ҰЛТЖАНДЫ АЗАМАТ. ЖАНКЕШТІ КҮРЕСКЕР.ӘМБЕБАП ҒАЛЫМ…

0 447

(Басы)

Ғарифолла Әнес, филология ғылымдарының докторы, «Арыс» қорының президенті

Осы орайда «Х.Досмұхамедұлы – түркітанушы» деген тақырып аясында бұған дейін қазақ халқын заманында орыс тілінде «киргиз», «казак-киргиз» деп бұрмалап айтты деген инерциямен Халекең жиі қолданатын «қазақ-қырғыз» атауына арнайы көңіл бөлінбей келгендігін көрсете кеткіміз келеді. Түркістан Республикасының ұлттық құрамын ескере отырып және Қ.Тыныстанұлы, И.Арабаев сынды қырғыз ағартушыларының сол кезде Алаш қайраткерлерімен қолтықтаса жұмыс істегендерін есте ұстасақ, Ташкентте 1920-жылдардың басында қызмет атқарған қазақ зиялыларының барша туыстас түркі халқының бірлігін ту көтеріп, қамын жегені (мәселен, Мағжанның жырлаған «Тұтас Түркістан» тақырыбын еске алыңыз) болашақта үңги зерттейтін мәселелердің бірі деп білеміз. Х.Досмұхамедұлы, С.Қожанов, Т.Рысқұлов, Н.Төреқұлов сынды қайраткерлеріміздің барша түркі жұртын бірдей көріп, бір шаңырақ астына жинастыру саласындағы күрескерлік еңбектері, орталықтың сол жылдары тездетіп ұлттық шекаралық межелеу саясатын жүзеге асыруы, әліпби ауыстыру науқанының қолға алынуы, бір сөзбен айтқанда, қайтадан патша заманынан келе жатқан «Бөлшекте де, билей бер» саясатының алға шығуы – күрмеулі, күрделі тақырып. Біз осы орайда түркі тілдестер туыстығына тікелей қатысты, бүгінгі күні де өзектілігін жоймаған шағын құжат мәтінін толық әрі түпнұсқа тілінде келтіре кеткенді жөн көріп отырмыз (Өзбекстан Республикасы Орталық мемл. архиві, Р-34 қор, 1-тізбе, 1593-іс):

«В Государственный Ученый Совет»

Рассмотрев европейский (латинский) алфавит, введенный в Азербайджане, Кир. Научная Комиссия нашла: 1) введение латинского алфавита и замену им арабского алфавита в принципе считать желательном, но немедленное введение, в особенности администр(ативном) порядке, вредным для дела культуры и целесообразным по политическим соображениям; 2) алфавит, принятой в Азербайджане не совсем соответствует киргизскому языку, а потому требует переработки для применения к киргизскому (казакскому) языку. Киргизская (казакская) Научная Комиссия считает необходимым выработать алфавит применительно к звукам киргизского (казакского) языка. Когда исковой будет готов, о нем будет дана статья в журнале «Наука и Просвещение».

Киргизский (казахский) алфавит в настоящее время нужно считать установленным и более или менее соответствующим киргизским (казакским) звукам языка. Дальнейший этап усовершенствования киргизского (казакского) алфавита по мнению Комиссии должен состоят следующем: 1) дальнейшее усовершенствование изменения арабских букв; 2) в замене 3-4 значков арабских одним начальном значком. Пробы эти в настоящее время делаются в Казани. Нам нужно это начинание поддержать.
Председатель Киргизский (Казакской) Науч­ной Комиссии Х.Досмухамедов. 7 февраля 1923 г. »

«Тыңға салып түренін ізденістің…»

