Ұлттық операға сұраныс үлкен

0 225

Опера – теориялық тұрғыда театр, поэзия, би, музыканы біріктіретін синтетикалық өнер түрі. Ал рухани жағынан алсақ, классикалық саф таза өнер –адам жанының емшісі. Оны театр сахнасынан үздік қойылым тамашалағанның бәрі сезіне алады. Бастысы, сахна төріне жоғары деңгейдегі дайындықтан өткен туындыны алып шығу керек. Сонда өмірінде бірінші рет операға барған адамның өзі міндетті түрде сол өнер шаңырағына қайта оралатын болады. Елордадағы «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының деңгейі де осы жағынан әлемдік Ла Скала сияқты ірі театрлардан кем түспейді. Былтыр опера отаны Италияда «Абай» қойылымын қойғаннан кейін мемлекеттік сыйлық иегері атанған ұжымның өзге де жаңалықтарымен театр режиссері Еренбақ Тойкенов бөлісті.

– Қазір ел опера тыңдай ма? Театрға көбіне қандай адамдар келеді?
– Әрине, тыңдайды. Өйткені адамдар қай кезде де рухани нәр алуға мұқтаж. Сондықтан жан байлығын, биік өнерді іздеген адам опера залынан табылады. Бес саусақ бірдей емес. Театр табалдырығын алғаш аттағанда жанына азық ала алмайтын сапасыз спектакльге тап болса, қайта оралмауы мүмкін. Бірақ біздің театрда құрылғалы бергі 7 жыл ішінде 30-дан астам спектакль сахналанған болса, соның әрқайсысы өте жоғары талғаммен, асқан дайындықпен сахнаға шығарылған. Сондықтан жыл өткен сайын көрермендеріміз көбейе түсуде. Театрға түрлі дәрежедегі адамдар келеді. Біз оларды бөліп-жарып қарамаймыз.
– Репертуардағы қандай операларға сұраныс жоғары?
– Бізде ұлттық операға шетелдіктер көбірек қызығушылық танытады. Бұл қызығушылықтың оянуы 2015 жылы қойылған «Абай» операсынан басталған сияқты. Себебі сол операдан кейін «Қыз Жібек», «Біржан-Сара» қойылымдары кезінде де көрермен залы басқа ұлттармен араласып, көбейіп келе жатқанын байқадық. Тіпті асыға күтетіндер көп. Ұлттық опера өзге елдерге экзотика сияқты көрінеді. Біздің әдет-ғұрпымыз, қазақы киім үлгілеріміз оларға қатты қызық. Шетелге «Травиата» секілді танымал классикалық шығармаларды апарып көрсету аса үлкен жаңалық емес. Олар бұл опералардың әрбір сөзін жатқа біледі. Ал біздің ұлттық операны ерекше қызығушылықпен таңдана отырып тамашалайды. Дегенмен ресейлік көрермендер үшін қазақтар ойнайтын «Евгений Онегинді» көру де өзінше бір ерекше жағдай болды. Олар мұны зор ықыласпен қабылдады. Себебі біздің психологиямыз, менталитетіміз орыс спектаклін қойсақ та, басқаша көрініп тұрады. Сол жағынан қызық.
– Қойылымдарға режиссерлерді шеттен тарту заңдылық па, әлде бізде мамандар жетіспей ме?
– Біріншіден, мамандар жетіспейтіні рас. Елімізде еш жерде опералық, музыкалық режиссер мамандығына оқытпайды. Мен өз басым осы мамандықта толық кәсіби білім алу үшін тек Қазақстанда ғана оқыған жоқпын. Драмалық режиссерлікті елде оқып, ал музыкалық, опералық режиссерлікті Мәскеуде екі ЖОО-да оқыдым. Оның үстіне көп нәрсе мұғалімге де байланысты болады. Менің ұстазым – К.Станиславский және В.Немирович-Данченко атындағы музыкалық театрдың көркемдік жетекшісі және бас режиссері Александр Титель болды. Қоюшы режиссер ретінде шетелден маман тартуға тағы бір себеп – біздің әлемге танылу жолындағы мақсаттарымызбен байланысты. Әлемдік театрлар деңгейіне шығу үшін италиялық режиссер Джанкарло Дель Монакоға «Абай» операсын қойдырдық. Содан кейін әлемдік БАҚ бұл туралы жазып, оқи бастады. Тіпті оның өмірбаяны туралы деректерде «Абай» операсын қойды деп шықса, бұл ар жағы Қазақстан туралы ізденуге себеп болады. Сөйтіп бізді әлем біледі. Спектакльдің сценографиясын әзірлеуге танымал италиялық шеберлер Эцио Фриджерио мен Франка Скуарчапино сынды мықтыларды тартудағы мақсат та сол. Бізді көп елдерге шақырып отырғанының өзі – осындай әрекеттеріміздің арқасы. Тағы бір мәселе – жаңа опера жазатын адамдар жоқ. Былтыр бір жазушы хабарласып, әл-Фараби туралы жазатынын айтты. Қазір екі актісі ғана бітіпті, тағы екі акт жазу керек. Бұл өзі күрделі процесс, алдағы уақытта Қазақстанның театр сахналарына шығып қалар.
