ҰЛТЖАНДЫ АЗАМАТ. ЖАНКЕШТІ КҮРЕСКЕР. ӘМБЕБАП ҒАЛЫМ…

0 201

Халел досмұхамедұлының туғанына – 130 жыл

Ғарифолла ӘНЕС, филология ғылымдарының докторы, «Арыс« қорының президенті

Екі ғасыр тоғысында, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Алаш жұртында «қазақ оқығандары» атты жаңа әлеуметтік топ пайда болды. Олар қоғамдық-саяси істерге белсене араласып, ұлттық қозғалыс құрып, партия ұйымдастыруға ұмтылды; газет-журнал шығарып, елшілдік ұранды әдебиеттер таратты. Осы бір кезең туралы кейіннен Мұхтар Әуезов: «Қазақ жұртының өткен күндеріне көз салғанда, оқыған азаматтарының артынан ерген күндері аз да болса мағыналырақ, тәуір күндерінің бірі деп саналады. …Біз ол күнде мектеп ішінде жүрген бала едік» деп тебірене жазады (Әуезов М., Ахаңның елу жылдық тойы – «Ақ жол» газеті, 1923, 4 ақпан). Соқпағы соны, жолы ақ ұлы көштің бастаушылары арасынан Ә.Бөкейхан мен Ж.Досмұхамедұлындай кәсіби саясаткерлер, Шәкәрім, Міржақып, Ғ.Қараш, С.Торайғырұлындай ақындар және көптеген дәрігер, заңгер, экономист, теміржолшы, сауда-саттық мамандары, алғашқы төл оқулық авторлары, педагог-ғалымдар мен журналис-тер тасқа біткен шынардай жарқырап шықты. Тыңға түрен салған тұңғыш ғалымдар деген тұста, екі адамның аты-жөні қашанда көкейде жаңғырып тұрады. Бірі – ұлттың ұлы ұстазы һәм рухани көсемі, ғұлама тілші-ғалым, күллі қазақ қоғамдық ғылымдарының бастау-көзінде тұрған түркітанушы (қазақтанушы) Ахмет Байтұрсынұлы болса, екіншісі – жаратылыстанудың сан саласынан қазақ тілінде тұңғыш оқулықтар жазған оқымысты дәрігер, энциклопедист ғалым Халел Досмұхамедұлы.

Халел Досмұхамедұлы 1883 жылы сәуірдің соңғы күндері қазіргі Атырау облысы Қызылқоға ауданындағы Тайсойған құмында дүниеге келген. Ғұмырбаянының үзілуіне келсек, 1938 жылдың 26 шілдесінде Ресейдің Воронеж қаласында үй-ішімен кесімді мерзімін өтеп, айдауда жүрген жерінде НКВД қамауға алады. Одан Мәскеудің «даңқты» Бутыркасына, кейінірек Алматының тастүрмесіне жеткізіліп, осында ажал табады (бір құжатта: «1939 жылы сәуірдің 24-де әскери трибунал атуға үкім шығарылды» десе, ал екіншісінде: «1939 жылы тамыздың 19-да түрме ауруханасында өкпе туберкулезінен қайтыс болды» деп жазады).

Ауыл молдасынан хат таныған бала Халел 1894 жылы 11 жасында Орал қаласындағы әскери реальді училищенің даярлық класына қабылданып, зеректігімен көзге түсіп, 1902 жылы оның негізгі бөлімінің толық курсын үздік аттестатпен бітіреді. Бұдан соң осы жылдың тамызынан 1903 жылдың 5 маусымына дейін қосымша сыныпта оқып, барлық сабақтан емтиханды «беске» тапсырып, 7 сыныпты үздік бітірді деген куәлік алып шығады. Осылайша Халел одан әрі кез келген жоғарғы арнаулы училищеге емтихансыз, ауызша тілдесіп-тексеру арқылы түсуге құқылы болатын.