Әмбебаб ғалым уақыт қажеттілігіне, ұлт мүддесіне орай «Табиғаттану» оқулығын (1 бөлім, Ташкент, 1922. -112 бет) ғана емес, өз мамандығына тікелей қатысы бар ғылым салалары, яки медицина-биология бойынша да сүбелі еңбектерді өз қолымен жазып шыққан: атап айтқанда, Халекең «Адамның тән тірлігі» (Қызылорда, 1927. -303 бет), «Шәкірттер саулығын сақтау (Ташкент, 1923.-20 бет), «Оқушының саулығын сақтау (Ташкент, 1925-23 бет; Қызылорда – Мәскеу, 1928-229 бет), «Жануарлар. 1 бөлім. Сүйектілер хақында (Ташкент, 1922-200 бет; Қызылорда – Мәскеу, 1928-229 бет), «Жануарлар. ІІ бөлім». (Ташкент, 1922-130 бет; Қызылорда, 1926-111 бет; Қызылорда, 1928-112 бет) және «Жануарлар. ІІІ бөлім» (Ташкент, 1926-256 бет; 2-басылуы. Қызылорда, 127-176 бет) атты оқулықтар, баспадан шығарған кезде Орталық Азияда жаңа қоғам құрып жатқан халықтардың ешбірінің тілінде оқу құралдары жазылмаған, жалпы, түркі ұлттары тілінде оқулықтар жазу ісі енді-енді қолға алына бастаған еді. Сол себепті де Түркреспубликасы құрамындағы барша ұлт өкілдері, олардың алғашқы оқығандары мен ұстаздар қауымы осы оқулықтарды үлгі қылып, өнеге алды деуге толық қақымыз бар. Ана тілінде тұңғыш оқулықтар жазудың қиындығы туралы ғалымның өзі: «Қазақ тілінде бұған дейін Ахметтің «Тіл – құралынан» басқа ешбір ғылым жайында жазылған кітап болмады. Алдымызда үлгі болмаған соң, ғылым кітабын жазу өте қиын болды… Ғылым атауларына лайықты ат қою алғашқы уақытта уақытта тым мұқтаж, бүтін ілгері болашаққа жол салатын нәрсе; сондықтан алғашқы жазылған кітаптарды әсем қылып, сөздің жүйесін келтіріп жазудан көрі, ғылым атауларына лайықты атақ тағу жағын қарастыру керегірек дейміз» дейді.(Досмұхамедұлы Х., Жануарлар. ІІІ бөлім, 1926).

Х.Досмұхамедұлының биология мен зоология, медицина мен жаратылыстану саласындағы алғашқы оқулықтарының тілі, осы салалар бойынша оның қазақ терминологиясына қосқан үлесі әлі күнге арнайы зерттелген емес. Оған бір жағынан біздің де «кінәміз» бар. Өйткені, кезінде Халекеңнің мұрасын жинастырып, оны араб хәрпінен қазіргі жазу үлгісіне көшірген жылдары біз аталған оқулықтардың алғашқы 10-15 бетін ғана қайталап жариялаған болатынбыз. Кезінде уақыт жетімсіздігі мен кітап көлемін белгілеген баспа талабына құлақ асқанымыздың үстіне, ол оқулықтар заманауилық тұрғыдан ескірді, мәнін жоғалтты деген ой-пікірде болғанымыз да жасырын емес. Әйтсе де, соңғы жылдары қазақ ғылыми терминологиясына ерекше сұраныс туған кезеңде ғалымның еңбектерін тұтастай оқып-көргісі келушілер, оның төл терминдік жүйесіне қызығушы- лар көбейді. Бірақ, өкінішке орай, оны қазіргі жазу үлгісіне көшірем деп ешкім белсене суырылып шыға қоймады. Сондықтан, ғалымның биология мен зоология, медицина мен жаратылыстану сала­сындағы ғылыми терминологиясын зерделеу, талқылап талдау ісі де түпнұсқалар айналысқа түс­пегендіктен тоқталып тұр.

Ал, ағартушы-ғалымның қазақ ғылыми терминологиясына қосқан үлесін арнайы сөз етудің әбден қажеттілігінің тағы бір басты себебі бар. Өйткені, оның термин түзушілік қызметін жай сала маманының ділгірлігінен ғана туған құбылыс деп емес, ерекше жауапкершілік жүктеген, тіл қамы мен қамытын қоса сүйреген лингвист еңбегі деп бағалаған орынды.

«Х.Досмұхамедұлы – түркітанушы» дегенде біз алдымен оның «Қазақ-қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы» атты кітапшасы (Ташкент, 1924-53 бет, бұл алғашында «Шолпан» журналының №1, 2, 3, 6-8 сандарында жарияланды) мен «Диуани лұғат ат-түрк» мақаласын («Шолпан» журналы, 1923, №6-8, 19-29-беттер) ауызға аламыз. Оның сыртында әлі қолымызға түспеген мұралары мен «Түркі тілдері туралы» сынды авторлығы толық анықталмаған мақала (Досмұхамедұлы Х., Таңдамалы…, Алматы: «Ана тілі», 1998) және әліпби ауыстыру мен термин (пән) атауларын қалыптастыру хақындағы талас-тартыстарда айтылған пікірлерін де (аталған кітапта) назардан тыс қалдыруға болмайды. Ма­мандығы дәрігер ғалым ең алдымен қазақ (түркі) тілінің құрылымы мен жүйесін, оның фонетикасы мен граммматикасын терең меңгеруімен таңғалдырады.