– Болашақта опералық режиссер болғысы келетіндердің жағдайы қалай болады?
– Елімізде әзірге мықты режиссерлікке тек тәжірибе арқылы ғана жетуге болады. Бірақ бәрібір теория­лық білім қажет. Бұл жағынан білім беретін педагогтар да тапшы. Егер жастар опера режиссері боламын десе, мен Мәскеудегі ГИТИС театр өнері институтында білім алуға кеңес берер едім. Өйткені ол жерге әлемнің түкпір-түкпірінен осы мамандық бойынша оқуға келеді. Тағы бір мәселе опералық режиссерлер байқаулары өте аз, тіпті біреу ғана десем болады. Германияда әлемнің 160-тан аса театрының басын қосып, «Опера Еуропа» мекемесінің аясында өткізетін «Камерата Нуова» атты бір ғана ірі байқау бар. Оған мен де қатысып, үздік тоғыздыққа кіргенмін. Бұл байқаудан жүлделі орын алу сол театр ұжымына әлемдік опера сахналарына даңғыл жол ашады.
– Театрдың жеті жылдық тарихындағы ең ірі жетістіктері қандай?
– Жаңа айтып өткендей, осы аралықта отыздан аса жаңа қойылымдар қойылды. Бұл – зор жетістік. Және олар қандай спектакльдер? Өте сапалы, жоғары деңгейде сахналанғаны сонша оларды әлемдік опера сахналарына ұялмай апара аламыз. Одан басқа үлкен жетістіктеріміздің бірі – ЭКСПО-2017 көрмесі аясында біздің театрымызда «Опералия» халықаралық вокал байқауының өтуі. Әлемге танымал опера әншісі және дирижер Пласидо Доминго өзі негізін қалаған беделді байқауды өткізуге біздің театрды таңдап алуы – зор мәртебе. Сонымен қатар театрдың гастрольдік сапар аясы кеңейіп келеді. Сенсацияға толы премьералар, әртістеріміздің халықаралық жобаларға қатысуы, ұжымның сәтті гастрольдері – осының барлығы «Астана Операның» ең жоғары деңгейдегі театр ретіндегі позициясын одан әрі нығайта түсті.
– Репертуарда ана тіліміздегі қойылымдар үлесі қанша?
– Тіл мәселесіне келсек, бұл жерде әңгіме басқада. Қай елде болмасын операның бір ғана тілі бар. Ол – музыка тілі. Оған тіпті аударманың да қажеті жоқ. Музыканың драматургиясы арқылы біз операны ұсынамыз. Қойылымдардың ішінде ана тілінде сахналанатын ең таңдаулылары – «Абай», «Қыз Жібек», «Біржан-Сара» опералары. Негізі өткен ғасырдың 30-жылдары елімізде опера дами бастағалы бері мұрағатта сақталған көптеген опера партитуралары, клаверлері бар. Бірақ олардың көбі қолмен жазылған. Нотасында да, грамматикасында да қателер көп. Солардың бәрін бір жүйеге түсіріп, электронды түрде қалыпқа келтірсе, әрине, бұл репертуар қорын байытуға септік етер еді.
– Карантиннен басқа уақытта әдетте айына неше рет қойылым қоясыздар?
