцевтің Моңғолиядан атақты Орхон жазуларын табуы, ғылыми ортаға көлемді түркі жазбаларын қосып, бұл жазулардың грамматикалық құрылымдары туралы қорытынды жасауға мүмкіндік берді. 25 қараша 1893 жылы дания ғалымы, лингвист Вильгельм Томсен осы түркі жазбаларын оқудың кілтін тауып, алғаш рет «Тәңірі» деген сөзді оқиды. Ал келесі жылы В.Радлов Орхон жазбаларының аудармасын жариялап, 1895 жылы өз деректеріне фин экспедициясының деректерін қосып, барлығы 40 Енисей жазбаларының аудармасын жариялайды. В.Томсен Орхон жазбаларын оқудың кілтін тауып, жазбалар түркі жазуы екенін дәлелдегенімен, батыс ғалымдары бұл жазбаларды түркі жазуы деуге қимай, руникалық жазу деп жариялады. Руна сөзі «құпия, белгісіз» деген мағына береді.
Ал бұрын батыс ғалымдары «руна жазуы» деп көне скандинавиялық халықтардың жазуын атаған. Руна жазуын Дания, Швеция, Норвегия халықтарымен қатар Англия, Исландия мен Гренландия халықтары да қолданған. Жекелеген руникалық жазулары бар жәдігерлер Еуропа мен Азия­ның көптеген жерлерінен, тіпті Америка құрлығынан да табылды. Таңғаларлығы, біз, алтайлық түріктер, ертеде бабаларымыздың өз төл жазуы болғанын ұмытып, бұл жазуларды оқи алатын адам қалмапты. Ал скандинав халықтарында бұл жазуларды оқи алатын ғана емес, барлық руналардың атауларын білетін ғалымдар да бар екен. Скандинавтар мен түріктерде бұл жазулардың таңбалануы да, дыбысталуы да бірдей болып шықты.
Ең ғажабы, скандинавтардың өздерінің көне тілдері қолданудан шығып қалса да, осы руналардың атауларын сақтап қалған екен. Атаулары барлығы көне түркі сөздері болып шықты (адал, боқ, иера, уруз, т.б.). Бұл жұмбақтың шешуін 2015 жылы генетик ғалымдар тапты: «…норвег ғалымдарының ДНҚ-лық зерттеуінің қорытындысын Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы арнайы баспасөз мәслихатында хабарлады: «Бірнеше ай бұрын Қазақстанда норвег ғалымдарының үлкен тобы болып, көне қорымдардан (Ботай, Ұлытау, Қостанай және т.б.) ДНҚ-лық анализ алған болатын. Қорытындысы Еуропада жарияланды. Таңғаларлық жағдай: ДНҚ-лық анализ қорытындысы Скандинавияның көне халықтары мен Қазақстанның көне тұрғындарының ДНҚ-лары бірдей екенін көрсетті. Ғылыми ортада бұл жаңалық үлкен серпіліс туғызды» дейді А.Мұхамедиұлы.
Бұдан біз бүкіл Еуропаны бес ғасыр (8-13-ғасырлар) ашса ала­қанында, жұмса жұдырығында ұстаған жауынгер, теңізде жүзуден алдына жан салмай, Колумб­тен 500 жыл бұрын Америкаға жеткен даңқты скандинав-викингтердің; Ресей жеріндегі хазар қағанатын құлатып, Русь мемлекетінің негізін қалаған варягтардың қазаққа туыс халық екенін біліп отырмыз. Бұл батыс ғалымдары жасаған генография­лық картада да анық көрсетілген. Бұл аталған халықтардың алтайлық бұтақ екенін соңғы ғасырда археология, генетика, лингвистика ғалымдары ашып, дәлелдеп берді. Бұлардан басқа, ертеде Египетті жүз жыл билеген, жылқы баққан көшпенді халық – гиксостар; Еуропаны ертеде билеген кентаврлар көшпенді алтайлық халықтар екені дау тудырмасы анық. Ал бізге тарихтан белгілі Ишпақай, Партатуа, Мәди, Мөде, Бумын, Елтеріс-Құтлық, Күлтегін, Еділ (Аттила) және т.б. қаншама түркі патшалары мен батырлары тарихта аты қалған.