«Қазақ-қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы» деген еңбегінде: «Түрік тілі – жалғамалы тіл. Жалғамалы тілдегі сөздердің түбірі өзгермейді. Сөз аяғына жалғанған қосымшалар арқылы өзгереді. Қазақ-қырғыз тілі – түрік тілінің бір тарауы. Сондықтан қазақ-қырғыз сөздері де түбірін өзгертпей, аяғына қосылған жалғаумен өзгереді, – дейді де, бұл тілдік заңдылыққа анықтама береді. – Қазақтың негізгі жалқы сөзінің түбірінде жуан дыбыстар мен жіңішке дыбыстар бәрінің бірдей дауыс­пен (не жуан, не жіңішке) ұйқасып айтылуын білім тілінде «сингармонизм» дейді. Сингармонизм деген сөз, қазақша айтқанда, үндестік, ұйқастық деген мағынада». Оның өзге де түрік тілдерінің жүйе-құрылымымен таныстығына мына жолдар дәлел: «Сингармонизм түрік тілінің айрықша өзіне біткен қасиеті. Түрік тілдерінің көбі (Ыстамбұл түріктері, Қазан ноғайы, сарт-өзбек, тағы талайлар) түрік емес халықтардың сөзін көп алғандықтан, жат жұрттарға көп араласқандықтан осы айрықша қасиетінен айырылып қалып отыр. Осы күндерде қазақ-қырғыз секілді шет жұрттармен жарытып араласпай, нағыз түріктікті сақтаған елдердің тілдерінде ғана сингармонизм заңы өзгерместен қалып отыр». Одан әрі тілімізге ертеректе араб-парсыдан, орыс тілінен енген кірме сөздердің (Халекең «жат сөздер» дейді) үндестік заңына бағынғандығын дәлелдей келіп, «Елдің тілін бұзатын – көршілес елдердің мәдениетін үлгіге алған мәдениетті елдердің әсері. Елдің тілі бұзылуына ең алдымен оқығандары себеп болады. Бұлар жат әсерлерге бағынғыш келіп, ана тілін өзгеруге жолбасшы болады» деген оқшау ой тастайды. Ол ойын тілдің дамуымен, әдеби тілдің қалыптасуымен байланыстыра отырып, тілдік құбылыстарды дене құрылысымен салыстырып, тілші әрі дәрігер ретінде өзіндік пікірін білдіреді: «Оқығандар өзіне ылайық әдебиет тілі деген тіл түзеді. Түзеген жаңа тілін ел ішінде жая бастайды, көбінесе зорлап кіргізеді»; «Әдебиет тілі дұрыстап түзелмесе, қара тілдің заңымен жүрмесе, әдебиет тілі көп бұқараға түсініксіз жат тіл болады, елге сіңбейді»; «Әдебиет тілінің қаруы – баспа мен мектеп… Баспа мен мектепте қолданған тіл елге ақырында сіңбей қалмайды»; «Қазақтың әдебиет тілі жаңадан басталды. Елдің қара тілі әдебиет тілімізге негізге алынды. Әдебиет тіліміздің табаны дұрыс салынды деуге болады»; «Бір тілге кірген жат сөз – бейне адамның қарнына түскен тағам… Жат сөздерді қолданғанда тіліміздің заңымен өзгертіп, тілімізге ылайықтап алу керек. Жат сөзді өзгертпей, бұлжытпай алатын жер дүниеде тіл жоқ деп айтса болады. Бұл туралы Аурупа тілдерінен алдымызда үлгі келтіреміз» дейді одан әрі.

