ҰЛТТЫҚ НАМЫСТЫ ҰМЫТПАЙЫҚ

0 86

Осыдан бірнеше жыл бұрын жүк кө­лі­гімен жалдамалы қыз­мет көрсететін ақтө­белік 27 азамат Қарақалпақстан ау­­­ма­­ғына рұқсат­сыз­ кіріп кетіп, сол ел­­дің полицейле­рі­­нің­ қо­лына тү­­се­­ді. Нү­кіс­тің абақты­сы­­на айдалған оларды шығарып алу үшін туған-туыстарының арыз айтып ашпаған есі­гі қалмайды. Алайда, жауапты орындар аза­­маттарды тұтқыннан босатып алуға асықпайды. Осы екі аралықта әлгі жанашыр топ беттің арын белге түйіп, бар шағымын АҚШ президенті Обама мен Ресейдің сол кездегі басшысы Медведевке жолдайды…

Үшбу хатта қамауда отырған қазақстандықтарды отанына қайтаруға көмектесулерін сұрайды.

Мына жағдайды естіген отандық бұқаралық ақпарат құралдары шу ете түсті. Құзырлы органдарды жерден алып жерге салды. «Өте дұрыс жасадыңдар» деп, бұл бастаманы қолдағандары да болды арасында. «Баяғыдан бері осылай істеу керек еді» деп ақылсынды бәзбіреулер. Тек, бір өкініштісі… Бәрі де «ұлттық намыс» деген ұғымды ұмыт қалдырып еді сол кезде.

Кезінде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов «Ұлт намысы» дегендi қазақтың көбi екi ауылдың, екi таптың я екi рудың намысы деп ұғады. Өзгеден кемшiлiк көрсе намыстанбайды, кектемейдi, бiр-бiрiнен кемшiлiк көрсе, кегiн жiбермейдi» деп намыс аясының ру, тайпа шеңберiнен аспайтынын қынжыла жазған екен. Содан бері қаншама жыл өтсе де, Алаш зиялысының айтып кеткен сол дерті әлі де бойымызды меңдеп тұр.

Тіпті, қазақстандық бір зейнеткердің «зейнетақым аз, шырағым» деп, Ресей президенті Медведевке хат жазғаны бар еді.

Ал, мына бір жағдай тіпті күлкілі. Күлкілі дейміз-ау…

«Қызметіне салғырт қарады» деген айыппен жұмыстан шығарылған ішкі істер басқармасының қызметкері британдық әнші Стингке хат жазады.

«Менің көрген қорлығымды Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевқа жеткізсеңіз екен. Сөзім тиісті жеріне жетпегендіктен мәселем шешілмей жатыр» депті ол.

Мұндай қадамға баруын өзінше түсіндірген де болыпты. «Осыдан бір-екі жыл бұрын жалақысын уақытылы алмаған мұнайшылардың ереуілге шығуына байланысты әнші Астанада өтетін концертке келмей қалып еді. Стингтің осы әрекетінен кейін мұнайшылар жалақыларын уақытылы алатын болды. Маған да сол сияқты көмегі тиеді ме деп ойлаймын» дейтін көрінеді әлгі бейбақ. Тек, бір өкініштісі… Тұтас ұлттың намысын таптап тұрғанын аңдамапты сол жолы.

Тағы бір мысал. Жақында елорда әкіміне арызын айта келген әлеуметтің арасынан бір әйел тұрып сөз алды. Тұрғын үй сатумен айналысатын әлдебір алаяқтың арбауына түсіп, от басқан оның да осы уақытқа дейін көмек сұрап бармаған жері, баспаған тауы қалмапты. Ақыр соңында ол Обама, Путин, Стингті ысырып қойып, Ресей Госдумасы төрағасының орынбасары атышулы Жириновскийдің алдынан бір-ақ шығады. Жириновский әйелді арнайы шақыртып, Госдума депутаттарының алдына шығарып, арызын айттырады. Соңынан журналистерге қыр асып келген қазақтың нендей шаруамен жүргенін баяндап береді. Сосын басынан сипап, арқасынан қағып еліне шығарып салады.

Тек, бір өкініштісі… Осыншама «құрметтен» басы айналған жерлесіміз «ұлттық намыс» деген ұғымды ұмыт қалдырыпты сол жолы.

Өзге ұлттар арасына от салушы «сайқымазақ саясаткер» ретінде кеңінен танымал Жириновский қай заманда қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап еді? Кезінде «Нет казахского языка. И письменности не было. Вообще ничего нет там» деп жар салып, су ішкен құдығына түкірген Жириновский емес пе бұл?

Ислам дінінде «рухани қылмыс» деген түсінік бар. Дініміз рухани қылмысты өте қауіпті деп санайды. Жеке басының мәселесі үшін тұтас ұлтының намысын өзгелердің табанының астына жығып берген мұндай жандардың әрекеті рухани қылмыс емей немене?! Бір әттеген-айы, біздің Ата заңымызда рухани қылмыс жасаған адамға жаза жоқ.

P.S.  Айтпақшы, сырт елдің ықпалды тұлғаларына аса үлкен сеніммен жолданған хаттардың бірде-біреуіне осы уақытқа дейін қанағаттанарлық жауап келмегенге ұқсайды…

Шынар ДОСАН,
sh.dosan@astana-akshamy.kz

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty + 13 =