ҰЛТТЫҚ МЕЙРАМЫМЫЗ – ТАТУЛЫҚТЫҢ НЫШАНЫ

0 216

Кеше «Қазақ елі» монументі алдында Ұлыстың ұлы күніне арналған негізгі іс-шаралардың шымылдығы ашылды. Осынау салтанатты­ жиынға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, күллі Қазақ елін ұлы мейраммен­ құттықтады.

Біздің күшіміз – бірлікте

– Құрметтi отандастар! Әз Нау­рыз мерекемiз баршамызға құтты болсын! Ұлыстың ұлы күнi деген –  мемлекеттiң ұлы мерекесi деген сөз. Бұл – күн мен түн теңелiп, көктем басталатын, адам да, жануарлар да түрленіп, табиғатпен бiрге жасанатын тамаша кез. Бес мың жылдан берi аталып келе жатқан әз Нау­рыз­ тәуел­сiздiгiмiзбен бiрге менiң жарлы­ғым­мен осыдан 23 жыл бұрын қайта оралды. Содан берi ұлттық мейра­мы­мыз бiрлiктің, татулықтың, тұрақ­ты­лықтың нышаны ретінде той­ланып келеді, – деді Елбасы құттықтау сөзінде.

Мемлекет басшысының айтуынша, тәуелсіздік алған жылдардағы елі­міз­дің жеткен жетістіктері аз емес. Еліміз 23 жылдың ішінде адам таны­мас­тай өзгеріп, аты әлемге танылды. Өсіп-өркендеген елдермен терезесі теңесті. Дамудың даң­ғыл жолына түскен Қазақ елі Сары­ар­қаның төсіне әдемі Астанасын салды. Мұндай толайым табыстар тек халқымыздың бірлігі арқасында келгенін Елбасы еске салды:

– Толеранттық, татулық пен тұрақ­тылық –Қазақстанның таңдаған жолы. Бұл идеяны тәуелсіздігімізді жариялаған күннен бастап жүзеге асырып келеміз. Бұл – ұлы қазына, біз оны көздің қарашығындай сақтауға тиіспіз. Елімізде 100-ден астам этнос, 40-қа жуық діни конфессия өкілдері тату-тәтті өмір сүріп келеді. Соның арқасында еліміздің іргесін берік қаладық, сүйікті елордамызды тұрғыздық, – деді Елбасы.

Сөз жоқ, еліміздің әрдайым тыныш­тық бесігінде тербеліп, саяси тұрақ­тылықтың сақталып тұрғаны маңызды. Дүние жүзінде алауыз­дық­тан араздасып, оның соңы қанды шайқасқа ұласқан талай елді көзіміз көріп жүр. Елбасы айтқандай, жыл сайын ғаламшарда 30-ға жуық қарулы қақтығыс тұтанып, жүз мыңдаған адам қантөгістің құрбаны болады. Ал 800 миллионға жуық адам аштықтың азабын тартса, 400 миллион адам бір тамшы суға зар болып отыр. Күллі әлем­ді дүрбелеңге салған келеңсіз оқи­ғалар елімізге де салқынын тигізуі мүмкін. Еліміз ауызбіршілік пен тату­лықты сақтағанда ғана бар қиын­дық­тарға төтеп бермек. Ең бастысы, қазақстандықтарды біріктіретін ортақ мақсат пен даму бағдары бар. Ол – «Қазақстан – 2050» стратегиясы мен әлемдегі ең үздік 30 елдің қатарына қосылу міндеті. Бүгінге дейін алдына қойған мақсатына адаспай жеткен еліміз бұл асуды да бағындырары анық. Оған дәлелдер де жоқ емес.

– Бүкіл әлемде жұмыс орындары қысқарып жатқан кезде біз индус­трия­лық-инновациялық бағдар­лама аясында 60 мың жұмыс ор­нын­ аштық, «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы шеңберін­де де халықты жұмыспен қамтама­сыз етіп, азаматтарды жаңа мамандық­тар­ға баулыдық. Бұған қоса, өз Жар­лы­ғыммен бюджеттік мекеме қызмет­кер­лерінің жалақысын арттыру­ды­ тапсырдым. Менің шеші­міме қол­дау көрсетіп, өз ұжым­дары­ның еңбекақасын көтерген компа­ния­лар­дың бәріне алғыс айтамын» деді Елбасы.

Бұдан кейін ізгілік пен игіліктің нұры төгілген әз Наурызбен барша жұртшылықты тағы да құттықтаған Мемлекет басшысы Ұлыстың ұлы күнін Қазақ мемлекетімен қатар, әлемнің 30 елінің 300 миллионнан астам халқы атап өтіп жатқанын айтты.