Одан әрі ғалым түрлі-түрлі тілдердің жіктеліміне, классификациясына, тоқталады. «…Әр топтың бір-бірінен айырмасы түрік тілінің маңғұл иә фин тілінен айырмасындай» деген полиглот-ғалымның пікірі оның өз дәуірінің барша ғылыми жаңалығымен таныстығын, әсіресе, түркітанудың заманауи білім-біліктерін, ақпарат-мәліметтерін игергендігін танытады. «Сингармонизм заңы – жаңғыз қазақ тілінің емес, түрік тілінің заңы; тек түрік тілінің емес, орал-алтай тобына кіретін тілдердің заңы, – дейді ғұлама бұдан аттай бір ғасырдай уақыт бұрын. – Орал-алтай тобы мынадай тілдерге бөлінеді: 1) фин тілі, мадиар-оңғар, фин (суами), есті, мордба, тағы талайлар; 2) самойет (қасуами); 3) түрік; 4) маңғұл (қалмақ, бурлат); 5) тоңғыз. Түріктің бұрынғы тарихы қытай, араб, парсы тілдерінде жазылған. Бұлар түрік-маңғұл сөздерін орасан өзгертіп жіберген». Кітапшаның соңында ғалым әрбір жастың ана тілінде сауат ашып, ұлттық білім алуының маңыздылығына ерекше назар аударады. «Жасында ұлт мектебінде дұрыстап оқыған адам ана тілінің заңын ұмытпайды… Әксент туады, бөтенше сөйлеуге, бөтен елдің адамынан айырылмастай болып сөйлеу бұларға өте қиын болады»; «Орыс мектептеріне кіргендердің есі-дерті орыс тілін жақсы білу, орысша жақсы сөйлеу болатын еді. Орыс мектептеріндегі оқытулардың да бар тілегі жас өспірімге орыс тілін жақсы білдіріп, орыс тілін ана тіліндей қылып жіберу еді» деген ескертпесін 70 жыл білмей, бойымызға сіңірмей келгеніміз қандай өкінішті!?. Аталған еңбектегі: «Біздің айтайын дегеніміз мынау: бөтенше жақсы сөйлеймін деп мақтану керек емес, ойлаңқырау керек» деген ғалым ой-тұжырымы да соңғы 20-25 жылда қайталап жарық көргенімен азат өмірдің ұранына айналмай, көкезу көбік сөзге көміліп қалғаны – өкініш үстіне өкініш….

Ғалымның «Диуани лұғат ат-түрк» мақаласы да дәл осындай заманауи өзектілігімен, ғылыми тереңдігімен және тарихи-рухани мұраға деген үлкен жанашырлығымен ерекшеленеді. Түркияда А.Рифат әфәнді бастырған үш томдық М.Қашқари сөздігін жаһандық соғысқа байланысты алдырта алмағандығын, енді ғана қолына тигеніне риза бола отырып: «Түрік азаматтарының білімге, түрік ұлтының тілі мен әдебиетіне мынадай назар салғандықтарына қуанышымыз қойнымызға сыймай отыр» дейді ғалым («Шолпан» журналы,

1923, №6-8, 19-29-беттер). Одан әрі: «Бірақ сондадағы бұл кітаптың басылуы өзінің жақсы­лығымен осы күнге дейін Түркияда басылған бұрынғы кітаптардан айырылып тұр. Қатасын түзетуге артықша назар салғандық, жете қарап бастырғандық, қолдан келгенше түп (оригинал) кітаптың суретін сақтауға ыждаһат қылғандық … Түркияда кітап басуға осындай артық назар салуды көріп, біздің қуанышымыз екі есе болып отыр» деген жолдардан оның мұраға деген ықылас-ыждағаты, баспагер-редакторлық тәжірибесінің молдығы сезіліп тұрады. Осы сын-пікірнама сияқты көрінетін, ал шындығында толымды зерттеу еңбегінде Х.Досмұхамедұлы түркі тілінің тарихын сөз ете отырып, өзін диапазоны кең тарихшы ғалым ретінде көрсетеді. Шағын шолуында біз оның Йусуф Хас Хажиб жазған «Құдатқу білікпен» де жан-жақты таныстығын аңғарамыз. Сонымен бірге ол арабша «Түрк-мағол-парсы тәржіманы» (Хоутсма һәм Мелиоранский нәшрі), Абу Хайан әл-Гарнатидің «Китаб әл-идракы», Мысырдан табылған «Гүлстан» тәржімесі, «Құман һежесі – Кодекс Куманикус» сияқты түркологияның әлемдік жауһарларының тек атын емес, сын-сипаттарын да ерекшелеп атап, бүгінгі жоғары білімді филологтардың өзін таңғалдырады. Тіптен, ол осы мақаласында әл-Фараби есімін де ауызға алып (мүмкін, қазақ баспасөзінде тұңғыш рет!), кемел білімдарлығымен бізді айрықша қайран қалдырды: «Ислам дүниесінде иктисадий ғылымдарды Сырдария жағасынан барған бір түрік ғалымы (Фараби) бастап жазған болса, Махмұт Қашқаридың да таза бір диуани (светский) ғалым, дүнияуи жағрафия һәм тіл ғалымы болып, кітабын мынадай бір жолға қойды» [13]. Одан әрі 1923 жылы Тәшкенде жарық көріп, кейін тыйым салынған мақаламен танысқан жан 1970-80 жылдары ҚазМУ-дің филология факультетінің аудиториясында отырып, проф. Б.Кенжебаев сынды жаңашыл ғалымның енді-енді жария бола бастаған тың да даулы ой-пікірлерімен танысқандай әсерде болады: «Түрік қауымының тіл, әдебиет һәм мәдениет тарихы үшін 1889-ыншы жылы Орхон жағаларында Ядринцев тапқан, Томсен, Радлов
һәм басқа ғалымдар тарапынан үйреніліп, нәшр етілген, барлық мәдениет, хан дүниесінің назарын өзіне қаратқан, хан ерлерінің фікірін алыстырған ескі түрік, Орхон «бітіктастары» қандай аһамиаты болса, Махмуд Қашғари кітабының да аһамиаты сондай. Мақмуд Қаш­ғаридің түрік қауымына, өз ұлтына мунасабаты Күл-тегін, Білге хандардың мунасабатындай һәм түрік руларын, түрік тілін білуі, әсіресе, білімі олардан артық болған».

