Ұлттық музей «ҰЛЫ ТҰЛҒА ҰРПАҚТАРЫ» жобасын бастады

0 121

ҚР Ұлттық музейінде осыдан екі жылдай бұрын бастау алған «Ұлттық музейге сый тарту» акциясының аясында музей қорына 2500-ден астам жәдігер тапсырылды. Бұл жәдігерлер Астана, Алматы, Қызылорда, Ақтөбе, Шымкент, Қостанай қалаларында өткен шаралар барысында жинақталып, жақында Ұлттық музейде «Алғыс тақтасы» ашылды. 

16178690_185098165303263_1424805766524889001_o

Осы акцияның шеңберінде музей ұжымы «Ұлы тұлға ұрпақтары» аталатын жобаны бастап отыр. Қазақ елінің тарихынан ойып тұрып орын алған, әр салада жаңашылдығымен көрінген танымал тұлғалардың ұрпақтарымен тығыз байланыс орнатуды, тектінің тұяқтары туралы ақпарат жинау және жиналған мәліметтер негізінде деректер қорын жасауды көздеген аталмыш жобаның ағымдағы апта ортасында таныстырылымы өтті.
Алаш қайраткері Қошмұхамбет (Қошке) Кемеңгеровтің, Жетісудың жүйрігі Кенен Әзірбаевтың, ән өнерінің дүлділі Ғарифолла Құрманғалиевтің, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген экономисі Санжар Жандосовтың, көрнекті композиторлар Ер­кеғали Рахмадиев пен Ғазиза Жұбанованың, сахна саңлағы, режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтің ұрпақтары қатысқан шарада олар жаңа жобаға әрқашан қолдау білдіруге дайын екендіктерін айтып, өз ойларымен бөлісті, ұсыныстарын жеткізді.
«Қазақ тарихында қаншама қайраткерлеріміздің аты із-түссіз жоғалды. Енді бұған жол бермеуіміз керек. Сол мақсатта біз асылдың сынығы деп бағалап отырған кешегі өткен танымал тұлғаларымыздың ұрпақтарымен жиі кездесу керек деп шештік. Шын мәнінде бұл жоба үлкен маңызға ие. Ең басты айта кетерлігі – бұл жұмыстар музей үшін емес, ертеңгі ұрпақ, болашақ үшін қолға алынды. Алдымызға тұлғаларымызға қатысты құнды мәліметтерді жинау мақсатын қойдық. Ендігі жерде өткен тарихтың қателігін қайталамайық» дейді Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай.
Алдағы уақытта жоба жал­ғасып, еліміздің түкпір-түк­пі­ріндегі танымал тұлғалардың ұрпақтарымен байланыс орнатылады. Қазіргі таңда «Фейсбук» әлеуметтік желісінде «Ұлы тұлға ұрпақтары» атты арнайы парақша да жұмыс істеп тұр. Өткен жылдың аяғында ашылған оған кірсеңіз, әзірге дейін сонда жарияланған Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Кенен Әзірбаев, Ілияс Жансүгіров, Әлкей Марғұлан, Ілияс Есенберлин, Өзбекәлі Жәнібеков, Роза Бағланова, Шәмші Қалдаяқов, Ыбырай Жақаев, Спандияр Көбейұлы, Қадыр Мырза-Әлі, Жұмекен Нәжімеденов сынды ұлтымыздың ғылымы, өнері мен әдебиетіне өлшеусіз үлес қосқан тұлғалардың ұрпақтары туралы мәліметтерге жолығасыздар. Асылдың сынықтары жөнінде тың деректеріңіз болса, сол парақшаға жазба қалдырып немесе тікелей Ұлттық музейге хабарласуларыңызға болады.
Музей қызметкерлері елдік мәселеге ел болып атсалысқанды құп көріп отыр.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × 4 =