Қырдан, Қызылқоға құмынан алыстағы Орал шаһарына келген, ормандай орыстың ортасында қазақ балаларына бөлінген барлы-жоқты 10 орынның бірін иеленіп, оны үлгілі тәртібі мен сабақ үлгерімі жағынан тек «өте жақсы» деген бағаға бітірген науша бозбаланың алдында сан түрлі таңдау жолы тұрды. Әрине, жанды жері – отбасы жағдайы-тұғын. Бір үйде шиеттей он бала болды. Әкесі де, аға-інілері де сол кезде қаймана қазақты қынадай қырған, тіптен бүгінде де Қазақстанның батыс аймағында зардабы толық жойылмай отырған «көкірек ауруынан» (ел аузында «көксау» да делінеді) – туберкулезден ада емес еді. Біздіңше, Халел атамыздың басына тауқымет тілеп, дәрігерлік мамандықты таңдауының басты себебі – сол кездегі елдегі санитарлық-фельдшерлік жағдайдың мүшкілдігі, көкөрім қыршын жастарды баудай түсірген оба, сүзек, шешек, көкірек ауруларының ушығып, бас бермей тұруы-тұғын. Міне, осылайша қазақтың алғашқы оқығандарының бірі, кез келген ғылым саласына салса, шыңына бір-ақ шығарлық дарыны бар дара талант иесі, Алаштың бағына біткен болашақ ағартушы-ғалым һәм философ-гуманист, қоғам қайраткері Х.Досмұхамедұлы мамандықтардың мамандығы, кәсіптің кәсібі – дәрігерлікті таңдайды. Және ықыласы анау-мынау ортақол оқу орны емес, Санкт-Петербургтағы императорлық Әскери-медициналық академияға ауады.

ХХ ғасыр басындағы Ресей патшалығындағы медициналық оқу орындарының тарихы, оны бітірген алғашқы қазақ дәрігерлерінің тағдыр-талайы туралы бұл орайда кеңінен сөз етуге мүмкіндік жоқ. Сондықтан біз ауыл баласының ит арқасы қиянға – патшалықтың солтүстіктегі алып шаһары астана Петерборға аттанғанын ғана айтпақпыз. Өз біліміне сенімді Халелдің алдынан күтпеген қиындық туындайды. Академия талабы бойынша емтихан тапсырар сабақтар арасында баяғыда сүйегі қурап қалған «өлі тіл» – латынша да болатын. Сірә, Халекең репетитор жалдап, тез арада ол пәннің де құрылым-табиғатын түсініп алса керек. Осылайша, ол Оралда жинап-терген білімінің қызу-жалынын жоғалтпай, сол жылы-ақ Академияның студенті атанады.

1903-09 жылдары Академия қабырғасында студенттік жылдарын өткізген Халел тек адамның тән жарасына шипа іздейтін дәрігер болып ғана қоймай, өз замандастары Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлы сынды халқының жан дертіне үңілген қайраткер, ескінің көзі, жаңаның басы бола білді. «Ұлтшыл болу, халқын сүю – білімнен емес, мінезден» деп Алаштың бас көсемі Әлихан Бөкейхан айтқандай, аты аталған арыстар араға көп уақыт салмай білімді, білікті ағартушы-ғалым болумен бірге, азаттық туын көтерген саяси көшбасшылар, «Алаш» партиясы мен Алашорда үкіметінің негізін қалаған, ісін болашаққа жеткізген серкелеріне де айналды.
Біздің айтпағымыз: Петербордағы жеті жыл білім нәрін жинау кезеңі оның басынан өткерген бақытты, сәулелі жылдары еді. Әдетте, бар-жоғы 55-56 жыл өмір сүрген Х.Досмұхамедұлының қысқа да мәнді ғұмырбаянын (тәржіме халін) төрт кезеңге:

1. Тұлғалану жылдарына (1916-ншы дүрбелең жылдарға дейін);
2. Ат үстінде өткен күрес жылдарына (1916-1920);
3. Ғылыми-шығармашылық һәм қоғамдық-педагогикалық қызметпен айналысқан жылдарына (1921-1928);
4. Қуғын-сүргінге ұшыраған азапты жылдарына (1929-1939) бөліп қарастырамыз.

