Ұлттық бірыңғай тестілеу биыл қалай өтеді?

0 28

Қазақстанда ҰБТ маусым айының соңы мен 5 шілде аралығында өтеді. Биыл елімізде шамамен 120 мың түлек және орта арнаулы білімі бар 15-20 мың түлек тапсырады деп жоспарланса, биыл елорда мектептерінен 6267 түлек түлеп ұшпақ. Олардың ішінде 358 бала – алтын белгіге үміткер.Қазіргі уақытта Ұлттық тестілеу орталығы құжаттарды қабылдау бойынша жұмыстарды атқарып жатыр. Биыл бірінші рет ҰБТ-ға қатысуға өтініштер Ent2020.testcenter.kz сайтында онлайн режимінде қабылданады. Өтініш қабылдау мерзімі – 10 мамырға дейін. Бұл туралы ұлттық бірыңғай тес­тілеу мәселелері талқыланған «Antikor ortalygy» алаңында белгілі болды. ҚР Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұловтың айтуынша, ҰБТ-ны дәстүрлі форматта қағаз түрінде өткізу жоспарланған. Елімізде коронавирустың таралуына байланысты қосымша санитарлық шектеу шаралары да қабылданады, мысалы, егер бұрын аудиторияларда 150-ге жуық адам болса, қазір олар әлдеқайда аз болады және арасындағы қашықтық ұлғаяды. Сондай-ақ сынаққа келгендер жеке қорғаныс құралдарын міндетті түрде пайдалану қажет (бетперде, қолғап, антисептик). Бұл шаралар білім алушылардың қауіпсіздігі үшін ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп бекітілген. Айта кету керек, ұлттық тес­тілеуге тыңғылықты да­йындаламын деген түлекке тегін көмек те бар. Ent2020.testcenter.kz сайтына әр пән бойынша тегін тестілеудің 70 нұсқасы орналастырылған. Дидар Смағұлов бұл қанатқақты жоба биыл іске қосылады деді. Өйткені 2021 жылы осы жоба толық игеріліп, іс-әрекеттерді қадағалауға сенімді түрде көшуге болатынын баса айтты.
Сондай-ақ биыл Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу форматы өзгермейді. Тек биыл ұлттық білім сынағын түлектер 11-сыныптың төртінші тоқсан бағдарламасындағы сұрақтарсыз тапсырады. Яғни 5-сыныптан 11-сыныптың үшінші тоқсанына дейін.

Дидар Смағұлов, Ұлттық тестілеу орталығының директоры:

– Академиялық әділдікті нығайтуға және ҰБТ кезінде қоғамдық бақылауды күшейтуге арналған инновация­лық жобалар жүзеге асырылмақ. Біздің орталықтың бастамасымен, Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі арнайы мониторингтік тобының мүшелерімен бірлесе отырып, білім беру ұйымдарының тестілеуге дайындық пен оны өткізудегі қызметін бақылау, сондай-ақ ұялы телефондармен кіруді болдырмау мақсатында өткен жылдан бастап бақылау жүргізіп келеміз. Биыл да білім алушылардың іс-әрекеттерін бақылауға мүмкіндік беретін тестілеу өтетін барлық аудиториядан ҰБТ-ның онлайн трансляциясы көрсетіледі. Осылайша кез келген адам процесті бақылап, тестілеу кезінде бұзушылық фактілерін бақылай алады, ал анықталған жағдайда орталыққа хабарлауға болады. Бұл жүйе автоматты режимде смартфондарды пайдалану фактілерін анықтай алады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × five =