ҰЛТТЫҚ ЖӘДІГЕРЛЕРІМІЗДІҢ ҰЯСЫНДАЙ

0 89

«Болашағың өзіңді зеңбірекпен атпауы үшін, өткеніңе тапанша кезенбе» деп Расул Ғамзатов айтқандай, адамзат ұрпағы басынан кешкен замандарды көз алдыңызға елестетіп, көңілге түюдің маңызы зор. Тарихи жәдігерлерді таңдай қаға тамашалап, өткенге үңіліп, қасиеті дарыған бабалар мұрасынан тағылым мен тәрбие нәрін аларыңыз анық.

Музей – материалдық жә­не рухани мәдени ес­керт­кіш­тердің табиғи, тарихи нұсқаларын жинақтап қана қоймай, оларды сақтап, зерттеп, жәдігерлерді халыққа көрсетіп, наси­хат­тау қызметін атқаратын ғылы­ми мекен. Белгілі ғалым, әде­биет­ші Құлбек Ергөбек «Музей – тарих, музей – шежіре. Музей – білім-ғылым. Сан-салалы өнер мен ғылым қоспасы – музей. Мәдениет­ті елдерде әрбір музейдің тарихы жазы­лып қатталады. Тіпті, әрбір музей­дің кезеңімен алмасып, жаңа­рып тұрар экспозициясының тарихы шежіреленеді» дейді. Расында, музей ұлттық мәдениеттің кірер есігі, қара шаңырағы.

Құнды мұралар қоры сақталған шаңырақтан әрбір адам халық­тың бай құнарлы мәдениеті жөнін­де түсінік алады. Музей тек осы құн­ды­лықтарды сақтап, оны көрсе­тетін көрме ғана емес, ол – ұлт­тық ғылыми-зерттеу мекемесі. Себебі сол, мұнда атқарылатын жұмыстардың дені – ғылыми-зерт­теу еңбектердің жемісі. Өйт­кені, музейге келген әрбір затты каме­ралық өңдеуден өткізіп, тегін анықтап, этникалық парқын ай­ғақтау – міндетіміз. Жалпы, музей­дегі зерттеу қызметі ХХ ғасыр­дың соңғы онжылдығында ғана қолға алына бастады. 1978 жылы

Халықаралық музейтану комитетінің отырысы дәл осы ғылыми-зерттеу жұмыстарына арнал­ды. Дейтұрғанмен, музей қыз­мет­керлерінің ғылыми-зерттеу жұ­мысы көпшілікке таныс емес екені шындық.

Қуанатын жайт, тәуелсіздіктің арқасында қазақ елі шет мемлекет­термен емін-еркін байланысқа түсе бастады. Осының арқасында музейлердің халықаралық байланысына жол ашылып, пердесі түрілді. Тіпті, музейлерге қолдау көрсету, халықаралық байланысын дамыту, бірлестігін нығайту жо­лында 2000 жылы Қазақстан Рес­пуб­ликасының Халықаралық музейлер кеңесінің ұлттық комитеті құрылды. Мұндағы мақсат – Ха­лықаралық музейлер кеңесінің мақсат-міндеттерінің жүзеге асуы-на республика музейлері мен кәсіби музей қызметкерлері арасында қолдау көрсету еді.

Сондай-ақ, 2004 жылдың 12-17 шілде аралығында Түркі тілдес елдердің Мәдениет министрлерінің тұрақты кеңесінің ХХІ отырысы өт­ті. Бұл кеңес түркі тілдес елдердің мә­дениеті мен өнерінің дамуын жү­зеге асыратын халықаралық ұйым болып табылады. Бұл өз кезегінде Еуразия құрлығындағы елдердің ұлттық тілі мен тарихы, мұрасы мен өнерінің аймақтық-мәдени байланысын қамтамасыз етеді.

Айта кетерлігі, Назарбаев орталығының көрме за­лын­да Түркі тілдес елдердің су­рет­ші­лерінің туындыларынан құ­ралған ТҮРКСОЙ көрмесі ұдайы өтіп тұрды.

Әрбір тарихи уақиғаларға құ­рыла­тын мұндай көрмелер еліміз бойынша өте жиі өткізіліп келеді. Бұл құнды мұралар қорының құны басым екендігін дәлелдейді.

Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейінің 65 жылдығына «Ғасыр мұрасы» атты және 2001 жы­лы Қазақстан Республикасы тәуел­сіз­дігінің 10 жылдығына ар­­нап «Тәуелсіз Қазақстанның өне­рі» та­­қы­рыбындағы, 2004 жылы Ә.Қас­­теевтің 100 жылдығына ар­налған көрмелер өткізілгенде, келіп, көріп, тамашалаушылар жоғары дәрежеде бағалады. Музей елі­міздің барлық өнертану саласын қам­тып қана қоймай, ғылыми-зерттеу саласына да үлесін қосып келеді.

Тәуелсіз мемлекеттер достас­тығы елдерінде тұңғыш рет өткі­зіл­ген әлемге әйгілі Мәскеу Кремлінің қазынасы қорының көрмесі Астанада өтті. Мәскеу Кремлі – Ресей мәдениеті және тарихының бірегей ескерткіші, әлемнің ең бір белгілі көркем жиынтықтарының бірі. Көр­меде қойылған 157 жәдігер ке­лу­шілерді Мәскеу Кремлі Қару-жа­рақ­тар палатасының белгілі жиын­тық­та­рымен таныстырды. Бұл көрме Қазақстандағы Ресей жылын лайықты және салта­нат­ты аяқтауға сеп болған келе­­­лі шара болатын. Соңғы ірі көр­­­меге Қа­зақстан Үкіметі мен Нью-Йорк уни­верситеті жанындағы Ежелгі дүниені зерттеу институты бастамашы болды. Онда соңғы жиырма жылда Қазақстан аумағынан табылған археология­лық жәдігерлері іріктеліп, жүйе­леніп, былтырғы наурызда АҚШ-тағы Ежелгі әлемді зерттеу ин­сти­тутының көрме залында «Көш­пелілер және олардың қоғам­дастығы, ежелгі өнер мен Қа­зақ­стан мәдениеті» деген та­қы­­рыппен ұсынылды. Оған ҚР Пре­зи­­денттік мә­дениет ор­талығы (қазіргі Назарбаев орталығы), ҚР Ор­талық мемлекеттік музейі, ҚР Археология институты му­зейі­нің қорынан жинақталған архео­логиялық мұралар қойылды. Кейін бұл көрме АҚШ-тың астанасы Вашинг­тондағы Смитсониан инсти­тутындағы Артур Саклер гале­реясында жалғасын тапты. Бұл – АҚШ-та алғаш рет қазақ даласы көш­пелілерінің көне мәдениетін қам­тыған көрме еді.

Әлем музейлерінің кереметтерін Қазақстан жұртшылығы да аз көріп отырған жоқ. Мұның сыртында жыл сайын Алматы мен Астанаға, Атырау мен Өскеменге жүздеген мың шетелдік қонақтар келуде. Олар жүрген жерлеріндегі музейлерде болып, өткеніміз бен бүгінімізден мол хабар алатыны күмәнсіз. Ендеше, Қазақстан, оның тарихы мен мәдениеті жайындағы ақиқат төрт тарап дүниені шарлап кеткені кеткен. Қазір жаһандану үрдісі жүріп жатыр. Ол әлем халықтарын мидай араластырып жіберуі мүмкін. Ал, ондай үрдістен қазақ сияқты аз халықтар жапа шекпеуі үшін ұлттың мәдениет құндылықтарын аялаудың мәні зор. Музейлердің халықаралық байланыстары осы міндетті естен шығармау керек. Сонымен, бұл тақырыпта ғылымдардың кәсіби табыстары мен Қазақстанды әлемге таныту жолындағы іс-тәжірибесі байыпталады.

Өркениетті елдерде музейге, мә­дениетке деген жалпы ха­лық­­тық құрмет ерекше. Біз де қа­­зақ болмысын әлемге таныту үшін мәдениетімізге, рухани құн­ды­лықтарымызға деген құр­ме­тімізді жоғалтпауымыз керек. Ба­­рымызды бағалай білсек, бас­қаға танытарлық байлығымыз же­­тер­лік. Әсіресе, рухани бай­лық­­тың орны айрықша. Бүгінде өр­ке­ниетті мемлекеттердің көбісі өз му­зейлерінің сән-салтанатын арттыру арқылы әлемге есіктерін айқара ашып отыр. Осыны ұмыт­пасақ болды.

Бибінұр САНАҚҰЛОВА, Назарбаев орталығының бас ғылыми қызметкері

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

13 + 8 =