Х.Досмұхамедұлының заманнан озып туған өресі биік әрі толық жиналып бітпеген мол мұра-қазынасы негізінен екі қолдың он саусағын бүксең жетер-жетпес аз ғана жылды қамтитын осы үшінші кезеңде, негізінен, Ташкент қаласында, кейбірі Алматыда дүниеге келген болатын. Ал тірнектеп материал жинау, түрлі ғылым саласындағы теориялық қағидаттарды меңгеріп, талдау, ғылымның сан саласы бойынша білімін жетілдіруді ол осы Петерборда оқыған студент жылдары қолға алғаны сөзсіз.

Алаштың көсемдері санатында, айрықша білімдар ретінде теміржолшы-инженер Мұхамеджан Тынышбайұлының да атын атап кеттік. Өз соңына қазақ тарихы мен шежіресі туралы классикалық зерттеулер жазып қалдырған ғалымның ғұмырнамасы Халекеңмен тағдырлас, егіздің сыңарындай ұқсас: ол да осы жылдары Петерборда, императорлық Жол қатынастары институтында оқыды, қуғын-сүргінге ұшырап, жазықсыз атылды. Бірі дәрігер, екіншісі инженер бола тұра оларды ұқсастыратын басты ерекшелік – астаналық білім берудің шыңдалған әмбебаптық дәстүрі, өздерінің оқу-білімге деген ерекше құштарлығы. Ол кезде атақты ғалым-ұстаздар талапты жастарды жеке-дара баулып, қанаттандырып отырған, ғылымға бейім, білмекке құмар студенттердің өз бетімен ізденуіне, өзге де жоғары оқу орындарында дәріс оқитын ғұламалардың алдын көруіне мүмкіндік жасалған. Міне, осылайша Нобель сыйлығының иегері, әлемге мәшһүр академик И.П.Павловтың шәкірті Халел зейінді де зерделі Мұхамеджанмен бірге В.В.Бартольд, В.В.Радлов, Бодуэн де Куртенье сияқты атақ-даңқы айшылық жерге жайылған бірегей ғұламалардың дәрісін тыңдады, қырағы көздеріне шалынды. Астанадағы инемен құдық қазған жылдары білікті маман болуларымен қатар ресейлік және әлемдік ғылымдағы жаңашыл техникалық табыстармен, адамзат пен қоғам дамуының тың теория-тұжырымдарымен таныс болды. Түрлі ашық лекциялар мен диспуттарда әлі оқулыққа енбеген ілім-қағидаттарды талдады, олардың авторларымен көрісіп, тілдесті.

