ҰЛТЫМ ДЕП СОҚҚАН ЖYРЕГІ

0 369

Шерхан Мұртаза шығармаларының тағылымы туралы толғаныс

_MG_6269

Халқымыздың біртуар ұлы, ардақты перзенті Шерағаң туралы сонау сексенінші жылдардың ұрпағы саналатын мен алты томдық шығармаларын рет-ретімен қайта оқып шыққаннан соң рахаттанған көңіл-күймен өз пікірімді жеткізгім келді. Әттең, әр томы небәрі 5000 данамен ғана шыққан. Келешек ұрпақ үшін қыруар қазынадай бұл томдар кейін шам алып іздесең де таба алмайтын мүкәмал болып қалмас па екен?! Әр қазақтың төрінде, жеке кітапханасында тұруға тиіс том-том шығармалары тұнған тарих қой. Аңсарың ауғанда ашасың да оқисың…

Ы.Алтынсарин атамыз айтқан ғой: «Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» деп. Кітаптың да кітабы бар. Шерағаңның шығармалары бастауынан тұнған нәркес бұлақ суындай. Мейіріңді қандырады, жігеріңді жанып, жасампаз істерге жетелейді, жан дүниеңді алай-дүлей қозғап, тыныштығыңды алады; тағылым алар нәрселер көп. Қазағыңның неше ғасырлық тарихы мен тұрмысына, даналығы мен қайсарлығына, тұрмыс-салтына тәнті етіп, тоғышарлық пен кембағалдыққа, тіпті, бүгінгі егемендігін алған ел ішіндегі әлеуетсіз құлыққа қарсы күресуге шақырады. Міне, дәп солай.

Шерағаңның әр шығармасы қазағына шаңқай шаң түсте ұйықтама, ояу бол дейді. Мәселен, «Тәуелсіздік толғамдары» (6-том) бөлімінде Мөңке бидің айтқан сөзін келтіреді. Онысы «Абайлаңыздар» айдарымен берілген. Болашақ туралы Мөңке би баяғыда-ақ айтып кетті:

Құралмалы-жалғалмалы үйің болады,

Аумалы-төкпелі биің болады,

Халыққа бір тиын пайдасы жоқ,

Күнде бас қосқан жиын болады, –

деп. Тіл туралы соңғы он жылдан бері сан-сапалақ жиын өтті. Қаншама заң шықты, қаншама қаулы шықты. Пайдасы ша­малы. Біздің осы жиынымыз да сондай болмаса екен деп тілеймін. Мен осы жиыннан үміт күтемін. Тағы да Мөңке би айтты:

Ішегіне шынашақ айналмайтын,

Ежірей деген ұлың болады.

Ақыл айтсаң ауырып қалатын,

Кежірей деген қызың болады.

Алдыңнан кес-кестеп өтетін,

Кекірей деген келінің болады.

Ішкенің сары су болады,

Итке берсең ішпейді,

Бірақ адамдар оған құмар болады.

Домалақ-домалақ түймедей дәрің болады,

Жастары тіліңді алмайтын кәрің болады,

Жағаңнан ала түсетін інің болады,

Ала-шұбар тілің болады,

Дүдамалдау дінің болады.

Нострадамустың бір айтқаны келсе, бір айтқаны келмейді. Ал, баяғы Мөңке бидің айтқанының бәрі келіп тұр.

Ала-шұбар тілден арыла алмадық. Дүдамалдау дін деген қаптап кетті.

Мұның бәрінің себебі: ұлттық рухтың азғандығынан. Рух азса, намыс тозады. Жүз жылдық құлдық дәуірді бастан кешкен халық-халық, бірақ біртұтас ұлттық дәрежеге жеткен жоқ. Құйтырқы сайқал саясат біртұтас ұлтты ірітті.

Ұлт басын біріктіретін ұлыстар атылып кетті. Қалғандары құлақ кесті құл болды. Күнкөріс үшін жаппай орысшаға көшті…..

Міне, Шерағаң бұдан он жыл бұрын қазағының ұлт ретінде жойылып кет­пеуін, тіліміздің таңдай қаға кез келген трибунада, шет жерлерде сөйленуін, Конституцияға өзгеріс енгізіп, қазақ тілі дамуының ауыр жолын жеңілдетуін, мем­лекет басшыларының, әсіресе, қазақ­тардың қазақшасын қатаң қадағалау, ұлт­тық сананы оятып, намыс пен рухтың тірілуін Мәжіліс депутаты қызметінде де, жазушылық еңбегінде де қайтпай кү­ресумен болды, күресіп те келеді.

Шерағаң, Шерағаң сынды шырқыраған көптеген арыстарымыздың, бүгінде Прези­дентіміз Н.Назарбаевтың қатаң бақы­лауы арқасында, ол кісінің қыруар халықаралық деңгейде өткізіп жатқан көптеген іс-шараларынан барлық саладағы қиын­дықтардың сеңі сөгіліп келе жатқаны байқалады.

Өмірде ресми қызмет пен жазушылық бейнеттің жүгін қатар көтерген Шерағаның бойынан қашанда ұлтжандылықтың болмысын көресің. Рысқұл мен Тұрар жайындағы шығармаларын оқығанда өз ұлтыңның, қазағыңның асқан биіктігін танисың. Әсіресе, кішкентай Тұрар мен оның әкесі Рысқұлдың өмір жолына жалғасып жатқан тараптан Баукеңің-Бауыржан Момышұлының, Шерағаң-Шерхан Мұртазаның тұлғаларын қатар көріп шаттанам. Бір-біріне ұқсас, қазағы үшін отқа да түскен, суға да түскен қымбат бейнелер.

Егер Шерағаң Тұрар Рысқұлов жайында жазбаса, 19-ғасырдың соңы, 20-ғасырдың орта тұсындағы қазақтардың өмір жолын барынша көре білер ме едік (әрине, өзге жазушылардың да шығармаларында бар ғой, десе де…). Шіркін, қалай сипат­таған десеңші. Әкесі Рысқұлдың, баласы Тұрардың өмір жолын айта отырып, патшалық Ресейдің сонау І Петрден бас­тап қазақ даласына шиті мылтығымен көпестерін, ғалымдарын, каторжниктерін жіберу арқылы аяңдап жаулай бастағаны, руды руға айдап салу арқылы жерді иемденіп алғанын, қарапайым қалың қазақты са­лықтар арқылы діңкелетіп, итжеккенге-сібірге айдауын және т.б. қамыға отырып оқисың. Намысыңды еріксіз қажайсың…

Дегенмен, пессимизмге салыну қазақтың қанында жоқ. Неге, өйткені, халқымыздың қаны ежелден таза, Алла-тағаланың нұры түскен халық. Халқымыз сан ғасырларда небір зұлматтарды басынан өткерген. Шыдаған. Сондықтан да болар, тәуелсіздік шапағатын көруге, оның дәмін татуға жаратқан Иемнің жар болғаны. Міне, Шер­ағаң шығармаларынан осылардың бәрін оқисың да ойға шомасың, сөйтіп, әр ойыңның түйінін өзің шешесің.

Шерағаңның бұрынғы шығармаларын айтпағанда, жиырма жыл ішінде тәуелсіз елдің іргетасын қаласуда да тынбай еңбек еткенін көреміз. Ол көріністері: «Ақындар мен әкімдер», «Елім саған айтам, елбасы, сен де тыңда!», «Тәуелсіздік толғамдары» (6-том) шығармаларында айқын көрініс тапқан.

 

Дархан ЖАБАЕВ,

ҚР Журналистер одағының мүшесі, қаржы полициясының қызметкері

 

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twelve + 9 =