«Біздің даңқты батырларымыз, ойшылдарымыз бен ел билеу­шілеріміз – тек Қазақстан ғана емес, сондай-ақ, бүкіл әлем бо­йынша еліктеуге лайықты тұлғалар» деп ерекше мақтанышпен жазыпты Елбасымыз. Елбасының бұл сөзі – мойындалған шындық. Оның дәлелдері: үндінің тұңғыш президенті Джавахарлал Неру: «Еуразия даласында жауынгерлігімен мақтана алатын жалғыз халық бар, олар – түріктер» деп жазыпты. Француз ғалымы Рене Груссе: «Тюрки… были… созданы для правления… стрелки на седлах из степей правили над Евразией до XVI века» деп жазды. Түрік қағанатының дана абызы Тоныкөк: «жоғарыда зеңгір көк, төменде қара жер жаралғанда, олардың екеуінің арасында адам баласы жаралған. Адам баласына менің ата-бабаларым үстемдік құрған» деп тасқа жазып кетіпті. Ежелгі еврейлердің қасиетті кітабында Пайғамбар өз үмбеттеріне: «Мен сендерге сонау алыстағы аса күшті халықты жіберемін. Олардың бәрі шетінен ержүрек… Сен сеніп отырған қамалмен қоршалған қалаларыңды күл-талқан етеді» дейді. Ежелгі гректер мен парсылар болса «еркін сақтарды – скифтерді ешкім жеңіп көрген емес» дейді. Мұның бәрі Елбасымыздың «Сарбаз бен оның мінген атын қорғауға арналған сауытты да алғаш рет біздің бабаларымыз жасаған. Еуразия көшпенділерінің айрықша маңызды әскери жаңалығына баланған мұздай темір құрсанған атты әскер осылайша пайда болды» деп көрсеткен болат сауытты атты әскердің артықшылығын дәлелдейді.
Еуропалықтар сонша дәріптейтін Ескендір Зұлқарнайынды сақтар екі рет ойсырата жеңген екен. Біріншісі – Сыр өзені бойында Шу батыр бастаған еріктілерден құралған сақтардың шағын жасағы гректерді ойсырата жеңіп, Ескендір Зұлқарнайынның өзі бірнеше жерінен жарақат алып, қашып құтылады. Екіншісі – Гавгамела қыстағы қасындағы соғыс. Ескендір әскерінің бір қанатын талқандап, керуенін тонап алған сақтар еліне қайтып кетеді. Оларды тоқтатуға гректердің батылы жетпей қала беріпті. Ескендір Зұлқарнайын әскерінің бар қаруы мыстан болатын. Ал сақтардың бар сауыт-сайманы да, қару-жарағы да болаттан жасалған еді. Және Арриан жазғандай, «сақтардың өздері де, аттары да темір сауытпен мұқият қорғалған болатын».
Осы деректердің бәрін қорыта келгенде, Елбасымыз Н.Назарбаевтың: «…кейінгі жылдары табылған тарихи жәдігерлер біздің бабаларымыздың өз заманындағы ең озық, ең үздік технологиялық жаңалықтарға тікелей қатысы бар екенін айғақтайды. Бұл жәдігерлер Ұлы даланың жаһандық тарихтағы орнына тың көзқараспен қарауға мүмкіндік береді» дей келіп, «Рухани жаңғыруды» жаңа сатыға шығарғанын байқаймыз. Елбасы Отырар, Түркістан ойшылдары туралы «Орасан зор кеңістікті игере білген түркілер… өнер мен ғылымның және әлемдік сауданың орталығына айналған ортағасырлық қалалардың гүлденуіне жол ашты. Мәселен, орта ғасырдағы Отырар қаласы әлемдік өрке­ниет­тің ұлы ойшылдарының бірі – Әбу Насыр әл-Фарабиді дүниеге әкелсе, түркі халықтарының рухани көшбасшыларының бірі Қожа Ахмет Ясауи Түркістан қаласында өмір сүріп, ілім таратқан» деп ерекше атапты.
Елбасымыздың «Ұлы дала» атты ежелгі өнер және технологиялар музейін ашу туралы айта келіп: «Ежелгі Отырар қаласының бірқатар нысандарын – үйлері мен көшелерін, қоғамдық орындарын, су құбырларын, қала қамалының қабырғалары мен тағы да басқа жерлерін ішінара қалпына келтіретін туристік жоба да қызықты болмақ» деген сөзі Отырардың перзенті – мені ерекше қуантты.
Бұл мақаланың еліміз үшін маңызын Елбасының өзінен артық ешкім де айта алмасы анық: «Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және бо­лашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының ке­­пі­лі дегеніміз осы».


Түркістан облысы
Отырар ауданы

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды