«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ұлттық құрама қаруы – ұлт намысы

0 220

Қазақ елі Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын тойлап жатқан тұста футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Будапешт қаласында Венгрия құрамасымен жолдастық кездесу өткізіп, мереке құшағындағы отандастарымыздың қуанышын еселей түсті. Матч 3:2 есебімен Қазақстан құрамасының пайдасына шешілді. 

Бірден айтайық, бұл ойынға ұлттық құрама едәуір жаңарып шықты. Команда тізгінін жаңа бас бапкер Станимир Стоилов ұстады. Бірнеше жас талантты футболшылар ойынға қосылды.
Еске алатын болсақ, соңғы жылдары ұлттық құраманың ойыны жанкүйер көңілін әбден түсіріп-ақ кеткен еді. Бұрынғы бас бапкер Бородюк құраманың ойыншыларын да, сапасын да жаңарта алмады. Әсіресе, ресми ойындарда Қазақстан құрамасы ешқандай қайрат көрсете алмай-ақ қойды. Қараңыз, Еуропа чемпионаты мен әлем біріншілігінің іріктеу турнирлері өткен соңғы үш жылда ұлттық құрамамыз 20 ойын өткізген екен. Көрсеткіші: 14 рет жеңілістің ащы дәмін татты, 5 ойында тең түсті. Небәрі бір-ақ ойында жеңіске жеткен. Сонау 2015 жылы 13 қазанда Еуропа чемпионатының іріктеу турнирінде Латвия құрамасын 1:0 есебімен еңсерген екенбіз. Осы аралықта бірталай жолдастық кездесулер де өткені белгілі. Бұл ретте де қатты мақтанатындай жағдайымыз жоқ. Әлемдік рейтингте соңғы орындардан көрінетін Қырғызстан мен Кипр құрамаларынан да жеңілуге мәжбүр болдық.
Енді, міне, жаңа маусымды жаңарып бастаған Қазақстан ұлттық құрамасы жылды жеңіспен отыр. Әрине, бұл жолдастық кездесу ғой деп айтатындар да табылар. Дегенмен басты айтпағымыз, Будапештте өткен ұлттық құраманың ойынынан ұшқынды байқадық. Жігіттердің бойынан жеңіске деген жігерді көрдік. Осы ойынды қарап отырып «Астана» командасын Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының топтық турниріне шығарып, Қазақстанның клубтық футболының деңгейін биікке көтерген Стоилов ұлттық құраманы да сатылап ұшпаққа шығара ма деген ой да қылаң бергенін жасырмаймыз. Бас бапкерлікті қолға алған болгар маманы Сейдахмет пен Зайнутдиновты бірден алаңға шығарғанын атап айтқымыз келеді. Бұл – тәуекелге пара-пар шешім. Мәселен, он сегізге енді толған Еркебұланды бірден ойынға қоспай, әдеттегідей, ойын соңына жақындағанда шығарып жатса, бұл бала бұлай ойнап кетер ме еді?! Еркебұлан Сейдахметті Ресейдің премьер лигасындағы «Уфа» тегін шақырмағанын Стоилов ескерді және білді. Нәтижесі Еркебұлан шын талант екенін көрсетіп берді. Бақтияр Зайнутдинов та ашылып сала берді. Осы тұста матч деректемесіне көз салсақ, Мұртазаев 6-минутта есеп ашса, арада төрт минут өткенде Зайнутдинов есепті еселейді. Ал 30-минутта Еркебұлан тамаша гол соғады. Үшеуі де жас футболшылар. Осындайда шын талантты танып-білу де талант па деп ойға қаласың. Осыған дейін құраманың сапында талай ойнап ысылған жігіттеріміз де бұл кездесуде ерекше көңіл күймен ойнағаны аңғарылды. Бұл да бапкердің баптауынан болды ма деген ойға берілесің.
Сонымен, Қазақстан Венгрия құрамасын өз алаңында тізе бүктірді. Ал біле білсек, Венгрия құрамасы 2016 жылғы Еуропа чемпионатында топтық турнирде жеңімпаз атанып, біріншіліктің 1/8 кезеңіне шыққаны белгілі. Айтпақшы, биылдан бастап УЕФА-ның Ұлттар лигасы жарысы іске қосылды. Бұл жарысқа рейтингі төмен елдердің құрамалары топ-топқа бөлініп, Еуропа чемпионатына берілетін жолдаманы сарапқа салатын болады. Қазақстан бұл сында Грузия, Латвия, Андорра құрамаларымен ойнайтын болады. Осылардың озғаны құрлық біріншілігіне қатысады. Демек, Ұлттық лига Стоиловқа үлкен сынақ әрі басты мақсат болмақ.
Кеше біздің құрама Болгария құрамасымен кездесті. Бас бапкер Стоилов өзінің отандастарына қарсы қандай ойын тактикасын ұстанар екен? Ең бастысы, жастарды қатарға қоса берсе екен. Талантты футболшыларды тасада қалдырмай, олардың ұлттық намысын басты қаруға айналдыра білсе дейміз. Өйткені ұлттық намыс бірінші кезекке қойылса, жеңіс келмей қоймайды.

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Азамат АЙТХОЖИН, Қазақстан футбол федерациясының Бас хатшысы:

– Қазақстан ұлттық құрамасы жаңа бапкермен тамаша нәтиже көрсетіп, барша қазақ жұртын қуантып тастады. Алайда алда жаңа сынақтар күтіп тұр. Барлық кездесуге жақсы дайындықпен келу керек. Венгрия құрамасы өте тәжірибелі болғанымен, біздің футболшылар ойынның алғашқы минутынан бастап жеңіске деген жігерін байқатты. Ойын дәл осылай басталады деп ешкім күтпеп еді. Шыны керек, әр футболшы ел үшін күресті. Қазір ұлттық құрамаға қолайлы жағдай жасалып отыр. Ең бастысы, жақсы нәтиже болу керек. Бұл – біздің басты мақсатымыз.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды