Ұлттық жаңару мен жаңғыру жолбасшысы

0 39

Шаруа, мінез, заман көшінен қалмай, буын ауысса да, алмағайып тұста ұрпақтардың Темірқазығы болудан танбаған Ұлы Абай тұлғасы әсте адамды ойлануға жетелейді. Ұлы ойшылдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында Абай тұлғасына, оның мұрасына қатысты айтылар ойдың орны өзгеше.Ел Президенті Қ.То­қаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында Абай мұрасын мемлекетшілдік тұрғыда саралау үлгісі байқалады. «Жаңғыру – өткеннен қол үзіп, тек жаңа құндылықтарға жол ашу деген сөз емес. Шын мәнінде, бұл – ұлттық мұраларымызды бүгінгі ой үрдістерімен үйлестіре дамытуды көздейтін құбылыс. Бұл ретте біз Абайды айналып өте алмаймыз. Себебі ұлы ойшыл осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын ұлтты жаңғыруға, жаңаруға, жаңа өмірге бейім болуға ша­қырған» дейді автор. Шындығында да, ой үдерісінің сапары үздіксіз, алға жылжуы тоқтаусыз. Сол ой көшінде «адамзаттың бәрін бауырым деп сүйіп», оның жаңғырып-жандануына сеп болар қадау-қадау ой айтқандардың мұраты ортақ. Лао-цзы мен Конфуций, Монтень, Вольтер, Руссо болсын, Толстой, Достоевский, Ганди болсын – кемелденудің туын көтергендігімен адамзаттың ақыл-ой тарихында ойып орын алып отыр. Сол ұлылар тізбесінде Абайдың өзіндік орны бар екені анық. Ақыл-ой сарабы тоқтамай тарта береді. Абай тұлғасы – қайта айналып соғатын, онымен ақылдасатын, түйсіне зерделейтін ой қазынасы. Себебі шын ғұламалық – заман құрған тезге түспей, әр кез ой бәсекесінен ықпай, төтес беретін ілкім заманнан келе жатқан парасат-па­йым дәстүрі.
«Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: әуелі – надандық, екіншісі – еріншектік, үшінші – залымдық деп білесің» дейді Абай. Ғұламаның «толық адам» жөніндегі танымдық концепциясында масылдыққа да орын жоқ. XIX ғасыр биігінен келе жатқан өнеркәсіп модернизациясынан үлес алып қалуға үндегені де сондықтан. Кәсібилік, меритократия, үнемі жаңғырып, маман ретінде ұшталып отыру да Абай мұраты. Бұл туралы Абайдың отыз үшінші қара сөзіне жүгінсек: «Егер де мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды. Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолөнерлі – қазақтың әулиесі сол» деп түйеді Абай. Бүгінгі экономиканың өзегі болуға тиісті орта және шағын бизнеске (ірі биз­­нес­ке де) моральдық ұстаным «алдау қоспай, адал еңбегін сату» жетіспей жататыны жасырын емес қой. Солай дей тұрып, осы «қазақтың әулиесінің» жолын кес-кестейтін кері қасиеттерді де атап көрсетеді: «Бірақ құдай тағала қолына аз-маз өнер берген қазақтардың кеселдері болады. Әуелі – бұл ісімді ол ісімнен асырайын деп, артық ісмерлер іздеп жүріп, көріп, біраз істес болып, өнер арттырайын деп, түзден өнер іздемейді…».
Осындайда дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашылып, оқып жатқан жастарымыз Абай сынына жауап болса деген тілек туа­ды. Оқыған, жат жерден білім қуған жастар легі Абай заманында да бар еді, дегенмен тәуелсіз елден түлеп ұшқан, түздің тілін үйреніп, «өнер арттыра­йын» деушілердің жөні бөлек қой. Хош, әрі қарай: «Екінші – ерінбей істей беру керек қой. Бір-екі қара тапса, малға бөге қалған кісімсіп, «маған мал жоқ па?» дегендей қылып, еріншектік, салдау-салғырттыққа, кербездікке салынады».
Абайдың мұрасын экономика тұрғысынан талдап, «Абай және Қазақ елінің болашағы» атты еңбек жазған экономика ғылымдарының докторы, профессор Оразалы Сәбденнің көрсетуінше, Давос экономикалық форумының ғаламдық бәсекелестік көрсеткіштері бойынша біздің жағдайымыз ауыз толтырарлық емес. Глобальды бәсекелестік индексі бо­йынша Қазақстан 53-орында тұр. Түркі тектес елдерден бұл тізімдегі алғашқы елу елдің қатарына 37-інші болып Әзербайжан енсе, Түркия – 55, Қырғызстан – 111-орында, ал Өзбекстан мен Түрікменстан форум көрсеткіштеріне енбеген. Көріп отырғанымыздай, «малға бөге қалғандай кісімсіп», «жанбай жатып сөнетін» жөніміз жоқ екен. «Үшіншісі, – деп тарқатады Абай, – мақтанып кетіп, пайдасыз алдауға, қу тілге алданып, өзінің уақытын өткізеді…». Пайдасызға алданып, бос уақыт кетірудің орнына не істемек керек? Елімізде жұмыла көтеріп, шешімін күткен мәселе жеткілікті. Объективті тарихи жағдай, жоспарлы экономикалық және бүкіл әлемді қамтыған ғаламдық урбанизация салдарынан Қазақстанда 40-тан астам шағын қалалардың әлеуметтік-экономикалық дамуы бәсеңдеп тұр. Кеңестік кезеңде бірлі-екілі ірі өнеркәсіп төңірегіне топтасқан, көбіне шикізат өндірісі бойынша қалыптасқан бұл қалалардың жаңа жағдайдағы даму көрсеткіштері Қазақстанның жалпы экономикалық дамуына әсер ететіні сөзсіз. 2012 жылдан бері Үкімет белгілеген арнайы бағдарлама бойынша 27 қаланың экономикалық ахуалына мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп келеді.
«Төртінші – тамыршылдау келеді. Бағанағы алдамшы шайтан тамыр болалық деп, бір болымсыз нәрсені берген болып, артынан үйтемін-бүйтемін, қарық қыламын дегенге мәз болып… тамақ, киім, борыш есінен шығып кетіп, енді олар қысқан күні біреу­дің малын бұлдап қарызға алады. Оны қылып берейін, мұны қылып берейін деп, соныменен табыс құралмай, борышы асып, дауға айналып, адамшылықтан айрылып, қор болып кетеді…».
Абайдың осы сөздерін оқи отырып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абайды өз заманының іскерліктің ұйытқысы, еңбекқорлықтың мотиваторы деуге болады» деген айқындамасының растығына көз жеткіземіз. Шындығында да, бүгінде сәнге айналған іскерлік, бизнес туралы арнайы тренинг-курстардың өзегінде Абай көрсеткен кәсіпкерлікті тұншықтыратын дерттер әлеуметтік-психологиялық тұрғыда талданады. Алайда табыс, ақша, өсім культінің тасасында Абайдың бизнес моралі, кәсіптің этикалық нормалары дәріптеледі деп ауыз толтырып айта аламыз ба? Осының өзі-ақ Абай мұрасының біздің күнделікті тұрмысымыздың барлық саласына қатысты екенін көрсетеді.
Ер ісі – ақылға ермек, бойды жеңбек,
Өнерсіздің қылығы – өле көрмек.
Шыға ойламай, шығандап қылық қылмай,
Еріншек ездігінен көпке көнбек.
Талапшыл жас – Абай арманы. Жастық шағын «көп айтса көнді, жұрт айтса болды» деп өткізу, талабының тұлпарымен ілім-білім үйренбей, «шыға ойламай, шығандап қылық қылмау» Абай мұратынан емес. Профессор О.Сәбден Абай шығармаларында «ғылым» сөзі 111 мәрте пайдаланылғанына назар аударыпты. Ғылым үйренетін жас өскінге қойылатын талаптар, үйрену барысындағы инновация­лық тәсілдер Абай шығармаларында тұнып тұр. Абай білімділікті басқаға мұрын шүйірумен қоңсы қондырмайды. Адамгершілік ілімі, ғылымды жалпы жұрттың пайдасына жұмсау, рухани адам тәрбиелеу – Абайдың «толық адам» теориясының ажырамас бөлшегі. Хакімнің он сегізінші қара сөзінде айтқанындай: «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық». Олай болса ұлы тұлғаның мерей­тойы қарсаңында оны түсіну, түйсіну мұратымен талапшыл жастарымыз­ға рухани әрі танымдық азық боларлық «Абайтану дәрістерін» тыңғылықты әзірлеп, мамандығына қарамастан, барлық жоғары оқу орындары бағдарламасына енгізу ақылға қонымды, көңілге сыйымды ізгі бастама болар еді деген ойдамыз.

Алтын УАЛТАЕВА,
«Ғылым ордасы» РМК ғылыми кадрлар

дайындау орталығының жетекшісі

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

11 + 3 =