Осы орайда, энциклопедист Халелдің көп тіл білген полиглот екенін де айта кеткен орынды. Оның жеті жұрттың тілін меңгеруге күш салғаны, оған мұрша-мүмкіндігі болғаны да осы Петерборда оқыған кезі еді. Ол алдымен ана тілін сүйді, қадірледі. «Тіл – жұрттың жаны. Өз тілін өзі білмеген ел ел болмайды. Мәдениетке ұмтылған жұрттың алдымен тілі өзгермекші… Тілінен айырылған жұрт – жойылған жұрт» дейді ғалым-дәрігер («Аламан» жинағы, Алматы, 1991, 49-б. Ал оның мына бір тарихи жазбасы тура бүгінгінің жастарына бағышталғандай әсерге қалдырады: «Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – сүйініш. Ана тілін білмей тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – күйініш. Ана тілін білмей тұрып, жат тілді еліктей беру зор қате. Бұл – оқығандардың һәм оқушылардың есінен шықпау керек» Досмұхамедұлы Х., Қазақ-қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы, Ташкент, 1924, 3-б. Ана тілінің асқан білгірі Х.Досмұхамедұлы орыс тілін жастайынан, әскери училище қабырғасында-ақ жан-жақты меңгеріп алды. Неміс тіліне оның өте жетіктігін, мамандығы бойынша тілші, өзі де бірнеше тіл меңгерген филология ғылымдарының кандидаты Қарашаш Халелқызы әрдайым айтып отыратын. Халекең проф. Ю.Вагнердің танымдық кітаптарын қазақ тіліне аударды. Ал үш томдық «Жануарлар» кітабын жазу тәжірибесі туралы өзі: «Жануарлар» көбінесе орыстың Алуев деген профессорының және немістің атақты Брем деген білгішінің кітаптарына қарап жазылды» дейді (Досмұхамедұлы Х.Таңдамалы. Избранное. Алматы: «Ана тілі», 1998). Реальді училищеде неміс және француз тілдерінен үнемі жақсы баға алғаны, ал Академия қабырғасында латын тілін оқып-үйренгені мәлім. Латын тілі туралы ғұламаның мына бір ойлары бүгінде де өз мәнін жоғалтқан жоқ: «Осы заманғы ғылым – Еуропа ғылымы, барлық Еуропа ғылымында қолданылатын тіл – латын тілі. Сондықтан, латын тілі жұртқа ортақ ғылым тілі болып саналады. Ғылым атауын латынша айтса, француз да, неміс те, жапон да, ағылшын да түсінеді. Латын тілі, латын сөзі бізге жат болса да, қашуға болмайды. Бұл заманда ғылым іздеп, қатарға кірем деген халық латын сөздерінен қаша алмайды» [4, 264]. Сондай-ақ, білімпаздың көне түркі мен ортаазиялық шағатай тілі, араб және парсы тілдері жүйесімен таныстығына, одан бір адамдай хабардар болғандығына оның бізге жетіп отырған мол мұрасы куәгер.

Сонымен Х.Досмұхамедұлы 1909 жылдың күзінде Академияны «аса үздік» бағамен бітіріп шығып, қолына дипломын алады (Кейбір дереккөздерде оған Академияны бітірерде алтын медаль да қоса тапсырылды делінеді. Әдетте, императорлық оқу орындарын үздік бітірушілерге аты-жөні мен тегінің бас әріптері ойылып жазылған жеке-дара, атаулы медаль қоса тапсырылған. Мәселен, белгілі қоғам қайраткері Бақытжан Қаратаевтың алтын медалі сақталған).

Ұлтына ғылым-білім нұрын сепкен

1920 жылдың соңына таман Х.Досмұхамедұлы көптеген «алашшыл» қазақ оқығандары қатарында Түркістан Автономиялы Республикасының орталығы Ташкент қаласына келеді. Осы жылы тамыздың 21-і күні Түркреспубликасының Халық ағарту комиссариаты жанынан туыстас түркі халықтарының оқу-ағарту, мәдени һәм ғылыми мұқтаждарын өтеу үшін арнайы Білім комиссиясы құрылады. Ол алдымен осы комиссияның мүшесі (төрағасы – И.Тоқтыбайұлы), кешікпей төрағасы (1921-23) болады. Оның органы есепті «Сана» журналын шығарады, «Талап» атты әдеби-мәдени бірлестік ұйымдастырады… 1923 жылдың қыркүйегінде Түркреспубликасы Халық ағарту комиссариаты жанындағы Мемлекеттік Ғылыми кеңестің төрағасы болады. 1923 жылы сәуірде ТуркЦИК пен ТуркСовнаркомның арнайы тапсырмасы бойынша Жетісу облысын кешенді зерттеген ғылыми экспедицияға қатысады. 1924 жылдың 15 қаңтарында Ресей Ғылым академиясы жанындағы Орталық Өлкетану бюросының мүше-корреспонденті болып сайланады, оның сессияларына шақырылады. Осы жылдың маусымында Түркістандағы ғылым саласын ұйымдастырушы ретінде Орынборда тұңғыш өткен Қазақ білімпаздарының сиезіне арнайы қатысады. 1924-25 жылдары Қазақ ғылым-баспа комиссиясы төрағасының орынбасары. Осы жылдардағы архив деректеріндегі Х.Досмұхамедұлының өз қолымен жазылған ғылыми есептер [5] қазақ мектептері үшін алғашқы оқулықтардың жазылу тарихы мен баспа ісінің жолға қойылуы, жалпы Түркістан Республикасы мен Қазақ өлкесіндегі оқу-ағарту мен ғылыми-зерттеу жұмыстарының жай-күйі туралы көп мағлұмат береді.

