©2020 Астана Ақшамы
ҰЛТТЫҚ ПАНТЕОННЫҢ ҮЗДІК ЖОБАЛАРЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ
Тәуелсіздік сарайында Қабанбай батыр кенті ауданында орналасатын Қазақстан Республикасының Ұлттық пантеонының үздік эскиз идеясына жарияланған халықаралық сәулет байқауына түскен жұмыстар таныстырылды. Аталған іс-шара Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің төрағалығымен өтті. Бұл туралы astana.kz сайтына Астана қаласы әкімі аппаратының баспасөз қызметінен хабарлады.
Байқауға осындай нысандарды жобалауда тәжірибелері бар 7 үздік компания, соның ішінде 3 шетелдік (АҚШ, Италия, Иран) және 4 қазақстандық компания қатысты. Атап айтқанда, «KAZGOR» ЖШС, Қазақстанның сәулетшілер одағы, Қазақстанның дизайнерлер одағы, «Астана бас жоспары ҒЗЖИ» ЖШС, EDAW AECOM (АҚШ), Марио Кучинелла (Италия), Курош Рафией (Иран).
Байқау талаптарына сәйкес келетін 20 жоба іріктелді, соның ішінде 7 жоба тапсырыспен жасалса, 13 жоба – бастамашыл жұмыстар.
Қазақстан Республикасының Ұлттық пантеонының үздік жобалары байқауының қорытындысы Астана қаласының Қала құрылысы кеңесінің мүшелерімен қарастырылғаннан кейін, сондай-ақ, Мемлекет басшысының қатысуымен өтетін Астананың даму мәселелеріне арналған жиналыс қорытындысы бойынша жарияланатын болады.