Біз проф. Халел Досмұхамедұлының тілші, тіл тарихшысы ғана емес, сонымен бірге шежірелі тарихшы, болжампаз саясаткер, ойшыл философ, жалпы әмбебап қоғамтанушы ғалым болғандығын ғана атап өтіп, сөзімізді түйіндемекпіз. Ал аталған ғылым салалары бойынша жіктеп-жіліктеп тарқату, біртуар ғалымның феномен қырларын аша түсу болашақтың еншісі болмақ.

Темірқазық тұлға еді кейінгіге

Х.Досмұхамедұлының ұлттық рухани-мәдени кеңістігімізге қалдырған тағы бір шыңы, өшпес тарихи ізі – қазақ поэзиясының классигі, жыраудың соңы, ақынның басы Махамбеттің алдаспан жыр-толғауларын жинап, хаттап, арнайы кітап құрастырып, бүгінгі ұрпаққа мирас қылуы (Мұрат ақынның сөздері. Бірінші бөлім. Ташкент, 1924-152 бет; Исатай-Махамбет. Бірінші бөлім. Ташкент, 1925–161 бет; «Терме» жинағы (Тәрбие, білім, әдебиет жайындағы мақалалардан терме), №1, Ташкент, 1925; Алматы, қазақтың ел әдебиетінен алынған сөздер. Ташкент, 1926–187 беттер). Өткенін қастерлеген халықтар үрдісіне ден қойсақ, ол осынау жалғыз-дара ерлік-еңбегімен – махамбеттанушы ретінде, оның тұма бастау тұруымен ғана өз-өзіне мәңгілік ескерткіш орнатып, ұлттың ұлы көшті шежіресіне атын алтын әріппен жазып қалдырды. Алаш арыстарының атын атауға тыйым салынған кеңес кезінің өзінде махамбеттанушы әрбір ғалым-зерттеуші оның еңбегін айналып өте алмады. Академик Қажым Жұмалиевтен бастап зерделі зерттеуші Қабиболла Сыдықұлына дейін оның жазбаларына табан тіреді, аты-затын айта алмаса да, Махамбет мұрасын жарыққа шығару мен зерттеуде оны Темірқазық тұтынды. Ол тек махамбеттанушы ғана емес, қазақ әдебиеттануы мен фольклористикасында айрықша орны бар зерттеуші. Мұрат Мөңкеұлы, Шернияз шешен, Ығылман жырау, Абай, Мағжан, Бернияз шығармалары мен «Қарасай-Қази», «Қыз Жібек», «Кенесары-Наурызбай» жырлары туралы салиқалы пікір айтты, көпшілігін алғаш рет хатқа түсіріп, арнаулы редактор ретінде ықтияттап тасқа бастырды.

