Ұлы ақын, ағартушы Абайдың 175 жылдығы: білімдіден шыққан сөз, талаптыға болса кез

Абай деген – терең теңіз, алып мұхит. Абайды таныған сайын, оның түбіне маржандарын алу үшін сүңги беруің керек. Ал мен оның бетін ғана қалқыдым. Мұхтар Әуезов

0 94

Абай Құнанбайұлы ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы, ұлттың жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, композитор ретінде ұлттық поэзияда, музыкада, даналықта, қоғамдық-азаттық ой-пікір саласында өшпес із қалдырғаны сөзсіз. Оның өлеңдері мен қара сөздерінде ұлт болмысы, бітімі, тұрмысы, тіршілігі, дүниетанымы, мінезі, жаны, діні, ділі, тілі, рухы көрініс тауып, кейін Абай әлемі деген бірегей құбылыс ретінде бағаланды.Ұлы ақын, ағартушы, философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер, жазба әдебиеті мен қазақ әдеби тілінің негізін салушы, реформатор Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы 1845 жылы Шыңғыс тауды жайлаған Тобықты руында дүниеге келді. Болашақ ақын ел анасы атанған Зере әжесінің таусылмайтын аңыз-ертегілерін естіп, сөзге шебер Ұлжан анасының тәрбиесін көріп өсті. Абай алдымен әкесі «Ескітам» деген қоныста салдыртқан медреседе сауат ашады, 10 жасқа толғанда Семейдегі Ахмет Риза медресесінде үш жыл оқып, араб пен парсы тілдерін меңгеріп шыққан. Абай дін оқуымен ғана шектелмей, білімін өз бетінше жетілдіруге тырысып, орысша сауат ашады. Абайды өмір, қоршаған дүние, табиғат, болмыс сыры, олардың заңдылықтары көп ойландырған. Ол дүние сырына бойлап, өзін мазалаған сауалдарға жауап табуға тырысты. Абай шығармаларында адам баласының өмір сүру мақсаты, сол мұратына жету жолы, әлемдегі болмыстың мәні мен өзіндік ішкі байланысы, жалпы заңдылықтары көрініс тапқан. Абай көзқарастарындағы ең басты сипаттарының бірі – қазақ қоғамының әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне қатысты жаңа­шылдығы.

Абай Құнанбайұлы өз шығармаларында қазақ қоғамының өркендеуіне қатысты әр түрлі саяси, экономикалық мәселерді көтеріп, қазақ халқының тұрмысын жақсарту жолдарын қоғамның экономикалық негіздерін өзгертуден көрді. Қазақтардың прогрессивті дамуын Абай егіншілікті, қолөнер кәсібін және сауданы өркендетумен тығыз байланыстырды. Ол көшпелі мал шаруашылығының тұрақсыздығын, жергілікті кәсіп пен өнім өңдеудің әлсіз дамуын көрсетті. «Бізде малдың басын көбейткеннен басқа артық ой жоқ. Жер өңдеу, сауда, ұсталық тіпті ғылым да жоқ. Мал жұттан өлер, ал кәсіп әрқашан қолда қалады»,-деп жазды. Абай көшпелі халықтың экономикасын терең зерттеп, оның кемшіліктері мен қайшылықтарын талдап,  көшпелі ауыл сипатын, оның өндіргіш күштері мен өндірістік қатынастарын өлеңдері мен қара сөздерінде бейнелейді. Сонымен қатар, Абай қазақ халқының дәстүрін, этнографиясын және құқық мәселелерін алғашқы зерделеушілердің бірі болды.

 Кәсіби – бақшалық өндірістің және жер өңдеудің нашар халін, сауданың әлсіз дамуын, қазақтарда ғылым мен техникалық құралдардың жоқтығын көре отырып, Абай тек бір халыққа ғана емес, сонымен қатар Қазақстанмен көршілес халықтарға көз салды. Ол қазақ қоныстарының кейбір бөліктерінде өзбек, татарлар туралы қалыптасқан көзқарастардың қателігін айтып, оларды айналысатын кәсібіне қарай бағалайды. Олардың салтанатқа жетуін шаруа қуып, өнер тауып, мал тауып, зор болғандық әсерінен деп түсінеді.

Қолөнердің дамуына ерекше көңіл бөле отырып, қоғамдық еңбек бөлінісінің жағдайына баға береді, сонымен қатар өткізу нарығының жетілмегендігіне және қолөнер еңбегінің қарапайымдылығына байланысты өнеркәсіптің дамымауын, көшпелі шаруашылықтағы қолөнершілердің еңбегінің шектеулілігін, тапшылығын сынайды. Абайдың пайымауынша, нағыз сарқылмас байлық – өнер, оған үйрену – ең игі іс. Абайдың ойынша, табыс табу үшін қолөнер үйрену керек. Себебі «мал жұтайды, өнер жұтамайды» (отыз үшінші қара сөз). Ұлы ақынның бұл ойлары бүгінгі Қазақстан қоғамы үшін де өзекті. Сондықтан да елімізде шикізатқа тәуелділік психологиясынан арылу, шағын және орта бизнесті барынша өркендету негізгі басымдықтың бірі ретінде белгіленген.