Біздің айтпағымыз: осы жылдардағы Х.Дос­мұ­ха­медұлының ұйымдастырушылық жұмысының арқасында кейін сан салаға жіктеліп, өрістеген қазақ ғылымының ірге­та­сы қаланды, ол ғылым-білімнің, оның ішінде түр­­­кітанудың (қазақтанудың) алғашқы дә­нін себуші, көшетін көктетуші ретінде ба­­ға­­лануы қажет. Ғалым алдымен мектептерді оқулықтармен қамтамасыз етуге бар күш-жігерін жұмсайды. А.Байтұрсынұлының қазақ тіліне қатысты жазғандарын түгел жарыққа шығарумен бірге барша алашшыл зиялыларға сала-сала бойынша оқулықтар дайындауға тапсырмалар береді, олқылықтың орнын толтыру үшін өзі де қолына қалам алады. М.Дулатов – есеп құралы мен әдебиет хрестоматиясын, И.Тоқтыбаев – Түркістан және жалпы географияны, Дисаленов – физика мен арифметиканың ІІ бөлімін, Табынбаев – педагогика мен психологияны, С.Қожанов – есеп құралының І бөлімін, Ғалымжанов – математика бойынша есептер жинағын, Жәленов – математиканың ІІ бөлімін, Оспанов – қазақ тілінің сөздігін, М.Жұмабаев қазақ әдебиетінің теориясын тездетіп жазып шығуы тиіс болды. Ал оларды жарыққа шығаруға қаржы көзін табу, қолжазбалардың сапасын жетілдіріп, редакциялау ісімен әрі басшы, әрі бірден-бір ғылыми қызметкер ретінде Х.Досмұхамедұлының өзі айналысты. Оқулық жазуды ғылым-білімнің алғашқы сатысы деп есептеген ғұлама жоспарлы түрде әр саланы, бірінші кезекте қоғамдық ғылымдарды дамытуға күш салды. Әсіресе, Ә.Диваевтың ел арасынан 35 жыл жинаған ауыз әдебиеті үлгілеріне ерекше назар аударып, экономикалық жағдайдың ауырлығына қарамай, оны сатып алуға қаржы тапты. Сырдария мен Жетісу облыстарына тұрақты түрде кешенді этнографиялық экспедициялар ұйымдастырды. Қазақ тілінің (түсіндірме) сөздігін түзуге мұрындық болды. Айналдырған 3-4 адамның (Х.Досмұхамедов – төраға, мүшелері – Ә.Диваев, У.Танашев, Е.Омаров) атқарған қыруар жұмыстары мен көрген қиыншылықтарына Х.Досмұхамедұлының өз қолымен 21.11.1921 жылы жазған есебі куә: «Производить массу работ более мелкого характера: редактирование разных книг, … корректирование печатаемых учебников и проч. …Помещение холодное, нет дров. Нужны лампы, керосин… Не хватает стульев, столов, шкафов, вообще обстановки… Оплата научного труда низкая. Выдача вознаграждения за исполненную работу задерживается на многие месяца, выдается после продолжительных мытарств. Работник получает свой заработок уже тогда, когда курс рубля упал низко… Сданные в Госиздат книги не получается, т.к. еще не напечатаны…» (Өзбекстан Республикасы Орталық мемл.архиві, Р-34 қор, 1-тізбе, 2119-іс).