– Бізде үлкен және камералық зал бар. Әдетте екі залда күнара бір қойылымнан өтеді. Камералық залда кейде концерттер, балаларға арналған музыкалық ертегілер де жүріп жатады. Кейде бір мезетте екі залда да қойылымдар қойылады. Оның бәрінде зал адамға толы болады. Сұраныс көп болғаннан кейін қойылым үзілмейді. Әсіресе, премьера кезінде алдын ала алып қоймаса билет болмай қалады. Жақында театрдың кезекті маусымын аштық. Халық қатты сағынып қалыпты. Холға шығып қарағанда олардың залға қуанышпен кіріп жатқанын көрдім. Бірақ әзірге карантин жағдайында көрермендер саны 50 адамнан аспауы керек. Олардың арасында әлеуметтік арақашықтық сақталады. Яғни, бір адамнан кейін екі орын бос тұрады. Оны лентамен бөліп тастағанбыз. Сол себепті халық билет алып үлгеріп қалу үшін сайтымызды қарап, аңдып отырады.
– Әлем театрларымен байланыс қалай?
– Коронавирус болмағанда биыл шетелге жоспар көп еді. Абай атамыздың 175 жылдығына орай жоспарда Мәскеуге, Еуропадағы бірнеше елге сапар болған. Оның бәрі тоқтатылды. Алайда алдағы жылы сол жоспарымызды жүзеге асырамыз деп ниеттеніп отырмыз. Былтыр ескі байланыстарды қалыпқа келтіріп, жаңаларын реттей отырып, «Астана Опера» ресейлік үш театр ұжымын қабыл алды. Өткен маусым соңында көрермендер бірқатар ғаламат премьераларды тамашалап үлгермеді. Г.Доницеттидің «Дон Паскуале», «Махаббат сусыны» опералары, Т.Қажығалиевтің музыкасына «Дала үні» балетінің өтетін күндері ауыстырылды, сөйтіп, олар жаңа сегізінші маусымда өнерсүйер қауымға жол тартпақ.
– Ел ішіндегі гастрольдік сапарлардың қиындықтары бола ма?
– Иә, болады. Біз бұған дейін Қарағанды, Көкшетау, Алматыда сапарда болдық. Ол жаққа біздің репертуардағы қойылымдарды апару қиынға түседі. Себебі біздің сахнамыз әлемдік деңгейдегі үлкен декорациялармен, техникалық құрылғылармен жабдықталған. Оны басқа сахнаға қою қиындық келтіреді. Тек Қазақстан аумағында ғана емес, Ресейге апару да оңай емес. Қай спектакльді алсаңыз да өте ауқымды декорациялардан тұрады, оны шығару, жинақтау жұмыстары бар. Соған қоса әртістер мен барлық қатысушыларды қоса алғанда 250 адамдай барады. Алматыға «Абай» операсын апарған кезде жарты декорацияны алып, кесетін жерін кесіп, кішірейтіп барып көрсеттік.
– Талғампаз театрда репер­туар қалай таңдалады? Арнаулы комиссия құрыла ма?
– Театрымызда әр жұма сайын көркемдік кеңес өтеді. Онда театр репертуары, шығармашылық жөнінен барлық мәселелер талқыланады. Көркемдік кеңес құрамына театрдың бас дирижері, бас хормейстері, бас балетмейстері және жалпы режиссерлік ұжым жатады. Барлығы бас қосып, театр репертуарын таңдайды. Репертуар таңдау солис­терге де байланысты. Солистердің дауыстары әртүрлі болады. Соған қарай ыңғайы келетін спектакльдер іріктелуі мүмкін.
– Бір қойылымды дайындауға қанша уақыт кетеді?
– Бұл қойылымға байланысты. Мысалы, барлығы білетін, құлақта жүрген әуені бар опера болса ол жеңілірек. Меніңше, ұлттық операны қою – ең қиыны. Себебі оны қойған кезде сын өте көп айтылады. Үлкен кісілер қазақтар бұлай істемеген, мынадай кимеген деп сынайды. «Абай» операсына дайындалудың өзіне 6 айдан көп уақыт кетті. Барлық материалдары дайын болған кезде Джанкарло Дель Монако келді де 1,5 айда сахналады. «Қыз Жібекке» 1 жылдан аса уақыт кетті. Театр ұжымы кәсіби жоғары мамандардан құралған. Барлығы 800-ден астам адам еңбек етеді. Солистер мен музыканттар топтарынан бөлек театрда әртүрлі бағытта істейтін цехтар өте көп. Міне, осындай ұйымшыл ұжымнан құралған опера театрының іші бөлек бір үлкен механизм іспетті.
– Әңгімеңізге рақмет!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 − 3 =