Ұлтының лайықты ұлдары

0 194

Жақында Мемлекет тарихы институты «Ғылыми қазына» мемлекеттік бағдарламасы аясында алғаш рет  «Ұлы дала тұлғалары» сериясымен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев және көрнекті тұлғалар Әлімхан Ермеков пен Жұмабек Тәшенев туралы зерттеу еңбектерін жарыққа шығарып, кітаптардың тұсаукесерін Астана және Алматы қалаларында өткізді. Біз осы кітаптар жөнінде айтып беруді авторлардан сұраған едік.

– «Ұлы дала тұлғалары» айдарымен жаңа шыққан кітаптардың ерекшелігі қандай? Бұл Ресей­дің «ЖЗЛ» сериясының қазақ­стандық нұсқасы емес пе?
Бүркітбай Аяған, Мемлекет тарихы институты­ның директоры, тарих ғылым­дарының докторы, профессор, «Нұрсұлтан Назарбаев және мемлекеттің қазақстандық құры­лыс үлгісі» атты кітаптың авторы:
– Қазақстанда атақты «ЖЗЛ» сериясына ұқсас қызғылықты оқылатын еңбектер жарық көре бастады. Атап айтсақ: «Нар тұлға», «Алаш арыс­тары», «Алаш ақиықтары» және тағы басқалар. Міне, осы аталған кітап серияларының ішінен «Ұлы дала тұлғалары» деп аталатын жаңа кітап сериясы өз орнын иеленіп, Қазақстан тарихында мемлекеттің дамуына, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани гүлденуіне еңбек сіңірген көрнекті тұлғалары туралы кітаптар шығара бастады. Бүгінгі жас ұрпақ өткен ғасырдағы тарихи тұлғалар жайында жақсы біле бермейді. Сондықтан, олардың республиканы дамытуға қосқан үлесі, өнегелі өмірбаяны туралы ғылыми көпшілікке арналған зерттеу еңбектеріне сұраныс бар.

Жаңа басталған кітап сериясы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың саяси өмірбаянынан басталғандығы кездейсоқтық емес. Өйткені, ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздікке еліміз қол жеткізіп, өзгелермен терезесі тең болып отыр. Н.Назарбаевтың ерекше қабілеті, көреген басшылығы оны жай ғана мемлекет Президенті емес, Ұлт Көшбасшысы дәрежесіне көтерілуіне, алыс шетелдерге де әлемдік деңгейдегі саясаткер ретінде таныла түсуіне мүмкіндік берді. Еліміздің Тұңғыш Президенті тұлға ретінде халыққа қызмет ету мен патриотизмнің үлгі аларлықтай жарқын бейнесі деп айтуға болады.

– Әлімхан Ермековтың өмірі және қайраткерлігі, Алаш Орда қайраткерлерінің қатарында қызмет еткендігі әзірге оқырман қауымға толық таныс емес. Бұл олқылықтың орнын қалай толтырдыңыздар?
Жанна Қыдыралина,
Тарих ғылымдарының докторы, «Әлімхан Ермеков» кітабының авторы:
– Әлімхан Ермеков – Алаш Орда үкіметін, Алаш партиясын құрушылардың бірі, жарқыраған талант иесі, мемлекет және қоғам қайраткері болған қазақтың айтулы азаматы. Тұлға кеңестік Қазақ автономиялы республикасын құруға белсене қатысушы, қазақ жерлерін біріктіруге жасаған қызметі бүгінгі күнде жұртшылықтың қызығушылығын танытуда. Оның есімін атауға ұзақ уақыт тыйым салынып келді және қазіргі уақытта да ол туралы жазылған еңбектер көп емес. Әлімхан Әбеуұлы Ермеков – жоғары интеллектуалды тұлға. Ол сол кездегі жарқыраған білімді жас қазақ азаматтарының қатарында жүріп, Ресейдің оқу орнын үздік бітіріп, бірнеше шет тілдерін меңгерген. Ол өзінің дарындылығымен экономика саласындағы терең білімі, құқық, саясат, халықтың әлеуметтік және мәдени жағдайынан өте жақсы хабардар болған. Алаш ардагерлері Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов оны Қазақ елі мен жерінің тағдыры шешілгелі тұрған жиынға кездейсоқ жібермеген. Ол кезде жас Әлімхан Алаш Орда атынан барып, әртүрлі саяси топтардың өкілдерімен келіссөздер жүргізген. Сол кезде ол 29 жаста екен. Ол Қазақ Орталық Атқару Комитетінің өкілетті уәкілі ретінде Мәскеуге барып, Лениннің алдында баяндама жасап және орталық аппараттың алдында өте жауапкершілігі мол сын сәтте Сибревком басшыларымен пікір таластырып, Ақмола облысын Астрахан губерниялық атқару комитетінің құзырына қарап кеткелі тұрған Қазақстанның маңызды территорияларының қатарында Каспийдің солтүстік жағалауының Қазақстан құрамында қалуын қадағалады. Сондай қайраткерлік, батылдық танытқан қазақтың адал перзентінің арқасында бүгінгі Қазақстан құрамында Астана жері мен мұнайлы Батыс сақталып қал­ған. Қайраткердің бүкіл өмірі күрес және арпалыспен өткен: ол 3 рет сотталып, ГУЛАГ лагерлерінде қамауда 18 жыл отырған. Қайраткер барлық қиындықтарды басынан өткізіп, ерекше төзімділік танытқан. Кітапта қайраткердің негізгі өмір тарихы орталық және республикалық ҰҚК-нің арнайы мұрағаттарында сақталған құжаттар мен естеліктерге негізделіп жазылып, жан-жақты ашылды.

– Ал Жұмабек Тәшенев кеңес дәуірінде қандай қызметтер атқар­ған?
Қанат Еңсенов, Тарих ғы­лым­­дарының кандидаты, «Жұмабек Тәшенев» кітабының авторы:
– Біз есімі аңызға айналып, халық жадында сақталғанымен ресми тарих ғылымында әлі айтыла қоймаған, тарихи қайраткердің еңбегі мен ғұмырнамасына тарихи объективтілік тұрғысынан таразылап баға беруге ұмтылдық. Кезінде Алаш қайраткерлері «Қазақ үшін керек шаруаны ертеңге қалдырмауды» айтқан еді, біз де осы қағиданы ұстандық. Ж.Тәшенев 1915 жылы қазіргі Ақмола облысының Аршалы ауданында дүниеге келіп, білім алып, еңбекке араласқан. 1938-1951 жылдары Солтүстік Қазақстан облысында шаруашылық, кеңестік партия жұмыстарында болды. 1952-1955 жылдары Ақтөбе облысын басқарды. 1955-1960 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Төрағасы, ал 1960-1961 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы қызметін атқарды.

Сейітқали Дүйсен, Педагогика ғылымдарының канди­даты, «Жұмабек Тәшенев» атты кітаптың авторы:
– Біз Жұмабек Тәшеневті Қазақ­стан жерінің тұтастығын сақтап қалу жолындағы күресін кітабымызда ең басты еңбегі деп көрсеттік. Кеңес елін Н.Хрущев басқарған (1953-1964 жж.) кезде Қазақстанды бірнеше өлкеге бөліп басқаруға, түбінде Қазақ Республикасын жоюға бағыт ұстағаны тарихтан белгілі. Қазақстанның жерін жырымдап Өзбекстанға, Түркіменстанға, Ресей Федерациясына бөліп бермекші болды. Оңтүстік Қазақстан облысының Бостандық ауданын 1956 жылы Өзбекстанға беріп те үлгерді. Қазақ Республикасының басшылығы жер беруге қарсы екенін білдіргенімен КСРО-ның кеудемсоқ басшысы оларды тыңдамады. Келесі кезекте 1961 жылы Қазақстанның солтүстігіндегі 5 облысын (Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Қостанай, Ақмола, Павлодар) Ресей Федерациясына беруді талап етеді. Сол кезде Қазақстанның премьер-министрі қызметін атқарған Жұмабек Тәше­нев бұл КСРО мен Қазақ Республикасы Конституциясының баптарын бұзғандық, халық еркімен санаспағандық екенін, егер жерді заңсыз беретін болса, Қазақстан басшылығы халықаралық ұйымдарға шағымданатынын ескертіп, Н.С.Хру­щевті шегінуге мәжбүр етеді. Осы қарсылығы үшін оны қызметінен кетіреді.

– Тәшенев тағылымын қалай бағалауға болады?
Қанат Еңсенов:
– Ол елінің, жерінің тұтастығы үшін басын бәйгеге тіккен ұлтжанды батыр қайраткер болды. Сол қай­раткердің ерлігі болмағанда Қазақ­станның бестен бірі 1961 жылы Ресейге берілгенде республикамыз тәуелсіздік алғанда ол жерлер қайта­рылмай қалып қояр еді. Қазіргі Астана қаласы да болмайтын еді. Сондықтан Ж.Тәшеневтің ерлігі – кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Оның ерлігін жастарға насихаттау – бүгінгі ғалымдардың парызы.

– Әлімхан Ермеков пен Жұмабек Тәшеневтің ұр­пақтары туралы не айтасыздар?
Жанна Қыдыралина:
– Бұл көрнекті тұлғалардың ұрпақтары бүгінде аталары мен әкелерінің атын жалғастырушы, текті әулеттер деп айтуға болады. Мысалы, Ермековтердің ұрпақтары ҚР ҰҒА-ның ака­демиктері, ғылым докторлары мен профессорлар атанды. Әлімхан Ермековтың немересі Олег Мағауияұлы – техника ғылымдарының кандидаты, облыста еңбек жолын геофизикадан сәтті бастап, Қарағанды политехникалық институтында дәріс берген, облыста экономика басқармасының бастығы қызметін атқарып, кейінгі уақытта ұлы Әділмен бірге білім саласындағы бизнеске басшылық жасауға ауысып, Ұлыбританиялық «Maryadi education» компаниясымен бірге әлем бойынша ересектер мен балаларға тілді оқытудың курстарын ұйымдастыруда. Бүгінгі күнде Лондонда Әлімхан Ермековтың 3 жастағы шөбересі – Даниял өсіп жатыр.

Сейітқали Дүйсен:
– Жұмабек Тәшеневтен Саян, Саят, Болат, Мұрат және Алла деген төрт ұл, бір қыз өрбіген. Саят деген баласынан басқалары өмірде бар. Алматыда, Шымкентте тұрады. Бәрі кезінде білім, ғылым саласында еңбек еткен және қазіргі күнде зейнетке шыққан.

– Оқырман қауым алда­ғы уа­қытта институт тарихшы­лары­ның ғұмырнамалық серия бойынша тағы қандай кітаптарын оқуы мүмкін?
Бүркітбай Аяған:
– Бұл «Ұлы дала тұлғалары» атты кітаптар сериясы, сөз жоқ, жалғасын табады. Қазіргі кезде инс­титут ғалымдары басқа да көрнекті Алаш қайраткерлері, сондай-ақ, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Қазақстанның шығармашылық интеллигенциясы өкілдерінен әртүрлі кезеңдердегі тұлғалар туралы зерттеулер жазу үстінде.

Дайындаған
Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

15 − eight =