Ұлы Абай шұғыласы

0 163

Ұлы Абайдың 175 жылдығы аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Санкт-Петербург қаласының Ресей мемлекеттік кітапханасында «Абай» ақпараттық-мәдени орталығы ашылды.

Іс-шара барысында көрші елде тұратын қандастарымыз қазақ және орыс тілдерінде Абай Құнанбайұлының шығармаларын оқып, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Бекзат Смағұлов Абай әндерін орындады.
«Осы орталықты ашу аясында Абай шығармаларынан кітап көрмелерін ұйымдастырдық. Оның ішінде ұлы ақынның бірнеше тілге аударылған шығармалары да бар. Атап айтатын болсақ, жақында ғана Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жарық көрген «Абай» атты кітаптарды қойдық. Бұл кітаптарда ақынның шығармалары дүниежүзінің 10 тіліне аударылған болатын. Аударма жинақтарға ақынның 145 өлеңі, 3 поэмасы мен 45 қара сөзі кірді. Одан бөлек, абайтанушылар мен ақынның шығармалары енген кітаптарды көрмеге қойып отырмыз» деді ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Үмітхан Мұңалбаева.
Орталыққа ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» еңбектерінің 1,2,3,4 томдары, «Свет и Тень», «Преодоление», «Он делает историю» атты кітаптары сыйға тартылды.
Жалпы биыл шетелдерде бірнеше «Абай» орталығы ашылды. Атап айтқанда, Чехияда, Германияда жұмысын бастады. Осының бәріне Ұлттық академиялық кітапхана мұрындық болды. Жалпы аталмыш кітап ордасы биыл 1 000-нан аса іс-шара өткізді.
«Бүгінде Ұлттық академия­лық кітапханасында кітаптар, сирек кітаптар, газет-журналдар сияқты жалпы 1,5 миллион материалдар қоры бар. Одан бөлек, 2007 жылы ақпараттық теңсіздікті төмендету бағдарламасы бойынша Ұлттық академия­лық кітапхана базасы аясында ұлттық электронды кітапхана базасы жасалды. Бүгінде осы ұлттық электрондық база бойынша 60 мыңнан аса мәтіндегі контентіміз бар. Оның ішінде тек қана әдеби кітаптар емес, ғылыми және сирек кездесетін кітаптар, газет-журналдар, диссертациялар, аудио кітаптар, бейнематериалдар өте көп. Айта кетсек, осы уақытқа дейін 108 басқа елдің тұрғындары сол материалдарымызбен танысқан» дейді кітапхана директорының ақпараттық ресурстар және жастар саясаты жөніндегі орынбасары Нұржан Жолдыбалинов.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × two =