Ұлы Абай – ұлттың абыройы

0 680

Алмахан МҰХАМЕТҚАЛИҚЫЗЫ,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі:

АБАЙДЫ ӨЗІМІЗ ТЕРЕҢДЕП ТАНИЫҚ

– Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласы мені үлкен әсерге бөледі. Әр ұлттың өзінің биік тұлғасы болады, сол тұлға арқылы ұлтты таныту – қай заманнан да бар дүние. Біз өз құндылығымызды өз уақытында бағалай білмейтін ұлттар қатарынанбыз ғой, сондықтан Абай туралы аудармаларға қатты назар аудару, Абай орталықтарын көбейту туралы Президент аузынан естігеніме қатты қуанып отырмын. Абай шығармашылығы – қанша заман өтсе де маңыздылығын жоймайтын, алмас сияқ­ты жан-жақтан жарқырап көрінетін, қай саладан болса да зерттеуге лайық құндылық. Абайтанушылар азайып барады деп алаңдап жүрген едік.
«Абайды зерттеп болдық» деген де ғалымдар шықты, ал Әуезов Тоқпановқа берген жауабында «Абай – мұхит болатын болса, біз мұхиттан шө­міштеп қана алдық» деген. Терең ғұламаны біз өз деңгейінде тани алмай жүрміз. Ең бірінші Абайды танытқан Әлихан болса, одан бергі уақытта Абайды дәуірге қарай бұрмалап келдік, енді тәуелсіз Қазақстанның Абайын таныту мұратын Тоқаев бір мақаламен жеткізген. Абайды өз биігіне көтерсек, халықтың да бірлігі күшейеді деп ойлаймын.
Астана қаласында ең алғаш 2010 жылы Қазақстан-Ресей университетінде Абайтану орталығы ашылғаннан кейін төрт жыл жұмысын атқарған орталықтың негізгі бағыты мектеп бағдарламасында абайтанудың енуіне ықпал ету болатын. Одан бері алты жыл бойы «осы орталық жеке болсын, Абай шығармашылығы, қара сөздері ұрпақты тәрбиелейтіндіктен жеке болуы керек» деп қанша жерге жариялап жүргенімізбен өзінің тиісті жауабын ала алмай, қолдау таппай келді. Қашаннан бері осы сұраққа жауап таба алмай жүрген болатынмын. Орталыққа келсек, 2010 жылы ашылған орталық төрт жылдан кейін жабылып қалғаннан кейін біраз бұқаралық ақпарат құралдары бұл жөнінде жарыса жазғанымен өзінің нақты нәтижесін бермеді. Ал бүгінгі осы мақала менің ойымда жүрген мәселені дөп басыпты, Президент Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың болуы туралы бастама көтеріп отыр, енді осыдан кейін абайтанудың үлкен болып ашылатынына кәміл сенемін. Өйткені Абай ұлтқа, руға бөлінбейді, оның айтқан шығармасы, жазып кеткенінің бәрі адамзатқа арналған. Абайды әлемдік деңгейге көтеру керек, ол үшін алдымен өзіміз тереңдеп тану деген мәселені Қасым-Жомарт Тоқаев осы мақаласында қамтыған.
Қазіргі таңда Астанада 90-ға жуық мектептер ішінде бір мектеп қана Абайдың атына берілді, оның өзінде абайтану мәселесін көтеріп жүріп берілген болатын. Қазір Абайтану орталығының бүкіл жұмысын осы №87 мектеп көтеріп отыр, Абай атындағы мектепте үлкен Абай залы бар. Осы зал 21 тақырыпты қамтиды, жалпы осы мектеп бағдарламасында бала Абай, ақын Абай, хакім Абай деген үш кезеңге бөліп оқытуды қолға алды, алдағы уақытта Абайдың бүгінгі ұрпаққа беретін тәлім-тәрбиесі осы мектептен бастау алатыны бізді қуантады. Қ.Тоқаевтың Абай шығармашылығын әлемдік деңгейге көтеру, Абай шығармаларына ден қою туралы жазған мақаласының алда атқарылар талай келелі іске үлкен септігі тиеді деп есептеймін.

Ерлан СЫДЫҚОВ, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық
университетінің ректоры, Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаты:

ҰЛТ МҮДДЕСІН КӨЗДЕГЕН

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласын барша қазақстандық зор ықыласпен қабылдағаны сөзсіз. Мақаланың «Ұлттық болмыстың үлгісі» деген қайнар бастауында Абай шығармаларының астарындағы бүгінгі ұлттық жаңғыруға керек қырлар зерделенген. Онда саналы, білімді және мәдениеті жоғары ұрпақты қалыптастыру мәселелерін шешу арқылы ғана әлемдік көштің басында боламыз деген ой өрбиді.
Ал «Мемлекет ісінің мүдделісі» деген бөлімде елімізді нығайтудың бірден-бір жолы әділетті қоғам құру жөніндегі Абай идеясы темірқазық ретінде алынған. Сөзсіз, тек әділетті қоғамда ғана заң үстемдігі орнамақ. Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы да дәл осындай қоғамда салтанат құрары анық.
Мақаланың «Жаңа қоғамның жанашыры» бөлімінде Абайдың «толық адам» формуласы қоғамдағы әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға негіз болатыны талданған. Бұдан бөлек, Президент аталған концепцияның өзге де салаларда, мейлі, мемлекет басқаруда болсын, мейлі білім жүйесінде болсын, мейлі отбасы институтында немесе бизнесте болсын, негізгі тұғырға айналуы керектігін айтады.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы мақалада Абай Құнанбайұлының болмысын бар қырынан өзімізге де, шетелге де насихаттау әрі танымал ету жолдарын мәлімдейді. Осы орайда атқарылуы керек нақтылы іс-шараларды да тәптіштеп баяндайды. Біздің ендігі міндетіміз – сол тапсырмаларды ел болып өз деңгейінде орындау.

Жандос ӘУБӘКІР, Абай музейінің директоры,
Семей қаласы:

ПРЕЗИДЕНТ МАҚАЛАСЫ – ПАРАСАТТЫ ПАЙЫМДАУ

– «Egemen Qazaqstan» газетінде жарық көрген Қазақстан Респуб­ликасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласын Абай музейінің ұжымы ықыласпен қабылдады. Бұл мақала ағымдағы жылы әлемдік деңгейде аталып өтетін Абай тойының маңызы мен ерекшелігін жан-жақты нақтылап, алдымызға келелі жұмыстарды атқаруды жүктеп отыр.
Мемлекет басшысы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын атап өту той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілетінін тілге тиек ете отырып, елімізге алыс-жақыннан келетін меймандар мен туристерді күтіп алуға жағдай жасау керегін, адамзаттың Абайын тануға асығып келетін Жидебайдағы Абай музей-үйін жаңғырту жұмыстарына басты назар аударуда.
Мақалада көрсетілген елдің рухани дамуындағы ерекше орны бар Семей қаласын тарихи орталық ретінде белгілеу, ұлы Абай мен Шәкәрімнің, Мұхтар Әуезовтің кіндік қаны тамған өңірге айрықша құрмет көрсету, Семей шаһарын әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан кешенді түрде дамытуға күш салу, ұлы тұлғалардың ізі қалған қаладағы тарихи-мәдени нысандарды заманауи көзқараста жаңғырту, Абайдың қастерлі мекені – әйгілі Жидебайды абаттандырып, ұлы ақынның рухына тағзым етуге келетін жұртшылыққа қолайлы жағдай жасау, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейіне ерекше көңіл бөліп, ғылыми-танымдық жұмыстармен айналысатын орталыққа айналдыру мәселелері мен бірегей бастамаларын қолдаймыз. Бұл бастама тұтас еліміздің дамуы мен халық игілігіне асатын жұмыстардың бастау көзі, қайнар бұлағы ретінде тәуелсіз еліміздің дамуына үлес қосары анық.
Ел Президенті Қ.Тоқаевтың ұлылар мекеніндегі қасиетті орын, қара өлеңнің меккесі Жидебайда музейге арнайы лайықталған «Абай мұрасы» атты жаңа ғимарат салу идеясына үлкен қолдау білдіргіміз келеді. Бұл – музей ісінің дамуына, Абай мұрасын әлемдік деңгейде паш етуге аса қажет дүние.
Мемлекет басшысының мақаласындағы мәселелер мен мақсаттарды орындау үшін бар күш-жігерімізді салып еңбектеніп, Абай мұрасын барша адамзат баласына насихаттау жолында жұмыс атқаратын боламыз.