Абай шығармаларынан оның өз кезеңіндегі экономикалық әдебиеттермен таныс болғандығы байқалады. Оған себеп, Абайдың өнеркәсіптің даму қажеттілігін, оның көшпелі қоғам үшін маңызын, сондай-ақ нарықтық қатынастардың ролін, эквивалент негізінде тауар айырбасының қажеттілігін түсінуі. Абайдың құн категориясы, кейбір экономикалық заңдылықтар, соның ішінде мамандандыру, ақшаның ролі туралы, есептілік, байлықтың табиғаты, қажеттілік деңгейі, бәсеке туралы түсінігі болған. Абай жетінші қара сөзінде адамның мінез-құлқына түрткі болатын екі қажеттілікті бөліп қарастырады: біреуі – ішсем, жесем, ұйқтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды, Һәм өзі өспейді, қуат таппайды.  Біреуі – білсем екен демеклік, жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген. Оның ойынша, адам ғылым және өнермен айналысу үшін тамаққа, тұрғын үйге деген өзінің табиғи қажеттіліктерін қанағаттандыруы қажет.

Абай білім және ғылымның адамның және қоғамның кемелденуіндегі маңызын аса жоғары бағалайды. «Дүние де өзі, мал да өзі, Ғылымға көңіл бөлсеңіз» дей отырып, Абай білім және ғылымды дамыту байлықты арттырудың құралы екендігін айтады. Отыз екінші сөзінде, Абай «Білім-ғылым үйренбекке талап қылушыларға әуелі білмек керек. Әуелі – білім-ғылым табылса, ондай-мұндай іске жаратар едім деп, дүниенің бір қызықты нәрсесіне керек болар еді деп іздемекке керек» деп ой түйеді. Абайдың бұл ой тұжырымдары қазіргі күні де Қазақстан үшін өте өзекті, себебі, адам өміріндегі  басты байлықтың бірі – жас ұрпақты ғылым мен заманауи техниканы, технологияны  игеруге, инновациялық ізденімпаздыққа үйрету. Адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі, бәсекеге қабілеттіліктің негізі.

Абайдың шығармаларында маңызды өндіріс факторы – «еңбек» тақырыбы ерекше орын алады. Абай өлеңдеріндегі «Еңбек етсең ерінбей, Тояды қарның тіленбей», «Тамағы тоқтық, Жұмысы жоқтық, Аздырар адам баласын», «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап» – деген қазыналы ойлар бәрімізге жақсы таныс. «Адал еңбек, мал таппақ, жұртқа жақпақ»,- дейді ол. Өйткені, еңбек адамның азамат ретінде қалыптасуы үшін рухани тұрғыдан да, әлеуметтік тұрғыдан да  басты қызмет атқарады деп есептеледі. Еңбек ең жоғары игіліктің көзі, адам күшінің ең биік өлшемі, халқына қызмет етудің, ұлттық арман-мүддені жүзеге асырудың, әл ауқаттылықты арттырудың басты көрсеткіші деп түсіндірген. Мысалы, өзінің оныншы қа­ра сөзінде «Ерінбей еңбек қылса, түңіл­мей іздесе, орнын тауып істесе, кім бай болмайды?», деп тұжырым жасайды. Қоғамдық бір теңсіздіктің негізгі арқауы – еңбекке, еңбек арқылы өндірілген игіліктерді иеленуіне келіп тіреледі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылы 30 мамырдағы жарлығына сәйкес 2020 жылы қазақтың бас ақыны, мақтанышына айналған халқымыздың ұлы перзенті Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын атап өтуде мемлекет көлемінде және халықаралық деңгейде, ЮНЕСКО аясында ауқымды іс-шаралар жүргізілуде. Данышпан ақын, ойшыл, дана ғұламалардың бірі, қазақ әдебиетінің шоқтығы биік ірі тұлғасы Абай еңбектерінің нәрін өскелең ұрпақтың санасына сіңіру мақсатында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да іс-шаралар ұйымдастырылуда.

Өткен жылдың маусым айында қазақстандықтар әлеуметтік желілерде #Abai 175 челленджін  бастап, соның арқасында бүкіл Қазақстан Абай мұрасын тағы бір зерделеп шықты. Осы орайда, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, ЭжБЖМ-нің «Экономика» мамандығының студенттері де #Abai 175 челленджін қабылдап, Абайдың «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» шығармасынан үзінді оқып, эстефаны Алматы қаласының жоғарғы оқу орындары студенттеріне жолдады. Абай жырларын оқу челленджіне мемлекет басшысы «Бұл – Абайға деген құрмет әрі ұрпақты тәрбиелеудің тиімді тәсілі» деп баға берді.

 Абай әрбір сөзімен ұлттық сананы қалыптастыруға, ел мәдениетін, білімін жаңа деңгейге көтеруге ұмтылды. Ұлттық сананы сақтау және оны заман талабына бейімдеу бүгінде мемле­кеттік маңызы бар мәселеге айналып отыр. Ақынның қара сөздері өте өзекті, қазіргі қоғам тынысына, тәрбие, ғылым, рухани мәселелеріне үндес құнды толғамдар десек артық емес. Ұлы ақынның шығармалары бү­гін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Абай­дың ой-тұжырымдары барша­мызға қашанда рухани азық бола алады.

 

Ғ. ДАУЛИЕВА, Г.АНДАБАЕВА,
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті,
«Экономика» кафедрасының доценттері,
экономика ғылымының кандидаттары 

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × three =