Ұлттық тағамды ұлықтайтын кез келді

0 231

Бірде елордаға шетелде оқитын досым келді. Алыстан келген меймандарға (жанында бір шетелдік курстасы бар) дастархан жаймақ болып, ұлттық мейрамхана іздеп сабылдым. Таппадым. Еріксізден өзбектің «Узбечкасына» бардық. Шетелдік мейман: «Бұл жерде қазақтың ұлттық тағамы бар ма?» деп сұрап еді, қатты ұялдым. Себебі дастарханға өзбектің палауы, самсасы, шәйін әкелді. Міне, мәселе. Қазақстанның төр қаласында ұлттық дәмхана кем. Бұл – өз ұлттық тағамымызды дұрыс ұлықтай алмағанымыздың дәлелі.

534254

АҚШ-қа барғанда жапон мейрамханасынан дәм таттық. Иіліп тұрып қарсы алған ұлты жапон даяшы әуелі «саке» деген ұлттық сусынын құрметпен ұсынды. Сәлден соң дастарханға әртүрлі түске боялған бұрыштар әкелді. АҚШ-тай алып елдің бас қаласының төрінен жапон мейрамханасын ашып, ұлттық тағамын ұлықтап жүрген жапондарға қызыға да, қызғана да қарадым.

Биыл жазда Астанада «ЭКСПО-2017» көрмесі өтеді. Шетелдерден жүз мыңдаған меймандар келеді. Олар әуелі не іздейді? Әлбетте, ұлттық тағамымызды іздейді. Біз соған дайынбыз ба? Осы сауалға жауап іздеп, бас қаланың бірер мейрамханаларын аралап шықтым. Көзімнің жеткені, мұнда таза ұлттық тағаммен тамақтандыратын бірде-бір асхана, дәмхана, мейрамхана жоқ екен. Ұлттық тағам іздеген экскурсиямды Есілдің сол жағалауындағы «Алаша» мейрамханасынан бастадым. Кіреберістен қарсы алған әкімші қазақ жігіті «ет», «үлкен ас» деген сөздерді түсінбеді. «Бізде ондай тағам жоқ. «Бешбармак» қана бар» деп жауап қатты. Орыстанған қазақтардың осы мутант сөзі тілдік қолданысымызға берік орнығып алыпты. Ас мәзірінде «Бесбармак» деп жазған үлкен астың құны – 3 000 теңге. Оның өзінде «Конское ассорти» деген атаумен қазы, қарта, жая, сүрленген қазыны араластырып береді екен. Ұлттық тағамдардан ет, бауырсақ қана бар. Есесіне өзбек пен ұйғырдың той оши, шайхана оши, долма, мәнті, каурдак, самса, кобак самса, бармақ самса, пәтір нан және т.б. тағамдары самсап тұр.

3252

Екінші бас сұққан жерім – «Арнау» мейрамханасы. Бұл жерде ас мәзірінде ұлттық тағамдарымыздың көпшілігі бар екен. Салқындатылған дәмтатымдардың ішінде: құйрық-бауыр, жылқы етінен сілікпе (холодец), түрлі ірімшіктер; сорпалардың ішінде: наурыз көже, жылқы етінен кеспе, қой қабырғасынан сор­па, құрт қосылған сорпа, нарын; ыстық тамақтардың ішінде: қой етінен жасалған шұжық, қойдың сирақтары; ет тағамдарының ішінде: жылқының еті, қойдың еті, жылқы және қой етінен жасалған қуырдақ, ұн тағамдарынан: бауырсақ, шелпек; тоқбасарлардан (десерт) қазақтың тәтті тағамдары бар. Ұлттық сусындардан қымыз, шұбат және айранның болғанына қуанып қалдым. Бір өкініштісі, ас мәзірінің 90-95 пайызы – басқа ұлттардың тағамдары. Қалтасы «қалың» қонақтар жиі баратын сол жағалаудағы «Сәтті», ескі орталықтағы «Фархи» мейрамханаларының ас мәзірі үлкен ас пен бауырсақ сияқты бір-екі тағамымызбан шектеледі. «Сәтті» сияқты мейрамхана қазақтың емес, жапон мен өзбектің ұлттық тағамдарын ұлықтап жүргенге ұқсайды. Сөздің тоқетеріне келсек, бізде «Міне, нағыз қазақ мейрамханасы» деп мақтаныш тұтатын бірде-бір мекеме жоқ.

Содан болар, қазақтардың өзі демалыс күндері немесе той-думанда өзбектің «Узбечкасында», ұйғырдың «Уйгурская кухнясында», итальянның «Пицца-хатында», американың «Макдональдсында» мәз-мәйрам болып, көңіл-көтеріп отырады. Одан қала берді, елордада соңғы кездері америкалықтардың «Харгис», «Кифси», «Бургеркинг», түріктердің «Донер» сияқты жедел тамақтандыратын нүктелері қаптап ашылды.

3245354

Ұлттық тағамды ұмытқан ұл-қызымыз қымыздың орнына кока-кола, шұбаттың орнына текила ішіп жүр. Ұлттық асхана – ұлттық мәдениетті насихаттаудың бір жолы. Бірақ бүгінгі кәсіпкерлеріміз ұлттық аспен бірге ұлттық өндірісімізді көрсетпек түгілі, оған назар аудармай келеді. Бәлкім, салық заңнамасына түзету енгізіп, ұлттық тағам өндіретін кәсіпкерлерге белгілі бір жеңілдіктер беру керек шығар? «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы көтеруге тиіс үлкен мәселенің бірі – осы. Мысалы, қымызды алайық. Қазақтың кәсіпкерлері, бай-бағландары неге ұлттық нақышпен безендірілген үлкен қымызханалар желісін ашпайды? Өзбектің шайханасы, түріктің донерханасы, ағылшынның кофеханасы қаптап тұрған бас қаламызда бірде-бір қымызхана жоқ дегеннің өзі – ұят нәрсе. Өзіміздің ұлттық тағамымызды, сусынымызды өзіміз жатсынатын болсақ, басқа кім керек қылады? «Келгенше қонақ ұялады, келген соң үй иесі ұялады» дейді қазақ. Шетелдік меймандарға ұлттық асымызды, дәмімізді көрсете алмасақ, несіне мақтанамыз? Әлі де кеш болмай тұрғанда, жақсылап ойланайық! Тіпті, бұл мәселені ұлттық, мемлекеттік деңгейде Үкіметтің, Парламенттің төрінде талқылап, нақты бір шешім қабылданса, нұр үстіне нұр болар еді.

Төлен ТІЛЕУБАЙ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды