Ұлттық спорт саңлақтары ұлықталды

0 35

ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы жылдағы дәстүр бойынша «Алтын Тұғыр-2019» атты ұлттық спорт үздіктерін марапаттау салтанатын өткізді.Ұлттық спорт саласындағы үздіктердің мерейін көтеруді мақсат тұтқан «Алтын тұғыр» салтанатты жиыны биыл жетінші мәрте ұйымдастырылды.
Биылғы «Алтын тұғыр» сыйлығының иегерлері – 2019 жылғы ұлттық спорттың республикалық, халықаралық бәсекесінде дара шыққан жеңімпаздар болды. Аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату, көкпардан Алматыда өткен жастар арасындағы І-ші Азия чемпионатында, «Алтын жебе» І-ші Әлем чемпионатында жеңімпаз атанған, бәйге мен құсбегілік бәсекелерінде топ жарған және тоғызқұмалақтан, асық атудан, қазақ күресінен халықаралық жарыстарда жүлделі орын иеленген көптеген спортшылар «Алтын тұғыр» сыйлығына лайық деп танылды.
Атап айтсақ, ұлттық спорт түрлерінің үздіктер номинациясы бойынша «Үздік мергендер» – Айкөз Ералхан мен Бабажан Бақдәулет, «Үздік бәйге аттары» – «Қоянқасқа», «Үшқоңыр», «Қызжирен», «Үздік аударыспақ балуан­дары» – Нұрбек Аманжол, Ермек Құралбай, Нармағанбет Иманғазыұлы, Ғабит Ағабек, «Үздік қазақ күресінің балуаны» – Нариман Тұтқышев, «Үздік тоғызқұмалақ ойыншысы» – Ғалымжан Темірбаев, «Үздік асық ату командасы» – Нұр-Сұлтан қаласының командасы, «Үздік бүркітші» – Серікболсын Жалғасұлы, «Үздік теңге ілу спортшысы» – Ғалымжан Ізжанов, «Үздік көкпар командасы» – Қазақстан жастар құрамасы, «Үздік көкпаршы» – Құрманбек Тұрғанбек, «Ұлттық ат спортының үздік төрешісі» – Ерлан Жүсіпов, «Үздік жаттықтырушы» – Арслан Қабжанов, «Үздік ұлттық спорт клубы» – «Әулие ата» ұлттық спорт клубы, «Жаппай көкпар үздіктері» – Ғалымжан Мырзабаев, Жомарт Зиябек атанды. Сондай-ақ Алматы облысының әкімі Амандық Баталов пен Ұлттық олимпиада комитетінің бас хатшысы Сәкен Мұсайбековке «Елімжан» медалі табыс етіліп, ұзақ жылдар осы салаға еңбек сіңірген ұлттық спорт ардагерлеріне құрмет көрсетілді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды