Ұлттық қауіпсіздік тілімізді қадірлеуден басталады

0 16

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда «Егемен Қазақстан» газетіне сұхбат беріп, елдегі төтенше жағдай тәртібіне байланысты ахуалға, пандемияға қарсы күрес, экономиканы, шағын және орта бизнесті, қарапайым халықты қолдау шараларына кеңінен тоқталып, алдағы уақытта атқарылатын істер мен жоспарларға қатысты пайымдарымен бөлісті. Біз Президенттің сұхбатындағы кейбір орамды ойларын жариялауды жөн көрдік.

«Жаңа сын-сынаққа төтеп беру үшін, ең алдымен, ұлттық құндылықтарды қорғай білген жөн. Ана тілімізді, салт-дәстүрімізді, ұлттық сана-сезімді, қоғамдағы татулық пен келісімді, береке-бірлікті сақтай алмасақ, келер ұрпақ бізді кешірмейді. Әсіресе мемлекеттік тілдің мәселесі өте маңызды. Тіл – ұлттың тұғыры, ұрпақтың ғұмыры. Қазақ тілі қазақты әлемге таныта алады. Халықтың тілі – халықтың төлқұжаты. Мұны әрдайым есте ұстау керек. Біле білсек, ұлттық қауіпсіздік тілімізді қадірлеуден басталады».
«Ең маңызды мәселе – ауылдағы жастарға жағдай жасап, оларды жұмыспен қамтамасыз ету. Әйтпесе бақылаусыз миграция мен урбанизацияға ұшырап, соның салдарынан күрделі әлеуметтік және саяси мәселелерді шешуімізге тура келуі мүмкін. Міне, біз осындай қиыншылықтарды көре бастадық. Әсіресе бұл ірі қалаларда байқалуда. Осы мәселелер мемлекеттік органдардың ұдайы назарында болуы керек».
«Коронавирус індеті медицина ғылымын дамытудың да өзекті екенін көрсетіп берді. Қазір бүкіл әлем осы салаға ерекше назар аударып, жұқпалы аурулармен күресті күшейтуде. Бұл – заңды құбылыс. Алдағы уақытта елімізде медициналық-биологиялық зерттеулерге ерекше көңіл бөлінеді. Өйткені айбынды әскермен бірге мықты медицина да – мемлекеттің негізгі қалқаны. Бұдан былай оның өзектілігі арта түсетіні сөзсіз».
«Абай өзінің «толық адам» тұжырымын мирас етсе, әл-Фараби «бақытқа жету жолындағы қайырымды қоғам» қағидасын өсиет етіп қалдырды. Ұлы ойшылдардың әділдік пен ізгілік жөніндегі ұстанымы баршаға белгілі. Менің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» атты тұжырымдамам осы қағидалармен үндеседі».
«Халқымыздың тұрмыс сапасын жақсарту үшін Қазақстанды мықты мемлекетке айналдыруымыз керек. Бұл ретте «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын берік ұстануымыз қажет.
Әлемде түрлі үрдістер қалыптасуда. Бірақ соның бәрі бірдей ұлттық мүддеге сай келе бермейді. Негізгі қауіп-қатерлер алда. Сондықтан қырағылық сақтай отырып, қиындықтарды еңсеруге әрдайым дайын болуымыз керек».
«Шенеуніктердің міндеті – ең алдымен, халыққа қызмет ету. Олар ел-жұрттың мұң-мұқтажына құлақ аспағанда кімге құлақ асады?! Осы қағидатты барлық деңгейдегі мемлекеттік қызметшілердің санасына сіңірген жөн. Қазірдің өзінде бұл бағытта оң өзгеріс бар».
«Тағы бір зор мақсат – елді еңбекке баулу. Шындықты айтсақ, шетелдерде халқымыз нағыз еңбекқор жұрт ретінде әлі таныла қойған жоқ. Бұл біздің беделімізге де едәуір нұқсан келтіреді. Қажырлы еңбектің арқасында ғана көп мәселені шешіп, мемлекетімізді дамытамыз, әл-ауқатымызды арттырамыз. Сондықтан еңбекке
баулу жастарға тәрбие берудің негізгі бағыты болу керек деп санаймын. Бұл ұлттың болашағына тікелей ықпал етеді».
«Пандемия кезінде бүкіл қоғамымыз сынға түсті. Көптеген азаматтар қиын сәтте елге қызмет етудің озық үлгісін танытты. Бұл – парасатты патриотизмнің көрінісі. Кез келген күрделі кезең адамның жігерін жанып, рухын қайрайды. Әлемге жайылған індет тұсындағы ахуал халқымызды одан әрі ұйыстыра түсетіні анық».
«Төтенше жағдай күнделікті өмірімізге елеулі өзгеріс енгізді. Жоспарланған жұмыстарды, түрлі іс-шараларды кейінге қалдыруға мәжбүр болдық. Осындай кезде, ең алдымен, не нәрсенің аса бағалы екенін түсіндік. Бұл – адамның өмірі, адами қарым-қаты­настар, азаматтардың ден­­саулығы, қоғамның береке-бірлігі. Бір-бірімізге қолдау көрсетудің қаншалықты маңызды екенін де аңғардық. Қалған дүниенің бәрін біртіндеп ретке келтіруге болады».
«Ұлы Абайдың «Тоқтаулылық, қалыпты шыдамдылық – бұл қайраттан шығады, білсең керек» деген өлең жолы ойға оралады. Шын мәнінде, табандылық пен төзімділік танытсақ, қиындыққа төтеп береміз. Еліміз бұл қиындықтан ширап әрі шыңдалып шығады деп толық сеніммен айта аламын».

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seventeen − one =