ҰЛТТЫҚ МУЗЕЙ – ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫНЫҢ ЖЫЛНАМАСЫ

0 2  667

Астана күні қарсаңында Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі ресми түрде ашылды. Салтанатты рәсімге Президент Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.

– Әсем Астанамыздың күніне тарту болып отырған Ұлттық музей – ұлттық рухымызды көтеру жағынан ғана емес, елімізді әлемге танытуымен құнды. Біздің тарихымыз – мақтан етуге лайық ерлік пен елдік тарихы. Мыңжылдықтар қойнауынан бастау алатын қазақ шежіресі адамзат тарихының ажырамас бөлігі. Сақтар мен ғұндар дәуірінен бастау алып, түрік қағанатымен жалғасқан қазақ хандығының және бүкіл тәуелсіз Қазақстанның өткені – халқымыздың тұтастығы мен бірлігінің жылнамасы болып саналады. Мәңгілік еліміз барда қазақтың тарихы да мәңгілік. Бүгін ашылып отырған Ұлттық музейде Қазақстан тарихына айрықша мән берілетін болады. Дәуірлерге лайық іс тындырылған жиырма жылдан астам уақыт – ел тарихында ең жасампаз кезең болып табылады. Кейінгі ұрпақ бүгінгі буын бастаған ұлы істерді лайықты жалғастыратынына сенімдімін, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы құттықтау сөзінде.

Елбасының айтуынша, Ұлттық музейдің ашылуымен «Қазақ елі» бірегей сәулеттік кешені жобасы аяқталып отыр. Осылайша, «Қазақ елі» монументінің айналасындағы Тәуелсіздік сарайы, Бейбітшілік пен келісім сарайы, «Әзірет Сұлтан» мешіті және Ұлттық Өнер университеті өзара үйлесімділікпен рухани тарихымыздың шежіресін жасамақ.

Мемлекет басшысы Ұлттық музейдің ғимараты архитектуралық масштабы жағынан қазірдің өзінде әлемдегі ең ірі 10 экспозицияның біріне айналып отырғанын атап өтті. Оның көрме залы, жәдігерлерді сақтау қоры, жұмыс зертханасы барлығы 74 мың шаршы метр аумақты құрайды. Енді Ұлттық музейді Ресейдің Эрмитажымен, Францияның Луврымен, Американың метрополитен-музейімен теңестіріп, биік деңгейге жеткізу міндеті тұр. Бұл жауапкершілікті музей қызметкерлері абыроймен атқаратынына Елбасы сенім білдіріп, олардың жұмысына сәттілік тіледі.

Ұлттық музей ғимаратын салу барысында әлемдегі әйгілі музейлердің тәжірибесі пайдаланылыпты. Ғимаратта орналасқан заманауи сенсорлық дүңгіршектер, медиа-экрандар, жарықдиодты LED-техникалар – Қазақстан тарихы жылнамасын терең танып-білуге үндейді. Музей Қазақстанды көне тарих пен мәдениетке бай ел ретінде дәріптеу жағынан, ұлттық тарихты насихаттау тұрғысынан өзгеге өнеге болуы тиіс.

– Жыл сайын Астананы көруге 100 мыңдаған турист келеді. Енді ЭКСПО кезінде бұл сан миллионға жетеді деп отырмыз. Сол кезде біз тарихи жәдігерлерімізді лайықты деңгейде ұлықтап, отандастарымызға ғана емес, шетелдік қонақтарға да таныстыра білуіміз керек. Еліміздің өткені мен бүгінгі жетістіктерін жаһанға жарқырата көрсету – біздің ортақ парызымыз, – деп сөзін түйіндеді Елбасы.

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі қорында Қазақстанның ежелгі дәуірінен бүгінгі күнге дейінгі кезеңінен сыр шертетін жәдігерлер қоры жинақталыпты. Экспозициялардың басты жәдігері – Есік қаласынан табылған «Алтын адам».

147 мың шаршы метр алаңды алып жатқан көрме залдары жеті экспозицияға бөлінген.

Ежелгі және ортағасыр тарихы залында тас дәуіріндегі еңбек құралдары мен тұрмыстық бұйымдар, қола және темір дәуірлерінде қолданылған заттар қойылған.
Тарих залы XV-XX ғасырлардағы Қазақстан тарихынан сыр шертеді. Ондағы жәдігерлер қазақ хандығының құрылуы мен дамуының негіздері, ұлт-азаттық көтерілістері туралы баяндайды.

Алтын залдарында археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған еліміздегі ежелгі көшпелілердің бірегей алтын бұйымдары түзілген.

Ал, қазіргі заманғы өнер залында отандық және шетелдік суретшілердің ең таңдаулы шығармалары қойылыпты.

Этнография залының экспозициялары қазақ халқының әртүрлі зергерлік бұйымдарымен, ұлттық киімдерімен, тұрмыстық заттарымен толықтырылыпты.

Тәуелсіз Қазақстан залында егемендік алғанда қабылданған маңызды құжаттар, тәуелсіздік жылдарындағы әртүрлі саладағы жетістіктер жөніндегі мағлұматтар жинақталыпты.

Астана залында бас қаланың елорда ретіндегі қалыптасу, даму тарихын баяндайтын құжаттар, фотосуреттер, экспонаттар қойылған. Залдағы материалдар хроникалық-құжаттық тәртіппен беріліпті. Бұл көне дәуірлерден бастап, қазіргі заманға дейінгі қала тарихымен кеңінен танысуға мүмкіндік береді.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

thirteen + eight =