–«Көктемнiң бiр күнi – бiр жылға азық» деген сөз бар. Биыл, міне, ұлы мерекемізді бес күн қатарынан тойлағалы отырмыз. Наурызда айналаны көгаландандырып, аулаларды тазартып, бұлақтың көзін ашуға тиіспіз. Ұлыстың ұлы күні ағайындар бір-бірімен қауышып, ренжіскендері татуласып, адамдардың бәрі бір-біріне ыстық лебіздерін білдіреді. Сол ізгі тілектің барлығы қабыл болсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Әр отбасыға шын жүрегімнен зор бақыт, тыныштық, береке-бірлік тілеймін, – деп Елбасы сөзін түйіндеді.

 

Көктем бейнесіндегі көркем шоу

Елбасының құттықтауынан кейін жұртшылық «Қазақ елі» монументі алаңының төрінде тігілген үлкен сахнадан «Наурыз – 2014» атты композициялық қойылым мен кон­церт­тік бағдарламаны тамашалады.

Күн мен түн теңелген көк­тем мере­кесін бейнелеген бағдар­ла­ма­ның шымылдығы Құрманғазының «Сарыарқа» күйімен ашылды. Іле «Қасиетті көктем» композициялық қойылымы сахналанды. Бұл көрі­ніс­те көктем мерекесі қазақ­тың салт-санасымен үйлесімді бейнеленіпті. Алдымен ортаға Ақан сері әнші-күйшілерімен шығып, көктемнің шуақты сәттерінен сыр шертті. Кенет аспанды бұлт торлап, әлгі әдемі көріністер көзден ғайып болды. Айналаны аппақ қар басты. Бірақ көп ұзаған жоқ. Айнала қайтадан жаңарып, көктемнің жан жадыратар жаймашуақ күні төңіректі нұрға бөледі. Сахнаның қақ ортасына орнатылған LED-экрандағы көктемгі көріністер бұл қойылымды тіптен әсерлендіріп жіберді. Жұртшылықтың жүрегіне жеткен осынау композицияны «Ел» продюсерлік орталығы Ғалым Доскеннің идеясымен әрі жетек­ші­лі­гімен жасап шығарыпты.

Қойылымның соңы белгілі өнер­паз­дар­дың концертіне ұласты. Әншілер Тамара Асар, Әли Оқапов және «Кешью», «Жігіттер», «Муз­Арт» топтары әндерімен шашу шашып, мереке көрігін қыздырды.

Наурыз – нағыз жыл басы. Халқы­мыз ежелден-ақ «ескі жыл, есірке, жаңа жыл, жарылқа» деген ізгі тілекпен Наурызды қарсы алады. Осы қазақы жосынмен ескі жылдың иесін ақ құйып шығарып салғаннан кейін халық жаңа Жылқы жылын қарсы алды. Ортаға қос пырақты кәдімгі ақ боз ат шыға келгенде, таңғалмаған адам жоқ. Жиналған жұртшылық қошеметін ду қол шапа­лақ­пен білдірді.

 

Есте қалар ерек мейрам

Биылғы Наурыздың ерекшелігі де көп болды. Кешенді ұйымдас­ты­рыл­ған шаралардың ішінде алғаш рет өткізіліп жатқандары да бар. Соның бірегейі –түркі халықтарының асханасы фестивалі. Бұған қаламыздағы 70-ке жуық әртүрлі мейрамхана­лар қатысты. Айталық, түрік, өзбек, ұй­ғыр, әзербайжан өкілдері жұрт­шы­лыққа өздерінің ұлттық тағамдарынан дәм татқызды. Мысалы, «Мумтаз» мейрамханасының директоры Ботагөз Ахтаева қазақ­тың жал-жаясынан тартып, бауыр­са­ғына дейін алып келгенін, соның ішінде өзбектің палауын да ұмыт­пағанын жеткізді.

Күннің салқынына қарамастан, елордалықтар Наурызды көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алды. Қалалық әкімдік те қарап қалмай, Наурыз мерекесіне арналған шараларды үш топқа бөліп, кешенді жоспар жасапты. Рухани-идеологиялық, мәдени-шығар­ма­шылық шаралармен қоса, әлеуметтік бағытты да ұмыт қалдырмаған ұйымдастырушылар 600-ге жуық отбасыға барлығы 2 миллион 850 мың теңге көлемінде бір реттік қаржылай көмек көрсетті. Сондай-ақ, жағдайы төмен отба­сы­ларға, жалғызбасты зейнеткерлерге, мүгедек балалар мен жетімдерге материалдық көмектен басқа, елор­да­ның өнер ордаларында өтетін шараларды тегін тамашалауға мүм­кін­дік берілді. Осы мереке кезінде безендіру жұмыстарына – 175 млн теңге, ал жалпы іс-шараларға – 150 млн теңге қаржы жұмсалған. Олар­дың ішінде орта және шағын бизнес өкілдері мен кәсіпорындар әлеуметтік жауапкершілік таныт­қа­нын атап өткен жөн.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × two =