Ғарифолла ЕСІМ,
философия ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі, абайтанушы:

ҚАЗАҚТЫҢ АЙНАСЫ

– Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толады. Халқымыз үшін бұл – айтулы мереке. 150 жылдық тойы өткеніне, міне, 25 жыл өтті, осы екі ортада бір ұрпақ өсті. Осы 25 жылда біздің Абайға деген көзқарасымыз қалай өзгерді? Абайтанушы ретінде осы мәселе мені ойландырады, толғандырады. Ойланып отырып бірде қайғырам, бірде қуанам. Қуанатыным, Абай өлеңдерін жатқа айтатын жастар өсіп келе жатыр. Ал қайғыратыным, Абай туралы жаңаша ештеңе айта алғанымыз жоқ, сол 150 жылдық тойында айтылған нәрселерден әлі аса алмай жүрміз. Міне, дәл осындай тұста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы жарық көрді. Мақалада Абайды ХХІ ғасырда қалай түсінеміз? ХХІ ғасырға Абайдың қажеті қандай? Абайдың 175 жылдығын тойлаудағы мақсат не? Ол тек той-тамаша ретінде атап өтетін шара ма деген түйіндер төңірегінде ой қозғайды.
Мемлекет басшысы «Абайды қалай дәріптесек те жарасымды» дейді. Рас, бірақ біздің дәріптеуіміз ХХІ ғасырдың азаматтарына қалай әсер етіп жатыр? Сол ХХІ ғасырдың азаматтары сонау ХІХ ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген ойшыл, ғұлама, ақын Абайды өздеріне қалай жақын тартады? Қалай сырласады? Одан қалай ой алады? Абай көп нәрсе айтты, ұлтымыздың мінін ашық көрсетті. Ендеше осы ғасырда да қазақ сол мінінен арылды ма? Абай айтқан «Жақсы мен жаманды» айыра алып жүрміз бе? Мәселе – осында.
Абайды еске алу ол Абай туралы үлкен жиналыс өткізу немесе ол туралы көлемді-көлемді баяндама жасау емес. Осы арада бір мысал айтайын. Мұхаммед пайғамбарға бір кісі келіп «Сіз қандай ұсқынсыз адамсыз» депті. Пайғамбар оған «рас» деп бас изепті. Осыдан кейін Әбубәкір келіп «пайғамбар, сіз қандай нұрлысыз» депті. Оған да «рас» депті. Сонда бұл жағдайды көріп тұрған сахабалар «ей, Алланың елшісі, сізге екі түрлі сипат айтқан екі адамға да бірдей жауап бергеніңіз қалай?» деп сұрапты. Сонда Пайғамбарымыз «мен Алланың айнасымын, маған қараған адам өз бейнесін көреді» деп жауап беріпті. Сол сияқты Абайға қарап біз өз бейнемізді анықтауымыз керек. Абай – айна! Сондықтан Абайдың 175 жылдық тойын халықтың мерекесіне айналдыру қажет болып отыр. Абайға қарап әр қазақ өзін танысын. Бұл той – қазақты ойландыратын, толғандыратын той. Абайы бар қазақ халқы бақытты. Ендеше әр қазақ осы бақытын бағалау керек.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 + 14 =