ҰЛТТЫҚ БАНК АКТИВТЕРІ АРТТЫ

0 121

Кайрат

Ұлттық банк 2013 жылды қандай көрсеткіштермен аяқтады? Биылғы алғашқы тоқсандағы жұмысының нәтижелері қандай? Банктың атқарып жатқан ақша-несиелік саясаты нені көздейді? Оның қаржы нарығындағы жағдайы тұрақты ма? Осы сұрақтарға кеше Орталық коммуникациялар қызметі алаңына келген банк төрағасы Қайрат Келімбетов жауап берді.

Оның келтірген мәліметтеріне сүйенсек, экономикадағы несиелер өткен жылмен салыстырғанда 13 пайызға өскен. Ал, халықтың депозиттерінің көлемі 11 триллион теңгеге жеткен. Ұлттық қордың қаражаты бір жыл ішінде 22 пайызға артып, 70 миллиард долларға ұлғайған. Сақтандыру нарығы да өсіп, оның активтері 18 пайызға артқан. Зейнетақы активтерін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына біріктіру үдерісі де аяқталған.

Қайрат Нематұлы Ұлттық банк Үкіметпен бірлесіп, Қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеп жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, осы құжаттың негізі 2008 және 2010 жылдардағы қаржылық дағдарыстың салдарын жою болып табылады. Бұл тұжырымдама бойынша 2016 жылы жұмыс істемейтін несиелердің көлемі 10%-ға дейін азаюы қажет екен. Ұлттық банк төрағасының сөзіне сенсек, Салық кодексі толықтырылып жатыр. Толықтыру нашар несиелерді есептен шығарған жағдайда банктерді салық төлеуден босатуға мүмкіндік беретін көрінеді. Сондай-ақ, ол проблемалық кредиттер қоры құрылғанын, оған шамамен 250 млрд теңге бөлу жоспарланып отырғанын айтты. Сонымен бірге Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмаларын орындау мақсатында жаңа тұжырымдамалық ақша-несиелік саясатын әзірлеу мәселесі де туындап тұрғанын атап өтті.

Алдағы аптада Ұлттық банк пен Ұлттық қордың жинақ резервтері 100 млрд долларға дейін өсу керектігін айтқан Қайрат Келімбетов ақпан айында валюта бағамына өзгеріс енгізілгенін еске салды. Нәтижесінде, ағымдағы жылдың қаңтар-наурыз айларында Ұлттық банктің алтын-валюта активтері 7,5 пайызға өсіп, 26,5 млрд долларды құраған.

Қайрат Нематұлы тағы бір өзекті халықты қуантатын мәселенің шетін шығарды. Биыл Қазақстанда табиғи монополиялар тарифтерiнiң өсуiне мораторий енгізілуі мүмкiндігін айтқан ол Ұлттық банк пен Үкіметтің негізгі міндеті – инфляция деңгейін 6-8 пайыз дәлізінде ұстап тұру екенін жеткізді. Ал, Елбасының шешімімен бюджет секторы жұмысшыларының әлеуметтік төлемдері 10 пайызға артқаны белгілі. Оған инфляцияның әсер етпеуі үшін шаралар қабылданып жатқан көрінеді. Мұндай шаралардың бiрi – табиғи монополиялар тарифiнiң өсуiне жол бермеу екен. Үкімет 1 мамырға дейiн бұл тарифтердi бiр деңгейде ұстап тұру туралы шешiмі шығарған. Тіпті, осы жылы тарифтердiң өсуiне мораторий салуды ойластырып қойыпты.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × 3 =