1922 жылы да жағдай түзеле қоймайды: «Согласно новой экономической политики – приступила к сокращению штатов в Туркреспублике. Научная комиссия была сокращена самым безмилостным образом. В комиссии были оставлены председатель, член и учебный секретарь… Несмотря на такие неблагоприятные обстоятельства Комиссия работала, не покладая рук. Главной своей целью в этом периоде Комиссия ставила создание учебников и пособий на киргизском языке, для школ І и ІІ ступени… Второй ближайщей задачей Комиссии были разбор, опись и систематизация материалов по этнографии и киргизской народной литературе, купленных у Диваева и собранных в 1922 году особыми экспедициями в Сыр-Дарьинской и Джетысуской областях… » (Аталған архив, Р-34 қор, 1-тізбе, 1593-іс).

Бұл аталғандарды ағартушы-ғалымның мемлекеттік қызметтегі атқарған жанқиярлық істері деп бағаласақ, оның сыртында ол осы жылдары қазақ тілінде – «Сана», орыс тілінде – «Наука и просвещение», өзбек тілінде – «Білім ошағы» журналдарын ұйымдастырды. 1923 жылы қазан айында Мәскеудегі Әдебиет институтының директоры Д.Я.Брюсовқа Мағжан ақын туралы «Будущий наш Пушкин» деп хат жазып, жолдама берді. Осы жылы қоғамдық жұмысқа да уақыт тауып, «Қазақ-қырғыз мәдениетін көркейтушілер қауымы» – «Талап» атты қоғамдық бірлестік құрады. Құрылтайшы ретінде («шын мүше» делінеді) аты-жөні бірінші реттік санмен белгіленгендіктен және «басқарманың төбе-ағасы» болғандықтан (басқарма мүшелері: проф. А.Э.Шмидт, И.Тоқтабайұлы, М.Есболұлы, М.Тынышбайұлы, М.Әуезұлы, Қ.Тыныстанұлы) бұл қоғамдық бірлестікті құру идеясы мен жауапкершілігі толықтай «Доктор Халел Досмұхаммеддовқа» жүктелгенін сезуге болады [6]. Таратып айтуға орын тар болғандықтан, қысқаша ғана «Талаптың» «мақсұты әм істейтін істерін» санамалап өтпекпіз: «Қазақ-қырғыз халқының әдеби тілін, ғылыми атауларын (терминологие), емлесін әм басқа мәселелерді тексеру; ұлт өнерін (искуствасын) тәптештеу; қазақ-қырғыз халқының тарихын әм салтын тексеріп қарастыру; қазақ-қырғыз мектептерінде оқыту мәселесін реттеп, жөнге салу; қазақ-қырғыз халқының білім қызметкерлеріне әм өнер қайраткерлеріне жәрдем көрсету. Жоғарыда көрсетілген мәселелерді жүзеге шығару үшін: талқы (диспут), дәріс, баяндамалар жасауға; білімге керекті мағлұматтар жию үшін, оқушылардың білімін арттыру үшін керуендер (експедитсие), қыдырыстар (екскурсиа) түзеуге; көрмелер (выставка) ашуға, уақытша әм белгілі мезгілмен шығып тұратын баспасөздер бастыруға; кітаптар, қолжазбалар, өнердің үлгілерін, ескіліктің тамтықтарын жинауға; білім, өнер жолында сіңген еңбектерді жарысқа, сынға салып, бәйге тігіп, жүлде беруге; қазақ-қырғыз халқын ағарту жолында керекті мамандар, шеберлер (спесиелистер) даярлау үшін курстар ашуға; қазақтың жауапты аудармашылар (тәржімешілер), хәріф түзушілер, уақытша әм белгілі мезгілімен шығып тұратын баспасөздерге жазылушылар, басқа керекті қызметкерлер ұйымдарын ашуға; Қауымның көздеген мақсұттарын жүзеге шығару үшін хүкімет мәхкемелерінен, әлеумет ұйымдарынан көмек қарастыруға қауым ерікті» («Сана» журналы, 1923, №1, 123-127-б.).

(Басы. Жалғасы бар).

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × 4 =