Халық ауыз әдебиетінің жидашысы сонымен бірге күні бүгінге дейін маңызын жоймаған «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты іргелі теориялық зерттеуін жазды (Казахская народная литература /Доклад, прочитанной в кабинете казахского языка при казахском педагогическом институте/ – Кітапта: Год работы. Казахского высшего педагогического института. Ташкент, 1928. 49-79-беттер). Осы тұста ғалымның жан-жақтылығына, ғұламалығына, ой-тұжырымының өміршеңдігіне, уақыт белестерінен аттап, заманалардан асыра айтылғандығына еріксіз таңданасыз. Сол кездің өзінде ол асыл қазына – фольклорлық мұраларды тек өлең-жыр, сөз өнерінің үлгісі деп ғана танымайды, ұлттың мәдени-рухани «паспорты» – тұрмыс-салтының қалпы, наным-сенім айнасы, тәлім-тәрбие тетігі екендігін дәлелдейді. Сол себепті де ырым-сырым, түс жору, жын шақыру, арбау-оқу, көшіру, үшкіру, дем салу, кітап ашу, бойтұмар, құмалақ ашу, қағу және т.б. ұсақ формаларды тұңғыш рет фольклорлық әдеби үлгі ретінде қарастырады. «Аруақпен айтыс» сияқты реликтілік мұра-құбылыстарды іздеп тауып, жариялайды. Жалпы, бұл мақала-очеркте баяндалған теориялық және практикалық қағыдат-тұжырымдар, біздіңше, күні бүгін де өзектілігін жойған жоқ. Өйткені, ғалым-фольклорист В.В.Радлов, Ә.Диваев, Ы.Алтынсарин, Г.Потанин, Лютш, т.б. зерттеушілер жариялаған мұралармен бірге, Түркреспубликасының Қазақ-қырғыз Ғылыми комиссиясы экспедицияларының Жетісу және Сырдария облыстары бойынша жинақтаған қолжазба материалдарын түгелдей сүзіп шыққан. Осылайша телегей-теңіз мол мұраға алғаш рет тұтас дүние ретінде қарап, жинақты, түйінді көзқарас қалыптастыруды мақсат тұтады. Қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін 46 түрге, тармақ-тарамға бөліп, жіктеп, яғни, қазақ фольклорлық мұраларының «халелдік классификациясын» түзеді. Жетпіс жыл бойы жұрт көзінен жасырылып, әдеби айналысқа түспеген «халелдік классификация» бүгінгі әлемдік түркітану мен фольклористика жетістіктеріне иек арта отырып арнайы талдап, тарқатуды қажет етеді.
Х.Досмұхамедұлының баспагер-редактор ре­тіндегі еңбегі де арналы сала. Оның әдеби-мәдени мұраға деген ерекше көзқарасын, Ығылмандай ақындарды, Ә.Диваевтай жидашыларды жеке қамқорлыққа алуын, мәтіндерге текстологиялық зерттеу жүргізуі мен ғылыми түсініктер жазу әдістемесін алдағы уақытта кеңінен сөз етеміз. Осы тұста тек баспагер-ғалымның құрастырушы, редактор, «дұрыстаушы» (өз сөзі), «түзетуші», ғылыми комментатор ретінде Абайдың таңдамалы өлеңдерін (Ташкент, 1922), «Кенесары-Нау­рызбай» (Ташкент, 1923), «Мұрат ақынның сөздері. Бірінші бөлім» (Ташкент, 1924), «Исатай-Махамбет. Бірінші бөлім» (Ташкент, 1925), «Терме» (Ташкент, 1925), «Аламан. Қазақтың ел әдебиетінен алынған сөздер» (Ташкент, 1926) сынды жинақтарды құрастырғанын және олардың қай-қайсысының да қазақ мұратануында өзіндік орны барын айта кеткіміз келеді.

Орны толмас өкініш(сөз түйіні)

Әрине, дәрігер, қоғам қайраткері һәм ағартушы-ғалым ретінде Қазақ тарихына өшпестей болып аты жазылған Х.Досмұхамедұлының өзіне көзі тірісінде-ақ қойып кеткен мәңгілік ескерткіші – оның келер ұрпаққа аманаттап кеткен ғылыми-мәдени мұрасы. Осы тұста «проф. Х.Дос­мұха­медұлының ғұмыры ұзақ болғанда (яки, зорлықпен өлтірілмегенде), сол ғұмырында тек ғылыммен айналысқанда – қандай биік жетістіктерге, шыңдарға жетер еді» деп қиялдайсың. Тіпті, жазықсыз өмірі қиылғанның өзінде рухани мұрасына қия­нат жасалмағанда, яғни 1989 жылға дейін аты аталмай, еңбектері ғылыми айналысқа түспей, өртеліп, өшіріліп келгені қандай өкініш!.. Осындай ғұламаның мұрасын игермеген, одан әрі дамытпаған төл ғылымымыз – қазақтанудың (түркітанудың) жолы қандай ауыр, жалтыр-жадағай…

(Соңы)

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 + 9 =